Руларды санау

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36


Тарау 9

Мысыр елінен шыққаннан кейінгі екінші жылдың бірінші айында Жаратқан Ие Мұсаға Синай атты елсіз далада тіл қатып былай деді:
2 «Исраилдіктер Құтқарылу мейрамын белгіленген уақытта өткізсін.
3 Оны осы бірінші айдың он төртінші күні кешке қарай белгіленген мезгілінде барлық ережелер мен шешімдерге сәйкес өткізсін».
4 Сонда Мұса Исраил халқына Құтқарылу мейрамын өткізуді тапсырды.
5 Олар Синай атты елсіз далада жүргенде бірінші айдың он төртінші күні кешке қарай Құтқарылу мейрамын өткізді. Исраилдіктер осының барлығын да Жаратқан Иенің Мұсаға бұйырғанындай істеді.
6 Алайда халық арасында өлікке жанасып арамданғандықтан сол белгіленген күні Құтқарылу мейрамына қатыса алмаған кейбір адамдар да болды. Олар сол күні-ақ Мұса мен Һаронның алдына келіп,
7 былай деді: — Біз өлікке жанасып, арамданып қалған едік. Неліктен біз басқа исраилдіктермен бірге белгіленген уақытында Жаратқан Иеге арналған құрбандықты ұсынудан шет қалуға тиіспіз?
8 Мұса бұған: — Жаратқан Ие сендер туралы қандай нұсқау берер екен, мен соны біліп алғанға дейін күте тұрыңдар! — деген жауабын берді.
9 Сонда Жаратқан Ие Мұсаға мынадай шешімін айтты:
10 — Исраилдіктерге былай де: Егер біреу өліктен арамданып қалса немесе алыс сапарда жүрсе, ондай адам бәрібір Жаратқан Иеге арналған Құтқарылу мейрамын өткізсін.
11 Сол адам екінші айдың он төртінші күні кешке қарай құрбандыққа бір тоқты шалып, оны ашытқысыз пісірілген нанмен және ащы шөптермен қосып жесін.
12 Ол таңға дейін құрбандықтан еш нәрсе қалдырмасын әрі ешбір сүйегін сындырмасын. Адам мұны Құтқарылу мейрамын өткізу жайлы барша ережеге сай істесін.
13 Ал егер біреу таза, арамданбаған болса да, алыс сапарға шықпаса да, Құтқарылу мейрамына немқұрайды қарап, оны өткізбесе, ондай жан Жаратқан Иеге белгіленген мезгілінде құрбандығын ұсынбағандықтан Оның алдында кінәлі болады. Мұндай адамды халықтың арасынан аластату керек.
14 Егер араларыңда тұрып жатқан бір жат жұрттық Құтқарылу мейрамын өткізгісі келсе, оны арнайы ережелер мен шешімдер бойынша өткізуі керек. Бұндай ережелер не елде туылған исраилдік болсын, не сендермен бірге тұруға келген жат жұрттық болсын барлығыңа бірдей тиісті.
15 Сонымен Жаратқан Иенің жердегі тұрағы — Келісімнің айғақтары сақталған киелі шатыр тұрғызылды. Сол күні бұлт киелі шатырдың үстін жауып тұрды. Кеш батқан кезде таңға дейін шатырдың үстінен от тәрізді көрінетін бұлт жарқырап тұрды.
16 Осылай әрқашан күндіз (бағана тәрізді) бұлт киелі шатырдың үстін жауып тұратын болды. Түнде бұлт жалындаған отқа ұқсайтын.
17 Бұлт шатыр үстінен жоғары көтерілген кезде ғана исраилдіктер жолға жиналып, оның соңынан жылжып көшіп отырды. Ал бұлт бір жерге тоқтаса, сол жерге олар да тұрақтап қостарын тігетін.
18 Исраилдіктер осылайша сапарға шыққанда да, бір орында тұрақтап қостарын тіккенде де Жаратқан Иенің еркі бойынша істеп отырды. Бұлт киелі шатыр үстінде тұрған кезде исраилдіктер де қостарында қала берді.
19 Бұлт шатыр үстінде ұзақ уақыт тұрақтағанда да, исраилдіктер Жаратқан Иенің еркіне бағынып жолға шықпайтын.
20 Кейде бұлт кездесу шатырының үстінде санаулы күн ғана тұратын. Сонда халық Жаратқан Иенің еркімен тұрақтап, тек Оның еркімен ғана сапарға шығатын.
21 Кейде бұлт кешке тоқтап, келесі күні таңертең қайтадан алға жылжитын. Күндіз болсын, түнде болсын, бұлт жоғары көтерілген кезде исраилдіктер жолға шығып отырды.
22 Екі күн не бір ай болсын, немесе өте ұзақ уақыт болсын, бұлт шатыр үстінде тұрғанда, исраилдіктер де жылжымай тұрақтап тұрды. Ал бұлт жоғары көтеріліп, жылжи бастағанда, олар да көштерін жалғастыратын.
23 Олар Жаратқан Иенің бұйрығымен тоқтап, әрі Оның бұйрығымен жолға шығып жүрді. Осылайша исраилдіктер Жаратқан Иеге мойынсұнып, Оның Мұса арқылы берген бұйрықтарын орындайтын.