Еремия

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52


Тарау 47

Мұнда Жаратқан Иенің філістірлер туралы Еремия пайғамбарға арнаған сөзі берілген. Сол кезде перғауын Газа қаласын әлі жаулап алмаған болатын. 2 — Жаратқан Ие мынаны айтады: Қараңдар, солтүстіктен жау топан судай ағылып келе жатыр. Олар асып-тасыған дариядай бүкіл елге жайылып, ондағы қалаларды тұрғындарымен қоса басып тастайды. Адамдар айқайлап, елде тұратындардың бәрі қиналып жыламақ. 3 Себебі жаудың атты әскері мен соғыс күймелерінің қатты дүрсілі естілмек. Әкелер әбден үрейленіп, қолдары сал болып, тіпті балаларын құтқару үшін бұрылып та қарамайды. 4 Тир мен Сидон елдерін ешкімнің қолдай алмауы үшін філістірлердің көздерін жоятын уақыт келді. Жаратқан Ие ежелде Крит аралының жағалауынан келіп, қоныстанған осы халықтың тірі қалғандарын құртуға шешім қабылдады. 5 Газа қаласы қирап, Ашқалон да үйіндіге айналады. Уа, жағалаудағы жазық даланың тірі қалған тұрғындары, қашанға дейін қайғырып терілеріңді тілгілеп жарақаттамақсыңдар? 6 «Әй, Жаратқан Иенің семсері, қашанға дейін тыным таппайсың? Қынабыңа қайта оралып, дамылдап, тынышталсаң екен!» 7 Бірақ егер Жаратқан Ие оған Ашқалонды және теңіздің жағалауын шабуылдауды бұйырған болса, ол қалайша тыным табады?