Елшілердің істері

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28


Тарау 21

Олардан айырылысқаннан кейін біз теңізге қайта шығып, тура жүзе отырып Қос аралына, ертеңінде Родосқа, ал одан Патараға жеттік.
2 Сол қаладан Финикия еліне тіке баратын бір кеме тауып алып, соған отырып, жүріп кеттік.
3 Кипр аралы көрінгенде, оны оңтүстік жағынан айналып өтіп, Сирияға беттедік те, Тирге келіп тоқтадық. Себебі кеме сол қалаға жүгін түсіретін еді.
4 Иеміздің жолын қуушы шәкірттерін тауып алып, олармен жеті күн болдық. Киелі Рухтан хабар алған олар Пауылға «Иерусалимге бармай-ақ қойыңыз» дей берді.
5 Әйтсе де, сол күндер өткен соң сапарымызды әрі қарай жалғастырдық. Сенушілердің бәрі әйелдерімен, бала-шағасымен бізді қаланың сыртына дейін шығарып салды. Жаға бойында тізе бүгіп мінажат еттік.
6 Бір-бірімізбен қош айтысқаннан кейін біз кемеге отырдық, ал олар үйлеріне қайтты.
7 Тирден шығып, Птолемайс қаласына жеткен соң, мұндағы бауырластармен амандасып, бір күн бірге болдық.
8 Ертеңіне Кесарияға бардық. Сол қалада біз Иерусалим қауымының жеті қызметшісінің бірі — Ізгі хабарды уағыздаушы Філіптің үйіне түсіп, сонда қалдық.
9 Оның тұрмысқа шықпаған төрт қызы да пайғамбарлық сөз айтады екен.
10 Біз Кесарияда бірнеше күн болғаннан кейін, Яһудея аймағынан Агаб есімді пайғамбар келді.
11 Ол қасымызға келіп, Пауылдың белбеуін алып, сонымен өз аяқ-қолдарын байлады да: — Киелі Рух былай дейді: осы белбеудің иесін Иерусалимдегі яһудилер дәл осылай байлап, басқа ұлт адамдарының қолына ұстап береді, — деді.
12 Осыны естіген біз және жергілікті бауырластар Пауылдан: — Иерусалимге бармай-ақ қойыңыз, — деп өтіндік.
13 Бірақ ол: — Неменеге жылап, жүрегімді ауыртып тұрсыңдар? Мен Иеміз Исаның атын жариялау үшін Иерусалимде қол-аяғымды байлатпақ түгіл, жанымды қиюға да дайынмын, — деп жауап берді.
14 Оны көндіре алмағаннан кейін, біз тынышталып: — Иеміздің еркі болсын! — дедік.
15 Осыдан кейін біз жолға дайындалып, Иерусалимге қарай өрледік.
16 Кесариядан бірнеше бауырластар еріп, бізді бастапқы кезден бері Иеміздің жолын қуып келген Мынасон есімді кипрлікке алып барды. Бізге соның үйінде қонуға тура келді.
17 Иерусалимге жеткенде, сондағы бауырластар бізді құшақ жая қарсы алды.
18 Ертеңіне біз Пауылмен бірге Жақыпқа бардық, қауымның барлық басқа жетекшілері де сонда жиналды.
19 Олармен сәлемдескен соң Пауыл өзінің қызметі арқылы Құдайдың басқа ұлттар арасында не істегенін егжей-тегжейлі айтып берді.
20 Оны тыңдап болған соң, бәрі Құдайды дәріптеп мадақтады. Содан кейін олар Пауылға былай деді: — Уа, бауырласымыз, мынаны білесің: сан мыңдаған яһудилер Иемізге сенеді, барлығы да — Таурат заңын қызу жақтап, қатаң ұстанушылар.
21 Олар сен туралы: «Шетелде тұратын күллі яһудилерге: Мұса арқылы берілген Таурат заңынан бас тартып, балаларыңды сүндеттемеңдер, басқа да әдет-ғұрыптарымызды ұстамаңдар деп үйретіп жүр» деген хабар алды.
22 Ал бұған не істейік? Халықтың сенің осында екеніңді біліп, жиналатыны сөзсіз.
23 Сондықтан айтатынымызға құлақ сал! Арамызда назир антын берген төрт кісі бар.
24 Соларды ертіп алып, тазару рәсімін бірге жаса. Сондай-ақ шаштарын алдырулары үшін қажетті құрбандықтың құнын өзің төле. Сонда бәрі сен туралы естігендерінің жалған екеніне, қайта, өзіңнің де Таурат заңын орындап жүргеніңе көз жеткізетін болады.
25 Ал басқа ұлттық сенушілерге келсек, біз қабылдаған шешіміміз туралы жазып жібердік қой: олар жалған тәңірлерге арналған құрбандықтардан, қаннан, арам өлген малдың етінен және неке адалдығын бұзудан аулақ жүруге тиіс.
26 Сонымен Пауыл келесі күні әлгі кісілерді ертіп алып, бірінші тазару рәсімінен бірге өтті. Содан кейін ғибадатханаға барып, тазару мерзімінің аяқталып, әрқайсысы үшін құрбандық шалынатын күнді діни қызметкерге хабарлады.
27 Тазару мерзімінің жеті күні аяқталар шақта, Азия аймағынан келген яһудилер Пауылды ғибадатханада көріп, халықты оған қарсы айдап салды. Олар Пауылды ұстап алып, былай деп айқайлады:
28 «Уа, исраилдік ер азаматтар, келіп, көмектесіңдер! Мына кісі барлық жерде біздің халыққа, Таурат заңымызға және осы жерге қайшы ілімін таратып жүр. Оның үстіне өзге ұлт адамдарын ғибадатханаға кіргізіп, киелі жерді арамдады!
29 Себебі олар осының алдында Пауылдың қалада ефестік Трофиммен бірге жүргенін көріп, сол шетелдікті ғибадатхананың ішкі ауласына алып келген екен деп ойлады.
30 Бүкіл қала толқып, халық жан-жақтан ағылып жиналды. Олар Пауылға бас салып, оны ғибадатханадан сүйреп шығарды. Сол заматта-ақ ғибадатхананың қақпалары жабылып қалды.
31 Олар Пауылды өлтірмекші болып жатқанда, Рим әскерінің мыңбасына: «Бүкіл Иерусалим бүлік шығарып жатыр!» — деген хабар жетті.
32 Ол дереу жасақшылар мен жүзбасыларын алып, тобыр жиналған жерге қарай асықты. Әлгі адамдар мыңбасы мен жасақшыларды көргенде, Пауылды ұрып-соғуларын доғарды.
33 Мыңбасы жақындап келіп, Пауылды тұтқынға алды да, екі шынжырмен қол-аяғын бұғаулауға бұйырды. Бұдан кейін адамдардан Пауылдың кім екенін, оның не істегенін сұрады.
34 Жиналған тобырдың ішінен біреулері анау деп, біреулері мынау деп айқайлап жатты. Осындай у-шуда жөнді жауап ала алмаған соң, мыңбасы Пауылды қамалға айдап әкетуге әмір етті.
35 Пауыл баспалдаққа жетіп қалғанда, ашулы халық қыспаққа алғандықтан жасақшылардың оны көтеріп жүрулеріне тура келді.
36 Өйткені үлкен тобыр артынан қалмай: «Оны өлтіріңдер!» — деп айқайлай берді.
37 Жасақшылар Пауылды қамалға кіргізейін дегенде, ол мыңбасына тіл қатып: — Сізге бір сөз айтуға бола ма? — деді. Анау қатты таңғалып: — Сен грекше білесің бе?
38 Демек, сен біраздан бұрын көтеріліс ұйымдастырып, төрт мың қарақшыны айдалаға жетелеп кеткен мысырлық емессің ғой? — деп сұрады.
39 Пауыл: — Жоқ, мен яһудимін, Кіликияның танымал қаласы Тарстың азаматымын. Маған халыққа арнап сөз сөйлеуге рұқсат етсеңіз екен, — деді.
40 Әскербасы рұқсат берген соң, Пауыл баспалдақ сатысында тұрған күйі қолын жоғары көтеріп, халыққа белгі берді. Тыныштық орнағанда, оларға еврейше сөзін бастады: