Матай

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28


Тарау 14

Сол уақытта аймақ әкімі Ирод (Антипас) Иса туралы хабарды естіп,
2 нөкерлеріне: «Бұл, шомылдыру рәсімін жасаған Жақия екен. Өлімнен қайта тіріліпті, сол себептен де сондай құдіретті істер жасайды», — деді.
3 Бұрынырақ аймақ әкімі Ирод Жақия пайғамбарды тұтқындатып, бұғаулатып, түрмеге жаптырған еді. Ирод мұны туған бауыры Філіптің әйелі Иродияға бола істеді.
4 Себебі Жақия Иродқа: «Бауырыңыздан жұбайын тартып алғаныңыз Таурат заңына қайшы!» — деп ескерткен болатын.
5 Содан Ирод Жақияны өлтіргісі келді, бірақ оны пайғамбар деп санайтын халықтан қорықты.
6 Бірақ Ирод өзінің туған күнін тойлап отырғанда, Иродияның қызы қонақтардың алдында би билеп, Иродқа қатты ұнап қалды.
7 Сондықтан Ирод бойжеткенге не сұраса да сыйлауға уәде берді.
8 Қыз шешесінің айтып үйретуі бойынша Иродтан: «Шомылдыру рәсімін жасаған Жақияның басын табаққа салып, маған осында тарту етіңіз», — деп өтінді.
9 Патша еңсесі түсіп қапаланды. Алайда бірге отырған қонақтарының алдында ант бергендіктен, қыздың өтінішін орындауға бұйырды.
10 Бір жасақшысын түрмеге жіберіп, Жақияның басын шаптырды.
11 Бас табаққа салынып, қызға әкелінді. Қыз оны шешесіне апарып берді.
12 Кейін Жақияның шәкірттері келіп, оның мәйітін алып кетіп, қабірге қойды. Содан Исаға барып, болған жайтты жеткізді.
13 Мұны естігеннен кейін Иса оңаша болу үшін қайықпен елсіз бір жерге жөнелді. Ал бұл туралы біліп қалған халық сол маңайдағы қалалардан шығып, жаяу Оның соңынан ілесті.
14 Иса қайықтан түскенде, қарақұрым халықты көрді. Оларға жаны ашып, араларындағы ауру адамдарды сауықтырды.
15 Кеш түсе шәкірттері Ұстазының қасына келіп: — Бұл — құлазыған дала, ал күн кеш болып кетті. Халықты таратып жіберіңіз. Олар жақын маңдағы ауылдарға барып, тамақ сатып алсын, — деген ұсыныс жасады.
16 Бірақ Иса: — Кетулері қажет емес, оларға тамақты сендер беріңдер! — деп жауап қатты. Шәкірттер:
17 — Бізде тек бес күлше нан мен екі кепкен балық қана бар, — деді. Иса:
18 — Соларды Маған алып келіңдер! — деп,
19 халыққа көгалдың үстіне жайғасып отыруды бұйырды. Мұнан кейін Иса бес күлше мен екі балықты қолына алып, көкке қарап тұрып шүкірлік етті. Нанды үзіп-үзіп, шәкірттеріне бере берді, ал олар халыққа үлестірді.
20 Барлығы да жеп тойды. Соңында олар нан үзімдері мен балықтан артылып қалғандарын жинап алғанда, он екі себет толды.
21 Ал балалар мен әйелдерді есептемегеннің өзінде тамақтанған ер адамдардың жалпы саны бес мыңдай еді.
22 Бұдан кейін Иса дереу шәкірттеріне қайыққа мініп, Өзінен бұрын көлдің солтүстік жағасына өтуге бұйырды. Ал Өзі халықты таратып жібермек болып, сол жерде қалды.
23 Ол жұртты қайтарған соң (көктегі Әкесіне) оңашада сиынып мінажат ету үшін бір төбенің басына шықты. Кеш түскенде Иса әлі де сол жерде жалғыз тұрды.
24 Ал қайық жағадан бірталай алыстап кеткен болатын. Сол кезде жел қарсы тұрып, толқындар қайықты соққылай бастады.
25 Таңғы сағат үш шамасында Иса шәкірттеріне көл бетімен жақындап келді.
26 Оның көл үстінде жаяу жүргенін байқап қалып, шәкірттерінің зәрелері ұшып: «Мынау елес!» — деп қатты қорқып, айқайлап жіберді.
27 Иса оларға дереу тіл қатып: — Қорықпаңдар, бұл Менмін ғой! Үрейлерің ұшпасын! — деп көңілдерін орнықтырды.
28 Петір: — Мырза, егер бұл Өзіңіз болсаңыз, онда маған су бетімен қасыңызға баруға бұйырыңызшы, — деп жауап берді. Иса:
29 — Кел! — дегенде, Петір қайықтан шығып, су үстімен Исаға қарай беттеді.
30 Бірақ қатты соққан желді байқап, қорқып кеткен ол суға бата бастады да: — Мырза, мені құтқара көріңіз! — деп айқайлап жіберді.
31 Иса дереу қолын созып, демеп жіберіп: — Әй, сенімі азым-ай! Неліктен (Менің құдіретіме) күдіктендің? — деді.
32 Екеуі қайыққа мінгенде жел де басылды.
33 Сонда қайықтағылар: — Сіз шынымен де Құдайдың рухани Ұлысыз! — деп, Оған иіліп тағзым етті.
34 Сонымен олар көлден өтіп, Генесәрет қаласының маңындағы жағаға жетті.
35 Сол жердің тұрғындары Исаны танып қалып, бүкіл төңірекке кісі жіберіп, барлық ауру-сырқауларын Оның қасына алып келді.
36 Олар Исадан ең болмағанда Оның шапанының шетіне қол тигізуге рұқсат етуін сұрады. Қол тигізгендердің бәрі де сауығып кетіп жатты!