Тарау 18

Қап, әттеген-ай, Нілге құятын салалардың ар жағында орналасқан, қанаттылар сусылдап ұшатын Құш елі қасіретке қалады!
2 Сол ел қамыстан жасалған қайықпен Ніл өзенімен елшілерін жібереді. Уа, жүрдек хабаршылар! Өзендермен бөлінген өз елдеріңе қайтыңдар! Әр жерде қорқыныш туғызатын мықты да зорлықшыл өз халқыңа мына хабарды жеткізіңдер:
3 Ей, жер бетінде тұратын барлық адамдар, ден қойыңдар! Тау бастарында ту көтерілгенде соны көріп, керней тартылғанда соны еститін боласыңдар!
4 Себебі Жаратқан Ие маған мынаны айтты: «Мен Өзім тұратын көктен тыныштықпен төменге көз саламын. Осы тыныштық күн күйіп тұрған кездегі жым-жырт ыстыққа әрі өнім жинайтын кездегі аптапта жоғары қарай ақырын көтерілген буға ұқсайды».
5 Жүзімші өнімді жинамас бұрын, бүршік гүлдеп болып, жүзім піскен кезде, пышағымен артық өскіндерді кесіп түсіреді. Сол сияқты, Жаратқан Ие Құштың жасағын «шауып тастайды».
6 Оның өлген жасақшыларының денелері таудағы жыртқыш құстар мен даладағы аңдарға қалады. Олармен жазда құстар, қыста аңдар қоректенеді.
7 Сол кезде ұзын бойлы, сақал-мұртсыз, әр жерде қорқыныш туғызатын мықты да зорлықшыл халықтан Әлемнің Иесіне арналған сый-тарту келеді. Олар соны өзендермен бөлінген өз елдерінен Әлемнің Иесінің есімі құрметтелетін орынға, Сион тауына, әкеледі.