Патшалықтар 2-ж

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24


Тарау 7

Сонымен Дәуіт патша сарайына орнығып алды. Жаратқан Ие оған айналасындағы барлық жауларынан тыныштық сыйлады.
2 Сол тұста патша Натан пайғамбарға: — Міне, мен самырсыннан салынған сарайда тұрып жатырмын, ал Құдайдың сандығы жай шатырда ғана тұр! — деді.
3 Натан: — Ойыңыздағыны түгелдей жүзеге асырыңыз, себебі Жаратқан Ие сізге жар болады, — деп жауап берді.
4 Бірақ сол түні Жаратқан Ие Натанға сөзін арнап былай деді:
5 «Қызметшім Дәуітке барып, оған хабарымды жеткіз: Жаратқан Ие мынаны айтады: Жер бетіндегі тұрағым болу үшін сен Маған арнап үй салмақсың ба?
6 Мен Исраил халқын Мысырдан бастап алып шыққан кезден бері осы күнге дейін мықты салынған үйде тұрмай-ақ келе жатырмын ғой. Бүкіл Исраил халқымен бірге бір мекеннен екіншісіне көшіп-қонып жүргенімде араларында бір шатырда, яғни кездесу шатырында, тұрып келемін. Сонда Мен халқым Исраилді басқаруға тағайындаған рубасыларына ешқашан: «Неге Маған арнап самырсыннан киелі үй салғызбадыңдар?!» деп шағымданған емеспін.
8 Ал енді, қызметшім Дәуітке былай де: Әлемнің Иесі мынаны айтады: Сені қой бағып жүрген жайылымнан таңдап алып, халқым Исраилдің басшысы болуға тағайындаған Менмін!
9 Қайда барсаң да, саған жар болып, өзіңе қарсы шыққан күллі жауларыңды құртып жүрдім. Сенің атыңды шығарып, жер бетіндегі ең ұлы адамдар іспетті даңқты қыламын.
10 Мен өз халқым Исраил үшін тұрақты орын дайындап, оларды сол жерге қоныстандырамын. Осы мекендерінде халқым тыныш өмір сүріп, бұдан былай ешкім оларды қорқытып, мазаламайтын болады. Зұлымдар оларға бұрынғыдай зорлық-зомбылық жасамайды.
11 Мен халқымды басқаратын билер тағайындаған заманнан бері де жауыздар солай істеулерін жалғастырып келеді. Ал енді Мен саған барлық жауларыңнан тыныштық сыйлаймын. Жаратқан Ие саған тағы мынаны да айтады: Оның Өзі сенің шаңырағыңды бекітіп, әулетіңе де патшалық билік құрғызбақ!
12 Күндерің тамамданып, ата-бабаларыңның қасына жөнелгеніңде Мен артыңнан бір ұрпағыңды: өз ұлдарыңның біреуін тағайындап, оның патшалық билігін нығайтамын.
13 Менің есіміме арнап киелі үйді салатын сол болмақ. Оның патшалық тағын мәңгілікке орнатамын.
14 Мен оған Әке боламын, ал ол Менің рухани ұлым болады. Егер ол жамандық істесе, оны басқа адамдар арқылы, олардың таяқтары арқылы жазалаймын.
15 Мен өзіңнен бұрынғы Саулдан оған деген рақымымды алып қойдым, бірақ сенің ұлыңнан рақымымды ешқашан алмаймын.
16 Сенің үйің мен патшалығың Менің көз алдымда мәңгілікке нығаяды, ұрпақтарыңның патшалық тағы дәйім тұрақты болмақ».
17 Жаратқан Ие аян беріп айтқан осы сөздерінің бәрін Натан пайғамбар Дәуітке айтып берді.
18 Сонда Дәуіт (киелі шатырға) кіріп, Жаратқан Иенің алдында отырып былай деді: «Уа, Жаратушы Тәңір Ие, мені осылай дәріптейтініңдей менің өзім, шыққан әулетім соншама кімбіз?
19 Бірақ бұл Сен үшін әлі де аз болып көрінді, о, Жаратушы Тәңір Ием. Сен алдыңдағы пендеңнің келер ұрпақтарының болашағы туралы да айтып бердің. Әлде Сен әдетте адам баласына осылай әрекет етесің бе? Уа, Жаратушы Тәңір Ием,
20 Дәуіт Саған тағы не айта алады? Өзіңнің қызметшіңді жақсы білесің ғой. О, Жаратушы Тәңір Ием,
21 өз уәдең мен еркіңе сай, Сен осы ұлы істердің бәрін орындап, оны алдыңдағы пендеңе білдірдің.
22 Сен қандай ұлысың, уа, Жаратушы Тәңір Ием! Өз құлақтарымызбен естіген барлық хабарымыз бойынша Саған тең келетін ешкім де жоқ, Сенен басқа құдай да жоқ.
23 Сенің халқың Исраил сияқты жер бетінде қандай басқа халық бар еді? Себебі Сен, уа, Құдай, оны меншікті халқың болу үшін таңдап, Мысырдан азат етіп, көшіріп алдың. Олардың алдарында жүріп, ұлы кереметтер, үрей туғызатын ғажап істер жасай отырып, (Саған мойынсұнбайтын) бөтен ұлттар мен олардың тәңірлерін уәделі елден қуып шықтың. Бұл істеріңмен Сен өз есіміңнің даңқын асырдың.
24 Осылай Исраилді әрдайым меншікті халқың болуға Өзің үшін бекітіп қойдың, уа, Жаратқан Ие, әрі олардың ғибадат ететін Құдайы болдың.
25 Ал енді, о, Құдай Ием, Өзіңнің осы қызметшің және оның әулеті туралы берген сөзіңді барлық уақытқа бекітіп, уәдеңді орындайтын бола гөр.
26 Содан адамдар: «Әлемнің Иесі — шынымен Исраилдің үстінен қарайтын Құдай!» деп, әрдайым Сенің атыңның даңқы шығады және қызметшің Дәуіттің әулеті Сенің алдыңда нық тұрады.
27 Уа, Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, Сен «шаңырағыңды бекітемін» деп маған ашық білдірдің. Сол себепті қызметшіңнің осылайша мінажат етуге батылы барды.
28 Уа, Жаратушы Тәңір Ием, Сен Құдайсың, Сенің сөздерің ақиқат. Осы қызметшіңе сол игіліктерді уәде еттің.
29 Сонымен енді пендеңнің әулетін әрқашан өз алдыңда жалғаса берсін деп жарылқай гөр. Уа, Жаратушы Тәңір Ием, осыны Өзің айтқандықтан, Сенің ақ батаңмен пендеңнің әулеті ұдайы жарылқанатын болады».