Еврейлерге

Тарау: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13


Тарау 6

1 Сол себепті Мәсіхтің Ізгі хабарының ең бастапқы тәлімін былай қойып, одан бетер жетілу үшін алға басайық. Тағы да ең негізгі тақырыптарға: бізді рухани өлімге бастап әкететін қылықтардан бас тартып, Құдайға сенім арту жайында,
2 шомылдыру рәсімі мен қол тигізіп бата беру жөнінде немесе өлгендердің қайта тірілуі және мәңгілік үкімделуі туралы тәлімдерге тоқталғымыз келмейді.
3 Құдай қаласа, енді әрі қарай жылжымақпыз.
4 Себебі кейбір адамдарды істегендеріне өкіндіріп, қайтадан Құдай жолына түсіру мүмкін емес: бір кезде жан дүниелері Тәңір Иенің нұрынан ағарған еді. Олар Оның көктен жіберген сыйының дәмін татып, Киелі Рухтан үлестерін алды.
5 Сондай-ақ, Құдай сөзінің игілігінің де, болашақ заманның құдіретінің де дәмін татып көрген болатын.
6 Алайда кейінірек олар тура жолдан безіп кетті! Мұндай адамдар өз еріктерімен Құдайдың рухани Ұлын тағы да айқышқа шегелеп тастағандай, жұрттың мазағына айналдырып жүр. Мұндай жағдайда оларды Құдай жолына қайтару мүмкін емес.
7 Егіндік жер жиі жауған жаңбырмен шөлін қандырып, өзін өңдеп, баптаған егіншінің игілігі үшін өнімін бергенде, Құдай оны жарылқайды.
8 Ал тікен мен ошаған шығаратын жер пайдасыз. Көп ұзамай егінші мұндай жерді үкімдеп, ақыры өртейді.
9 Ал, сүйікті бауырластарым, осыларды айтқанмен, сендердің бұдан жақсырақ жағдайда екендіктеріңе, яғни құтқарылуларыңды берік ұстанғандарыңа, көзіміз жетті.
10 Құдай әділетсіз емес қой: Ол жасаған игі істеріңді, өз адамдарына берген, әлі де беріп жатқан көмектерің арқылы Өзіне де көрсеткен сүйіспеншіліктеріңді ешқашан есінен шығармайды.
11 Әрқайсыларыңның үміттеріңді соңына дейін берік ұстануларың үшін де осындай ынта-жігер танытқандарыңды аңсап тілейміз.
12 Сонда сендер жігерсіз болмайсыңдар. Керісінше, сенім мен шыдамдылық көрсетіп, уәде етілген игіліктерді иемденгендерден үлгі аласыңдар.
13 Мысалы, Құдай Ыбырайымға уәде берді. Өзінен жоғары ешкім тұрмағандықтан, Құдай Өзінің атымен ант етіп
14 былай деді: «Саған ақ батамды шүбәсіз үйіп-төгіп бере отырып, сенің ұрпақтарыңды сансыз көбейтемін».
15 Осылай Ыбырайым шыдамдылықпен күтіп, Құдайдың уәде еткендеріне ие болды.
16 Адамдар өздерінен жоғарының атымен ант береді. Сол арқылы айтқандарын бекітіп, күллі дау-дамайларын доғартады.
17 Сондықтан Құдай да Өзінің уәдесін иемденетіндерге алға қойған мақсатының мызғымас екенін өте айқын көрсеткісі келгенде, айтқандарын антпен бекітті.
18 Осылайша біз бұл екі мызғымас негізге (Құдайдың уәдесі мен антына) сүйеніп, олардан зор күш-жігер аламыз. Себебі Құдайдың өтірік айтуы еш мүмкін емес қой. Бізге ұсынылған осы үміттен күдер үзбей, Одан пана таптық.
19 Бұл үмітіміз — берік зәкір сияқты жанымыздың сенімді сүйеніші; ол көктегі киелі үйдің ішіндегі «шымылдықтың арт жағында» Құдайдың Өзімен бекітілген.
20 Сол жерге Исаның Өзі кіріп, осы арқылы бізге де сонда кіруге жол ашты. Себебі Иса — Мәліксадық сияқты тағайындалған мәңгілік Бас діни қызметкеріміз.