Елшілердің істері

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28


Тарау 23

Пауыл Жоғарғы кеңеске тіке қарап: — Бауырластар! Бүгінге дейін мен Құдай алдында ар-ұжданым кіршіксіз таза өмір сүріп келдім, — деді.
2 Ал бас діни қызметкер Анани Пауылдың қасында тұрғандарға оны аузынан ұруға бұйырды.
3 Сонда Пауыл оған: — Әктелген қабырға, сізді Құдай ұрады! Осы жерде мені Таурат заңы бойынша соттау үшін отырғанмен, заңды бұзып мені ұрғыздыңыз, — деді.
4 Қасында тұрғандар: — Құдайдың бас діни қызметкеріне ұрсуға қалай батылың барады? — деп ескертті.
5 Пауыл былай деп жауап берді: — Бауырластар, оның бас діни қызметкер екенін білмедім! «Халқыңның басшысына балағат сөз айтпа!» деп (Тауратта) жазылған ғой.
6 Жоғарғы кеңестің бір бөлігінің саддукейлер, ал қалғандарының парызшылдар екенін білген Пауыл дауыстап: — Бауырластар, мен парызшылмын, парызшылдар әулетіненмін де. Өлгендердің қайта тірілуіне үміт етіп жүргенім үшін сотталып жатырмын! — деді.
7 Осы сөзден кейін парызшылдар мен саддукейлер айтысып қалды да, жиналғандар екіге бөлініп кетті.
8 Себебі саддукейлер ешқандай қайта тірілу де, періштелер де, рухтар да жоқ десе, парызшылдар бұлардың бәрін мойындайды.
9 Жиналыс айғай-шуға ұласты. Парызшылдардың кейбір дін мұғалімдері орындарынан тұрып: — Бұл кісіден ешқандай жамандық таппай тұрмыз. Оған бір рух немесе періште аян берген болса (біз Құдайға қарсы шықпаймыз)! — деп қызулана айтысты.
10 Айтыс үлкен жанжалға айналып, мыңбасы олар Пауылды паршалап тастар деп қауіптенді. Содан ол жасақшыларға төмен түсіп, оны әлгілердің араларынан күшпен алып шығып, қамалға апаруға бұйырды.
11 Сол түні Иеміз Пауылдың жанында пайда болып: «Батыл бол! Маған Иерусалимде куә болғаныңдай, Римде де куә болуға тиістісің», — деп аян берді.
12 Келесі күні таңертең бірсыпыра яһудилер жасырын жиналып, Пауылды өлтірмейінше ешқандай нәр татпаймыз деп қарғанып ант берісті.
13 Бұл ант байланысқан топта қырықтан аса адам бар еді.
14 Олар басты діни қызметкерлер мен рубасыларына барып: — Пауылды өлтіргенше нәр татпаймыз деп қарғанып ант берістік.
15 Сонымен Жоғарғы кеңес ретінде мыңбасына хабарлап: «Пауылдың ісімен жақынырақ танысқымыз келеді» деген сылтаумен оны өздеріңізге әкелдіріңіздер. Ал біз оны осында жеткізбей жолшыбай өлтіруге дайын тұрамыз», — деді.
16 Бұл қаскүнемдік туралы Пауылдың жиен інісі біліп қойды. Ол қамалға кіріп, Пауылға барды да, осы туралы хабарлады.
17 Пауыл бір жүзбасын шақырып алып, оған: «Мына жас жігітті мыңбасына апарыңызшы, оған айтатын хабары бар», — деді.
18 Жүзбасы бозбаланы ертіп мыңбасына кіріп: — Әлгі тұтқын Пауыл мені шақыртып алып, мына жас жігітті өзіңізге әкелуімді өтінді. Оның сізге айтатын бірдеңесі бар екен, — деді.
19 Мыңбасы жігіттің қолынан ұстап, оңашаға шығарып: — Маған не айтайын деп едің? — деп сұрады.
20 Ол: — Яһудилер өзара келісіп, Пауылдың ісін одан да мұқият тексеру сылтауымен оны ертең Жоғарғы кеңеске апаруыңызды сұрамақ.
21 Ал сіз бұған келіспесеңіз игі болар еді. Өйткені олардың қырықтан аса адамы оны жол бойы торуылдап аңдып отырады. Бұлар Пауылды өлтірмейінше ешқандай нәр татпаймыз деп анттасты; енді келісіміңізді күтіп, дайын отыр, — деді.
22 Мыңбасы жас жігітке ескертіп: — Маған осыны айтқаның туралы ешкімге де тіс жарма! — деп қайтарып жіберді.
23 Содан ол жүзбасылардың екеуін шақырып алып: «Кешкі сағат тоғызға екі жүз жауынгер, жетпіс атты әскер және екі жүз мергенді Кесарияға баруға дайындаңдар!
24 Пауылға мінуге көлік дайындап, әмірші Феликске аман-есен апару жағын қадағалаңдар!» — деп бұйырды.
25 Содан соң төмендегідей хат жазды:
26 «Жоғары мәртебелі әмірші Феликске Клауди Лүсиден сәлем!
27 Мына кісіні яһудилер ұстап алып, өлтірейін деп жатқан сәтте мен оның Рим азаматы екенін біліп, жасақшылармен үстінен түсіп, құтқарып алдым.
28 Не үшін айыптайтындарын білмек болып, оны солардың Жоғарғы кеңесіне алып бардым.
29 Сонда аңғарғаным, олар мұны өз заңдары туралы даулы мәселелерге бола айыптайды екен. Бірақ оған өлім жазасына кесетіндей немесе түрмеге жабатындай ешбір кінә таққан жоқ.
30 Мен оған қарсы астыртын әрекет ұйымдастырылғанын біліп қалып, оны дереу сізге жіберіп отырмын. Айыптаушыларға тағатын кінәларын өзіңізге апаруға бұйырдым. Қош-сау болыңыз!»
31 Жасақшылар бұйрықты орындап, Пауылды сол түні Антипатрис қаласына жеткізді.
32 Келесі күні тұтқынды атты жасақпен әрі қарай жөнелтіп, өздері қамалға қайтып кетті.
33 Кесария қаласына келісімен атты жасақ хатты тапсырып, Пауылды әміршіге табыс етті.
34 Әмірші хатты оқып, Пауылдан қай аймақтан екенін сұрап, Кіликиядан екенін біліп алды:
35 «Сені айыптаушыларың келгенде тергеймін», — деп шешіп, оны Ирод атындағы сарайда ұстауға бұйырды.