Билер

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21


Тарау 1

Ешуа қайтыс болғаннан кейін исраилдіктер Жаратқан Иеден: — Қанахандықтарға қарсы қайсымыздың бірінші болып өрлеп барып, шабуыл жасағанымызды қалайсың? — деп сұрады.
2 Жаратқан Ие: — Яһуда руы өрлеп барсын! Мен елді оның қолына тапсырып отырмын, — деп жауап берді.
3 Яһуда ағайынды Шимон руына: — Үлесімізге тиген жерге бірге өрлеп барып, қанахандықтармен бірігіп соғысайық. Сонда біз де сендермен бірге үлестеріңе тиген жерге барамыз, — деп ұсынды. Шимондықтар мұнымен келісіп, яһудилермен бірге аттанды.
4 Яһудилер өрлеп барғанда, Жаратқан Ие қанахандықтар мен перездіктерді олардың қолына тапсырды. Олар Безек қаласының маңында жаудың он мың адамына шабуыл жасап, күйрете соққы берді.
5 Безекте олар Адони-Безек есімді патшаға тап болып, онымен шайқасты. Сонда қанахандықтар мен перездіктер ойсырай жеңілді.
6 Адони-Безек қашып кетті, бірақ яһудилер оны қуып жетіп, қолға түсіріп, оның қол-аяғындағы бас бармақтары мен үлкен бақайларын кесіп тастады.
7 Адони-Безек: «Аяқ-қолдарының бас бармақтары мен үлкен бақайларын өзім кестірген жетпіс патша дастарқанымның астынан тамағымның қиқымын теріп жеп күндерін көретін еді. Енді Құдай істегендерімнің есесін өзіме қайтарып отыр», — деп мойындады. Кейін яһудилер Адони-Безекті Иерусалимге алып барып, ол сол қалада қайтыс болды.
8 Себебі яһуданың жасақшылары Иерусалим қаласына да шабуыл жасап, оны басып алды. Оның тұрғындарын семсердің жүзімен қырып-жойып, қаланың өзін өртеп жіберді.
9 Бұдан кейін яһудилер қыратты аймақты, оңтүстіктегі Негеб атты иен даланы және батыстағы төменгі қыраттарды мекендейтін қанахандықтармен соғысуға аттанды.
10 Олар Хебронда тұратын қанахандықтармен де шайқасып, Шешай, Ахиман және Талмайды жеңді. Хебронның бұрынғы аты Кирият-Арба болатын.
11 Сол жақтан олар Дебир қаласының тұрғындарына қарсы аттанды. Дебир бұрынырақ Кирият-Сефер деп аталатын.
12 Халеп: «Кирият-Сеферге шабуыл жасап, оны басып алған адамға мен өз қызым Ахсаны қосамын», — деп уәде етті.
13 Халептің інісі Кеназдың ұлы Отниел қаланы басып алды. Содан Халеп Отниелге қызы Ахсаны қосты.
14 Оған ұзатылар кезінде Ахса (Отниелді қайын) атасынан егістік жер сұрап алуға көндірді. Мұнан кейін Ахса келіп, есегінен түсіп жатқанда, Халеп одан: — Ал сенің қандай бұйымтайың бар? — деп сұрады.
15 Ахса: — Маған бір айрықша жақсылық жасай көріңізші, әкетайым. Оңтүстіктегі сусыз даланы сыйлап отырсыз. Енді оған қоса су көздерін де берсеңіз екен, — деп жауап берді. Сонда Халеп Ахсаға Жоғарғы және Төменгі деп аталатын су көздерін атады.
16 Яһуда руы және Мұсаның кендік қайын атасының ұрпақтары «Құрма ағаштарының қаласы» Иерихоннан шығып, Арад қаласының оңтүстігінде жатқан Яһуданың елсіз даласына көшті де, сондағы халықтың арасына қоныстанды.
17 Яһудилер ағайындары шимондықтармен бірге аттанып, Сефаттағы қанахандықтарға шабуыл жасап, қаланы толығымен жойылуға бағыштады. Мұнан кейін қаланың аты Хорма (демек, Бағышталған) деп аталып кетті.
18 Яһудилер Газа, Ашқалон, Әкрон қалаларын да төңірегіндегі жерлерімен қоса басып алды.
19 Жаратқан Ие Яһуда руына жар болып, олар елдің таулы аймағын да иемденді. Бірақ олар темір соғыс күймелері бар алқаптардың тұрғындарын қуып шыға алмады.
20 Мұса айтып кеткендей, Хеброн қаласы Халепке берілді. Ол сол қаладан Анақтың үш алып ұрпағын қуып шықты.
21 Бунямин руы Иерусалим қаласын мекендеген ебустіктерді қуып шығармады. Ебустіктер осы күнге дейін Иерусалим қаласында буняминдіктермен бірге тұрып келеді.
22 Жүсіптің (Ефрем, Манаса есімді екі ұлынан тараған) ұрпақтары Бетелге қарсы аттанып өрлеп барғанда, Жаратқан Ие оларға жар болды.
23 Бұрын Бетел Лұз деп аталатын. Олар Бетел қаласын барлауға адамдарын жіберді.
24 Барлаушылар қаладан шығып келе жатқан бір адамды кездестіріп, оған: «Бізге қалаға кіретін жолды көрсете көрші, кейін біз саған мейірім көрсетеміз», — деді.
25 Әлгі кісі оларға жолды көрсетті. Жүсіптің ұрпақтары қалаға кіріп, оның бүкіл халқын семсердің жүзімен қырып тастады. Ал жол көрсеткен адамды және оның бүкіл отбасын аман-есен жібере салды.
26 Сол адам хеттіктердің еліне барып, сол жерде қала салып, оны Лұз деп атады. Қала күні бүгінге дейін осылай аталып келеді.
27 Бірақ Манаса руы Бет-Шан, Тағанах, Дор, Ибелам, Мегидо қалалары мен оларға қарасты елді мекендердің тұрғындарын қуып шығармай, қанахандықтар сол аймақта тұра беруге бел байлады.
28 Исраил халқы кейін күшейген кездерінде қанахандықтарды басыбайлы қызметші етіп жұмыс істетіп қойды, бірақ оларды толықтай қуып шыққан жоқ.
29 Сол сияқты Ефрем руы да Гәзерде тұрып жатқан қанахандықтарды қуып шығармай, қанахандықтар Гәзерде олардың арасында тұра берді.
30 Забулон руы да Қитрон мен Нахалолдың тұрғындарын қуып шығармады. Қанахандықтар олардың арасында тұра берді, бірақ басыбайлы қызметші болып оларға жұмыс істеді.
31 Ашир руы Акко, Сидон, Ахлап, Ахзиб, Хелба, Әфек және Рехоб атты қалалардың тұрғындарын қуып шығарған жоқ.
32 Қайта, аширліктер осы аймақты мекендеген қанахандықтардың арасында тұрды.
33 Нафталим руы Бет-Шәміш пен Бет-Анаттың тұрғындарын қуып шығармай, өздері сол жерді мекендеген қанахандықтардың арасында тұрды. Бірақ Бет-Шәміш пен Бет-Анаттың тұрғындары Нафталим руына басыбайлы қызметші болып жұмыс істеді.
34 Аморлықтар Дан руын таулы аймаққа тықсырып тастап, алқаптарға түсулеріне жол бермеді.
35 Аморлықтардың өздері Херес тауы, Аялон, Шағалбим атты қалаларда тұра беруге бел байлады. Бірақ Жүсіптің ұрпақтары кейін күшейген кездерінде оларды басыбайлы қызметші етіп жұмыс істетіп қойды.
36 Аморлықтардың шекарасы Шаяндар асуынан басталып, Селаға дейін және одан әрі қарай кете берді.