Амос

1 2 3 4 5 6 7 8 9


Тарау 6

Әй, Сион тауында бейқам тұрып жатқан және өздерін Самария тауында қауіпсіз сезінетіндер, сендер қасіретке қаласыңдар! Ең озат халықтың маңдай алды адамдары деп аталатын сендерге Исраилдің үрім-бұтағы келіп, ақыл-кеңес пен көмек сұрайды.
2 Қална қаласына барып, қараңдар! Сол жерден үлкен Хамат қаласына, содан філістір еліндегі Ғатқа да барыңдар! Өз патшалықтарың олардан артық па? Әлде олардың жерлері сендердікінен кең-байтақ болды ма? (Әрине, жоқ. Әйтсе де, жау оларды талқандады.)
3 Дегенмен, сендер «апат болатын күн алыс» деп ойлап, аяусыз сотталатын күнді өздерің жақындатасыңдар.
4 Сендер піл сүйегімен әшекейленген төсек-орындарыңда жатасыңдар, төсектеріңде жатып шіренесіңдер. Жейтіндерің — отардың тоқтылары мен бордақы таналардың семіз еті.
5 Жетігеннің сүйемелдеуімен ән айтасыңдар, Дәуіт патшаға еліктеп, күй аспаптарыңда ойнауға әуен-күйлер ойлап табасыңдар.
6 Шарапты тостағандап ішіп, үстеріңе жұпар иісті май жағасыңдар. Ал Жүсіптің үрім-бұтағының басына төніп тұрған жойылу жайлы қайғырмайсыңдар!
7 Сондықтан қолға түсіп, басқа жерге аударылатын алғашқылардың арасында сендер боласыңдар! Сендердің үлде мен бүлдеге оранған, сауық-сайран құрған өмірлерің осылай бітпек!
8 Жаратушы Тәңір Ие Өзінің киелі атымен ант етті. Ол — Жаратқан Ие, Әлемнің Әміршісі Құдай, мынаны айтады: «Мен Жақыптың үрім-бұтағының асқақтығынан жиренемін, олардың бекіністі сарайларын да жек көремін. Сондықтан да Мен осы қаланы және онда тұратындардың бәрін жауларының қолына тапсырамын».
9 Бір үйде он адам қалған болса, солардың барлығы да өледі.
10 Қайтыс болғандардың мәйіттерін өз туысқаны жерлеуге алып шығып, үйдің ішіндегі адамнан: «Қасыңда тағы біреу бар ма?» — деп сұрап, сол: «Жоқ,..» — деп жауап бере бастағанда, әлгі туысқан: «Тыныш! Жаратқан Иенің есімін бекерге атай көрме! — деп шошитын болады.
11 — Өйткені біліп қой: Жаратқан Ие бұйрық берсе, үлкенді-кішілі үйлердің барлығы қиратылып талқандалады!»
12 Жылқы жартаста ойнақтай ала ма? Теңізді соқамен жыртуға бола ма? (Әрине, болмайды.) Ал сендер әділдік пен шыншылдықты ащы уға айналдырдыңдар!
13 Сендер Лодыбар (яғни «ештеңе») қаласын иемденгендеріңе шаттанып, «Қарнайым (яғни «қос мүйіз») қаласын өз күшімізбен басып алдық» деп те мақтанасыңдар.
14 Бірақ Жаратқан Ие, Әлемнің Әміршісі Құдай, мынаны айтады: «Уа, Исраилдің үрім-бұтағы, сендерге қарсы Мен бір халықты көтеремін. Олар сендерге солтүстіктегі Лебо-Хаматтан бастап, оңтүстіктегі Араба аңғарына дейінгі бүкіл елдеріңде зорлық-зомбылық көрсететін болады!»