Хаққай

1 2


Тарау 1

Дарийдің (парсы патшалығына) билік жүргізген екінші жылының алтыншы айының бірінші күні Жаратқан Ие Яһуда аймағының әкімі Салатиел ұлы Зоробабелге және бас діни қызметкер Ехосадық ұлы Ешуаға Өзінің Хаққай есімді пайғамбары арқылы сөзін арнап былай деді:
2 «Әлемнің Иесі мынаны айтады: Бұл халық: «Жаратқан Иенің киелі үйін қайтадан салатын уақыт әлі келген жоқ!» деп жүр».
3 Сондықтан Жаратқан Ие Хаққай пайғамбар арқылы тағы мына хабарын да жіберді:
4 «Осы киелі үй әлі де қирап жатқанда сендерге іштері ағаш тақтайлармен қапталған сәулетті үйлерде тұратын уақыт па?!»
5 Әлемнің Иесі енді мынаны айтады: «Істеген іс-әрекеттеріңе ден қойып, ойланып алыңдар!
6 Сендер көп еккенмен аз жинайсыңдар, тамақ жегенмен қарындарың тоймайды, сусын ішкенмен шөлдерің қанбайды, киім кигенмен жылынбайсыңдар, жалақы алғанмен оларың тесік қалтаға кетіп жатқандай болады».
7 Сол себепті Әлемнің Иесі тағы мынаны айтады: «Істейтін іс-әрекеттеріңе ден қойып, ойланып алыңдар!
8 Тауға шығып, бөренелер тасып әкеліп, киелі үйді қайтадан салыңдар! Осылайша Мен риза болып, атақ-даңқым жайылады, — деп бұйырады Жаратқан Ие. —
9 Сендер мол өнім күткенмен, онысы аз болды. Ал үйлеріңе алып келгендеріңді Мен ұшырып жібердім. Неліктен? — деп сұрайды Әлемнің Иесі. — Менің киелі үйім қирап жатқанда сендер әрқайсың өз үйлеріңді сәндеп салуға асыққандарың себепті!
10 Сондықтан да аспанның шығы әрі жердің өнімі сендерге берілмей келеді.
11 Мен жерлеріңдегі дала мен қыратқа қуаңшылық жібердім. Соның кесірі астық, жүзім шырыны мен зәйтүн майына, жалпы, жер беретін өнімнің барлығына әрі адамдар мен малға да тиді. Содан сендердің істеген барша еңбектерің құр бекер болуда».
12 Сонда Яһуданың әкімі Салатиел ұлы Зоробабел, бас діни қызметкер Ехосадық ұлы Ешуа және халықтың тірі қалғандарының барлығы олардың Құдайы Жаратқан Иенің Хаққай пайғамбар арқылы айтқандарына құлақ асты. Өйткені оны жіберген — олардың Құдайы Жаратқан Иенің Өзі болатын. Содан халық Жаратқан Иені терең қастерлей бастады.
13 Мұнан кейін Жаратқан Иенің хабаршысы Хаққай халыққа Оның мына уәдесін жеткізді: «Мен сендермен бірге жүріп жар боламын! — дейді Жаратқан Ие». —
14 Осылай Жаратқан Ие Яһуданың әкімі Зоробабелдің, бас діни қызметкер Ешуаның және қалған барлық халықтың рухын оятып, оларға қайрат-жігер дарытты. Сонда олар өздерінің Құдайы — Әлемнің Иесінің киелі үйіне барып, оны қайта салу жұмысына кірісті.
15 Бұл, Дарийдің патшалық құрған екінші жылының алтыншы айының жиырма төртінші күні болатын.