Еврейлерге

Тарау: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13


Тарау 5

1 Әдетте әрбір бас діни қызметкер пенделер арасынан таңдалып, олар үшін Құдайға қызмет етуге тағайындалады: Оған арнап сый-тартулар ұсынып, адамдардың күнәларының құнын өтеу үшін құрбандықтар шалады.
2 Бас діни қызметкер өзінің де пенделік кемшіліктері бар болғандықтан, білмей тура жолдан адасып кеткендерге мейірімділік көрсете алады.
3 Сол себептен ол халық үшін де, өзі үшін де күнәнің құнын өтейтін құрбандықтар шалуға міндетті.
4 Бас діни қызметкер болу құрметін ешкім өз бетімен иемденбейді, оны Құдай белгілейді. Һарон да қызметіне осылай тағайындалған еді.
5 Сондай-ақ Мәсіх те Бас діни қызметкер болу құрметін өз бетімен иемденген жоқ. Қайта, Құдай Оған: «Рухани Ұлымсың, Мен бүгінгі күн Әке болдым Саған» деген.
6 Киелі жазбалардың тағы бір жерінде былай да делінген: «Сен Мәліксадықтай діни қызметкерсің, мәңгі сондай болып қала да бересің!»
7 Сонымен қатар Мәсіх жер бетінде жүргенде Өзін өлімнен құтқаруға құдіреті жететін Әкесіне қатты дауыстап сиынып, көз жасын төгіп жалбарынды. Мәсіх Әкесін терең қастерлегендіктен мінажаты қабыл болды.
8 Құдайдың рухани Ұлы бола тұра, Мәсіх ауыр азаптар шеккен кезінде де Әкесіне мойынсұнуға үйренді.
9 Жүктелген тапсырмасын толық орындап шыққан Ол Өзіне мойынсұнғандардың барлығы үшін мәңгілік құтқарылуға жол ашты.
10 Құдайдың Өзі Мәліксадықты тағайындағанындай, Мәсіхті де Бас діни қызметкер болуға белгіледі.
11 Бұл тақырып туралы тағы бірталай нәрселерді айтқанымыз жөн болар еді. Бірақ оларды түсіндіру қиын, өйткені сендер зейін қойып тыңдамайтын болдыңдар.
12 (Мәсіхтің тура жолына түскеннен бергі) кездеріңді ескерсек, өзгелерге тәлім берулерің орынды болар еді. Керісінше, сендер әлі де Құдайдың хабарындағы ең бастапқы қарапайым тәлімді басқа біреуден үйренуге мұқтажсыңдар. Өздеріңе «қатты тағамның» орнына әлі де жай «сүт» керек!
13 «Сүтпен» тамақтанатындар Құдай алдында ақталу туралы Ізгі хабарды әлі де не ұқпайды, не дұрыс қолдана да алмайды. Олар — рухани сәбилер.
14 Тек рухани кемеліне келгендер ғана «қатты тағамдарды» жей алады. Байыппен ойлауға дағдыланғандықтан да, олар жақсы мен жаманды айыра біледі.