Аббақұқ

1 2 3


Тарау 2

Мен күзетке тұрып, мұнараға шығамын, Жаратқан Иенің маған не айтатынын, шағымыма қандай жауап беретінін күтемін.
2 Сонда Жаратқан Ие маған былай деп жауап берді: — Сен аянда көрген хабарымды тақташаларға анық қылып жазып қой! Содан шабарман оны әр жерде оқып жарияласын!
3 Өйткені бұл хабар белгілі бір уақытта іске асып, орындалатын кезіне меңзейді. Ол өтірік болып шықпайды. Орындалуы кейінірек болса да, оны күт! Ол шүбәсіз келіп, еш кешікпейді.
4 Паңданып кеткен жауға қарашы, оның ой-ниеті адал емес. Ал әділ адам сенімі арқылы шынайы өмір сүреді.
5 Сол өркөкірек патшалық көпірген шараптай тыным таппайды, аранын көрдей ашқан, ажал сияқты тойымсыз. Өзіне барлық халықтарды жинап, күллі ұлттарды қолына түсіреді.
6 Алайда бір күні бәрі Бабылды мысалға айналдырып, сықақ әндерімен мазақтап былай дейтін болады: «Ұрлағандарын жинап, зорлықпен Басқалардан тартып алғандарымен Шексіз байыған ол қасіретке қалады! Ұзаққа созылар ма сол қылықтары?!»
7 (Біліп қой, Бабыл:) сенен борышыңды қайтаруды талап ететіндер аяқ астынан саған қарсы көтеріледі. Олар ұйқыдан оянып, сені талан-таражға салып тонап, өзің олардан дірілдеп қорқатын боласың.
8 Сен көп халықты тонағандықтан, қалған халықтар енді сенің өзіңді тонайды. Себебі сен адам қанын төгіп, елдер мен қалаларды тұрғындарымен бірге қираттың.
9 Арам жолмен үйіңді байлыққа кенелткен, қонысыңды биікке салып, пәледен аулақ боламын деп сенген сен қасіретке қаласың!
10 Сен көп халықтарды қыруды ойластырып, үй ішіңді масқараға қалдырып, жаныңды тозаққа қидың!
11 Үйлердің қабырға тастары саған қарсы айғақ болып айқай салады, арқалық бөренелері оларға қосылып, соны жаңғыртады.
12 Қан төгіп қала орнатқандар, қылмыспен қорған салғандар қасіретке қалады!
13 Сол халықтардың еңбегі отқа отын болып, ұлттардың қинала істегендері зая кететінін Әлемнің Иесі бекіткен жоқ па?
14 Себебі теңіздің суға толы болатынындай, жер де Жаратқан Иенің ұлылығын білетіндерге солай толы болады.
15 «Шарапты» толтыра құйып, басқаларды «мас қылған» да қасіретке қалады! Олардың «ашылған ұятына қарап отыру» үшін солай істейді. (Бабыл, сен басқа елдерді тонап, масқаралағанда осылай істедің.)
16 Сен даңққа емес, масқараға бөленетін боласың! Ендігі кезек саған келіп, өзің де ішіп, ұятың ашылсын! Жаратқан Иенің құдіретті қолынан шыққан, Оның қаһарына толы тостағанынан іш! Сонда зор даңқың масқараға айналады.
17 Сенің Ливан ормандарына жасаған зорлығың өз басыңа келіп, аңдарды құртқаның өзіңді үрейлендіреді. Сен адам қанын да төгіп, елдер мен қалаларды тұрғындарымен бірге құрттың.
18 Сонда тәңір мүсінінің келтірер пайдасы не? Оны ойып жасаған жай пенде емес пе? Немесе құйылып жасалған, өтірікті үйрететін мүсіннің пайдасы қандай? Оны жасайтын адам баласы өзінің қолынан шыққан тәңірсымаққа сенеді, бірақ сол мүсін сөйлей алмайды, ол үнсіз мылқау.
19 Ағаш мүсінге: «Тіріл!», мылқау тасқа: «Оян!» дейтін қасіретке қалады! Өлі мүсіндер сендерге дұрыс жолды үйрете ала ма? Алтын, күміспен қапталған болса да, оларда тіршілік жоқ.
20 Ал Жаратқан Ие Өзінің (көктегі) киелі үйінде. Бүкіл жер беті Оның алдында үндемей, Оны терең қастерлейтін болсын!