Заңды қайталау

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34


Тарау 6

Құдайымыз Жаратқан Иенің маған сендерге үйретуге бұйырған өсиеттері, ережелері және шешімдері, міне, осылар. Сендер өзеннен өтіп кіріп, иемденгелі тұрған елде оларды орындауларың қажет.
2 Өздерің де, балаларың мен немерелерің де Құдайларың Жаратқан Иені терең қастерлеп, қазір мен өздеріңе тапсырып отырған Оның барлық ережелері мен өсиеттерін өмір бойы сақтап орындауға тиіссіңдер. Сонда өмір жастарың ұзақ болады.
3 Сонымен, уа, Исраил халқы, сөздеріме құлақ салып, оларды мұқият орындайтын бол! Сонда ағы мен балы ағыл-тегіл елде игілікті өмір сүріп, молынан өсіп-өнетін боласың. Ата-бабаларың сиынған Құдай Ие мұны саған уәде етті.
4 Тыңда, Исраил: Құдайымыз Жаратқан Ие — жалғыз Құдай!
5 Құдай Иеңді шын жүректен, бүкіл жан дүниеңмен, бар күш-қуатыңмен сүй!
6 Бүгін Мен өздеріңе тапсырып отырған осы сөздер жүректеріңнен тұрақты орын алсын!
7 Балаларыңа да бұл сөздерді мұқият үйретіңдер: үйде отырған не жол жүрген, төсекте жатқан не тұрып жатқан кездеріңде де солар туралы айтатын болыңдар!
8 Бұл сөздер қолдарыңа байланған белгі, көз алдарыңдағы ескертпе жазба іспетті болсын.
9 Оларды үйлеріңнің есік жақтауларына әрі қақпаларыңа да жазып қойыңдар.
10 Сонда Құдай Ие сендерді Өзі түп аталарың Ыбырайым, Ысқақ, Жақыпқа беруге антпен уәде еткен еліне алып барады. Сол елде Ол сендерге өздерің салмаған үлкен де жақсы қалаларды,
11 өздерің жинамаған әр алуан жақсы заттарға толы үйлерді, өздерің қазбаған құдықтарды, өздерің отырғызбаған жүзімдіктер мен зәйтүн ағаштарын табыстайды. Ал сендер ішіп-жеп, тойған кезде
12 өздеріңді құлдықта жүрген Мысыр елінен босатып алып шыққан Жаратқан Иені естеріңнен шығарудан сақ болыңдар!
13 (Уа, Исраил,) Құдай Иеңді терең қастерлеп, жалғыз Оған ғана қызмет ет! Оның атымен ғана ант беретін бол!
14 Айналаларыңдағы тұрып жатқан ұлттар табынатын жалған тәңірлердің жолдарымен жүрмеңдер!
15 Себебі араларыңда тұратын Құдайларың Жаратқан Ие сендердің басқа тәңірлерге табынуларыңа еш төзбейді. Әйтпесе Оның лаулаған қаһары өздеріңе қарсы лап етіп, сендерді жер бетінен құртып жібереді.
16 (Уа, Исраил,) Масада істегеніңдей, Құдай Иеңді еркінсіп сынама!
17 Құдай Иенің өздеріңе бұйырған өсиеттерін, нұсқауларын және ережелерін берік сақтаңдар!
18 Жаратқан Иеге ұнамды әділ істерді істеңдер! Сонда сендер игілікті өмір сүріп, Жаратқан Ие ата-бабаларыңа антпен уәде еткен елге кіріп, оны иемденесіңдер,
19 әрі Жаратқан Иенің айтқанындай барлық жауларыңды қуып шығасыңдар.
20 Болашақта балаларың өздеріңнен: «Құдай Иеміздің сіздерге өсиеттеген ережелері, жарлықтары және шешімдерінің мағынасы қандай?» деп сұраса,
21 онда оларға былай деп жауап беріңдер: «Біз Мысырда перғауынның құлдары болып жүрген едік. Бірақ Жаратқан Ие бізді сол елден Өзінің құдіретті қолымен құтқарып алып шықты.
22 Сонда Жаратқан Ие көз алдымызда Мысырға, перғауын мен оның бүкіл үй-ішіне қарсы ғажап кереметтер істеп, ғаламат зор апаттар жіберді.
23 Осылайша Ол бізді ата-бабаларымызға антпен уәде еткен елге жеткізу үшін Мысырдан алып шықты.
24 Жаратқан Ие әрқашан игілікті де аман-есен өмір сүруіміз үшін бізге осы жарлықтардың бәрін орындап, Өзін, біздің Құдайымыз Жаратқан Иені, терең қастерлеуді өсиеттеді. Соның арқасында қазір аман-есен өмір сүріп жатырмыз да.
25 Құдай Иеміз бізге тапсырғандай осы өсиеттердің бәрін Оның алдында орындауға қырағы болсақ, онда біз әділ болып табыламыз».