Амос

Тарау: 1 2 3 4 5 6 7 8 9


Тарау 5

Уа, Исраил халқы, өздерің туралы айтатын мына қайғылы жырымды тыңдаңдар:
2 «Құлады, енді қайтып тұрмайды Бұрын пәк қыздай болған Исраил халқы. Өз жерінде оған назар аудармайды, Ешкім де оны қайтып тұрғызбайды.
3 Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Мың жасақшысын аттандырған қалаға Қайта оралады тек жүзі ғана, Ал жүз адамын жіберген қалаға Қайта оралады тек оны ғана!»
4 Енді Жаратқан Ие Исраилдің халқына мынаны айтады: «Маған бет бұрып сиыныңдар, сонда тірі қаласыңдар!
5 Бетелдегі жалған тәңірден көмек іздемеңдер, Ғылғалға да бармаңдар, Бер-Шебаға қарай да өтпеңдер! Өйткені жау Ғылғалдың халқын еш шүбәсіз тұтқынға айдап әкетеді, Бетелдің басына да апат түспек».
6 Жаратқан Иеге бет бұрып Оған сиыныңдар, сонда тірі қаласыңдар! Әйтпесе Ол Жүсіптің үрім-бұтағына қарсы от іспетті лап етіп, сол от Бетелді де жалмап қояды. Ал оны сөндіретін ешкім де болмайды.
7 Әй, сендер әділетті бұрмалап, (бейшаралар үшін) ащы бір нәрсеге айналдырасыңдар, әділдікті менсінбей, жерге таптайсыңдар!
8 Үркер мен Көгалдай мерген сияқты шоқжұлдыздарды кім жаратты? Қара түнекті таңғы арайға, күнді қараңғы түнге айналдыратын, әрі теңіздің суын жоғары көтеріп, оны жер бетіне жаудыратын кім? Оның есімі — Жаратқан Ие!
9 Ол мықтыларды найзағай түскендей лезде күйретіп, бекіністерін талқандап қиратады.
10 Ал сендер қала алаңында сот жүргізушілерді жек көріп, шындықты жасырмай айтушыдан жиренесіңдер.
11 Сендер кедейлерді басып-жаншып, олардан алым ретінде мол астық жинайсыңдар. Сондықтан қашалып өңделген тастан үйлер салсаңдар да, оларда тұрмайсыңдар! Жүзімдіктер отырғызсаңдар да, солардың өнімдерінің рақатын көрмейсіңдер!
12 Өйткені сендердің бас көтеріп, Маған қарсы шыққан жайттарыңның қаншалықты көп әрі күнәларыңның қандай ауыр екенін білемін: сендер пара алып, әділ жанға қысым жасайсыңдар және сотта бейшараны жолдан былай итермелеп, құқығынан айырасыңдар.
13 Сондықтан зерделі жан осындай жағдайда үндемей қалады, өйткені бұл — зұлым уақыт!
14 Зұлымдыққа емес, жақсылыққа ұмтылыңдар! Сонда тірі қаласыңдар және өздерің жиі айтатындай, Жаратқан Ие, Әлемнің Әміршісі Құдай, сендерге жар болады.
15 Зұлымдықты жек көріп, жақсылық жасауды ұнатыңдар! Қала алаңында сот жүргізгенде әділдікті орнатыңдар! Сонда Жаратқан Ие, Әлемнің Әміршісі Құдай, Жүсіптің үрім-бұтағының тірі қалғандарына рақымды болатын шығар.
16 Сондықтан Жаратқан Ие, Әлемнің Әміршісі Құдай Ие, мынаны айтады: «Барлық алаңдарда жұрт жылап-сықтап, ал көшелерде ойбауырымдап қайғыратын болады. Сонда диқандарды да зар жылауға, жоқтау айтуды шебер білетіндерді де жоқтау айтуға шақыратын болады.
17 Күллі жүзімдіктеріңде де қайғыланып жылап-сықтайтын боласыңдар. Себебі Мен сендерді жазалау үшін араларыңнан өтемін!» — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
18 Уа, «Жаратқан Иенің соты күні келсе екен!» деп аңсайтындар, сендер қасіретке қаласыңдар! Жаратқан Иенің күні сендерге не үшін керек? Оның алып келетіні нұр емес, қара түнек қой!
19 Сол күн арыстаннан қашып, аюмен кездескен немесе үйге кіріп, қабырғаға қолмен сүйеніп тұрғанда жыланның шағып алғаны сияқты қорқынышты болады.
20 Жаратқан Иенің соты күні сендер үшін жарық емес, қараңғы болады емес пе?! Сол күн қара түнек, нұрдан құр болады емес пе?!
21 «Мен мейрамдарыңды жек көремін, салтанатты жиналыстарыңның иісі Маған жиренішті.
22 Сонда Маған арнап толығымен өртелетін құрбандық, астық және сұйық тартуларын ұсынсаңдар да, оларды қабылдамаймын! Бордақыланған малды ризашылық құрбандығына шалып ұсынсаңдар да, соларыңа да назар аудармаймын.
23 Өлеңдеріңді шуламай, Менен аулақ айтыңдар! Ішекті аспаптарыңның дыбысын тыңдағым да келмейді!
24 Одан да елдеріңе әділет тасқын судай, әрі әділдік еш таусылмайтын жылғадай ағып келе берсін!
25 Уа, Исраилдің үрім-бұтағы, сендер қырық жыл бойы айдаланы кезіп жүрген ежелгі уақыттарыңда құрбандыққа мал шалып, басқа да сый-тартулар ұсынғанда соларыңды Маған бағыштадыңдар ма?
26 Жоқ, сендер өздерің жасап алған бейнелерді: жалған тәңір Молохтың мүсіні орналасқан шатырды және тәңірсымақтарың Ремфан жұлдызының бейнесін бірге алып жүрдіңдер. Бұларды (құлшылық етіп табынуларың үшін) өздерің жасап алған едіңдер.
27 Сондықтан Мен сендерді жер аударып жіберемін, тіпті Дамаскіден де әрі!» — деп нық айтады Жаратқан Ие. Ол Әлемнің Әміршісі Құдай деп те аталады.