2 Салониқалықтарга

Тарау: 1 2 3


Тарау 3

1 Ал енді, бауырластар, біз үшін мінажат етіңдер: Иеміздің Ізгі хабары тура сендердегідей көп тарап, құрметке бөлене берсін.
2 Иеміз бізді қара ниетті, зұлым адамдардың шабуылынан құтқара көрсін. Өйткені жұрттың бәрі бірдей сенуші емес.
3 Ал Жаратқан Ие сенімді, Ол сендерге күш-жігер беріп, әзәзілдің әрекетінен сақтайды.
4 Сендер Иемізбен тығыз байланыста тұрғандықтан, біз өздеріңе бұйырғанымызды қазір де, келешекте де орындайды деп сенім артамыз.
5 Иеміз жан дүниелеріңді Құдайдың сүйіспеншілігіне бұрып, сендер Мәсіхтің қайта оралуын сабырмен күтсін деп мінажат етеміз.
6 Қымбатты бауырластар, Иеміз Иса Мәсіхтің атынан сендерге тағы мынаны ескертеміз: жүгенсіз жүріп, біздің өздеріңе тапсырған ілімімізге ермейтіндерден бойларыңды аулақ ұстаңдар!
7 Бұл жерде бізден үлгі алу қажеттігін өздерің де білесіңдер. Себебі біз сендерде болғанда жұмыссыз, бос жүріп,
8 басқаның нанын тегін жеген жоқпыз. Ешқайсыңа ауыртпалық түсірмеу үшін күні-түні еңбек етіп, жан сала бейнеттеніп жұмыс істедік.
9 Нандарыңды жеуге қақымыз бар еді; бірақ сендер бізге еліктесін деп, үлгі болғымыз келді.
10 Араларыңда жүргенде «Еңбек еткісі келмеген тамақ та ішіп-жемесін» деген қағиданы саналарыңа сіңірдік.
11 Ал енді кейбіреулеріңнің жүгенсіз жүргендіктерің туралы естідік. Олар жұмыс істемей, басқалардың мазасын алып, босқа сандалып жүр екен.
12 Осындайларға біз тыныш еңбек етіп, өз нандарын өздері тауып жесін деп Иеміз Иса Мәсіхтің атынан бұйырып ескертеміз.
13 Ал өздерің, қымбатты бауырластар, жақсылық жасаудан жалықпасаңдар екен.
14 Кімде-кім біздің осы хатта айтып отырған нұсқауларымызға құлақ аспаса, соны естеріңде сақтаңдар. Өз қылығына ұялуы үшін сол кісімен араласпай қойыңдар.
15 Бірақ оған жау деп қарамай, бауырлас ретінде түсіндіріп ескертіңдер.
16 Тыныштықтың бастауы — Жаратқан Иенің Өзі сендерге әрдайым қай нәрседе де тыныштық сыйлай берсін! Иеміз барлығыңа жар болғай!
17 Ал мен, Пауыл, осы сәлемімді өз қолыммен жазып отырмын. Хаттарымды ұдайы осылай аяқтаймын, олардың менікі екенін осыған қарап білесіңдер.
18 Лайым Иеміз Иса Мәсіх барлығыңа рақымын жаудыра көрсін!