Тімотеге

Тарау: 1 2 3 4 5 6


Тарау 5

1 Жасы үлкен адамды сөкпе, қайта, өз әкеңе айтқандай ілтипатпен ескерт. Жас жігіттерге — туған бауырыңа,
2 егде әйелдерге — анаңа, ал қыз-келіншектерге — әпке-қарындасыңа қарағандай қарап, пәк таза болып жүр.
3 Шынымен мұқтаж жесір әйелдерді құрметте.
4 Егер жесірдің балалары не немерелері болса, онда бұлар алдымен өз отбасын қадірлеп, әке-шешелері мен ата-әжелерінің алдындағы борыштарын өтеп, өз сенімдерін іс жүзінде көрсетуді үйренсін. Өйткені бұл Құдайға ұнайды.
5 Ал шынымен мұқтаж, жалғыз басты жесірлер бар үмітін Құдайға артып, күні-түні Оған сиынып мінажат етеді.
6 Алайда тіршіліктің ләззатын ғана ойлайтын жесір әйел — тірі өлік.
7 Қауымның кінәратсыз болуы үшін осыларды насихаттап үйрет!
8 Туысқандарының, әсіресе үй ішінің, қамын ойламайтын адам сенімінен бас тартқан, ол тіпті Құдайға сенбейтіннен де жаман.
9 Жасы алпыстан асқан, күйеулеріне адал болған жесірлер ғана таңдалып, арнайы тізімге тіркелсін.
10 Олардың жасаған игі істері белгілі болулары керек, мысалы, балаларын тәрбиелеуі, қонақжайлылық танытуы, Құдайдың адамдарына қарапайым қызмет көрсетуі, бейшараларға көмектесуі, игілікті іс атаулының бәріне де өздерін арнауы.
11 Жастай жесір қалған әйелдерді бұл тізімге қабылдама. Олар тәндік құмарлықтарының жетегіне еріп, Мәсіхке берілгендігінен безсе, күйеуге шыққылары келеді.
12 Осылай олар алдыңғы уәделерін бұзып, айыпталуға душар болады.
13 Мұнан басқа, өздері жұмыс жасамайтындықтан, уақытты бос өткізіп, үй-үйді аралауды әдетке айналдырады. Олар еріншек болып қана қоймай, мылжыңмен әуестеніп, өзгенің жұмыстарына араласып, сөз қылуға болмайтын нәрселерді айтатын болады.
14 Сондықтан мен жас жесірлердің күйеуге шығып, балалы болып, үй шаруасын басқаруларын қалаймын. Солай олар дұшпанымыздың жамандауына жол бермеуге тиіс.
15 Кейбіреулері дұрыс жолдан тайып, шайтанның жетегіне еріп кетті ғой.
16 Егер сенуші (ер адамның не) әйелдің отбасында жесірлері болса, соларды қауымның иығына артып қоймай, өзі көмектессін. Сонда қауым шынымен мұқтаж жесірлерге көмектесе алады.
17 Қауымды жақсы басқаратын жетекшілер, әсіресе Құдай сөзін уағыздап, үйретуге еңбегі сіңгендер, ерекше құрмет пен қамқорлыққа лайық.
18 Себебі Киелі жазбаларда былай делінген: «Астық бастырып жүрген өгіздің аузын бума». Және: «Еңбек еткен ақысын алуға лайық».
19 Қауым жетекшілері айыпталғанда, ең аз дегенде екі-үш куәгер болмаса, соған құлақ аспа.
20 Басқаларды да сақтандыру үшін күнә жасаушыларға бәрінің алдында сөгіс бер.
21 Құдайдың, Иса Мәсіхтің және Оның таңдаулы періштелерінің алдарында саған мықтап ескертемін: осы нұсқауларды алаламай орында, еш нәрсені де біржақтылықпен істеме!
22 Адамдардың үстеріне қол қойып батаңды беруде асығыстық жасама! Әйтпесе олардың күнәларына сен де жауапты боласың. Өзіңді пәк таза ұста.
23 Айтпақшы, әлсіз асқазаныңа және жиі сырқаттануыңа бола бұдан былай тек су ғана ішпей, аздап шарап та іш.
24 Кейбір адамдардың күнәлары көзге айқын көрініп, оларды тікелей айыпталуға бастайды. Ал басқаларынікі кейінірек қана әшкереленеді.
25 Сол сияқты, кейбіреулердің игі істері де айқын көрінеді. Ал ашық білінбейтін іс-әрекеттер де жасырын қала алмайды.