Елшілердің істері

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28


Тарау 3

Осы күндердің бірінде Петір мен Жохан күндізгі сағат үште, яғни Құдайға сиынатын мезгілде, ғибадатханаға өрлеп бара жатты.
2 Кісілер тумысынан сал болып туған бір ер адамды күн сайын ғибадатхананың «Көрікті қақпасының» қасына көтеріп алып келіп, отырғызып қоятын. Сол жерде ол ғибадатхана ауласына енгендерден қайыр сұрайтын.
3 Кіріп келе жатқан Петір мен Жоханды көргенде, әлгі сал адам олардан қайыр сұрады.
4 Бұлар оған көз салып, Петір: «Бізге қара!» — деді.
5 Сал адам екеуіне қадала қарап, бір нәрсе берер деп үміттеніп қалды.
6 Бірақ Петір: «Менде күміс пен алтын жоқ. Дегенмен саған барымды беремін: назареттік Исаның атынан айтамын: орныңнан тұрып, жүріп кет!» — деді де,
7 оны оң қолынан ұстап демеді. Сол сәтте-ақ оның аяғы мен тізесіне күш бітіп,
8 ол ұшып тұрып, жүріп кетті. Содан әлгі адам екі елшімен бірге ғибадатхана ауласына кіріп, әрі-бері жүріп, секіріп, Құдайды мадақтаумен болды.
9 Күллі жұрт оның жүріп кеткенін және Құдайды мадақтағанын көрді.
10 Олар бұның ғибадатхананың «Көрікті қақпасының» жанында отырып, қайыр сұрайтын сал кісі екенін танып, онымен болған оқиғаға таңғалып, қатты абыржыды.
11 Әлгі кісі Петір мен Жоханнан екі елі ажырамай қойды. Аң-таң болған бүкіл жұрт солардың қасына, ғибадатхананың Сүлеймен атындағы бағаналы ғимаратына жиналды.
12 Мұны көрген Петір халыққа арнап былай сөз сөйледі: — Уа, исраилдіктер, сендер бұған неменеге таңғалып тұрсыңдар? Мынаның жүріп кетуіне өз күшімізбен немесе құдайшылдығымызбен себепші болғандай бізге неге қарай қалдыңдар?
13 Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың Құдайы, яғни біздің ата-бабаларымыздың сиынған Құдайы, Өзінің Қызметшісі Исаны ұлылыққа бөледі. Соны Пилат босатып жібермекші болған еді. Бірақ сендер опасыздық жасап, Пилаттың алдында Одан танып бас тарттыңдар.
14 Қасиетті және әділ Кісіден бас тартып, бір қанішердің босатылуын талап еттіңдер;
15 ал шынайы өмірдің Бастауын өлтірттіңдер! Бірақ та Құдай Оны өлімнен қайта тірілтіп алды, бұған біз куәміз!
16 Ал енді, өздерің танып, көріп жүрген мына кісіге Исаның құдіреті күш-қуат беріп сауықтырды. Өйткені Оның есіміне сендік. Иә, Иса берген сенім сендердің көз алдарыңда оның денсаулығын түгелімен қалпына келтірді.
17 Ағайындар, сендер де, басшыларың да білместік істегендеріңді білемін.
18 Ал Құдай барлық пайғамбарлардың аузымен Өзі жіберетін Құтқарушы Мәсіх сондай азаптар шегеді деп алдын ала жариялатқан хабарларын осылайша жүзеге асырды.
19 Сондықтан теріс жолдан қайтыңдар! Сонда Құдай Ие күнәларыңды кешіріп,
20 сендерге рухтарыңды жаңғыртатын мезгілді сыйлайды, әрі өздерің үшін алдын ала тағайындаған Құтқарушы Мәсіх — Исаны жібереді.
21 Барлық нәрсе қалпына келетін уақытқа дейін Құдай Мәсіхті Өзіне қайтарып алды. Сол күндерді Құдай қасиетті пайғамбарларының аузымен баяғыда-ақ жариялап қойған болатын.
22 Мұса ата-бабаларымызға былай деген еді ғой: «Құдай Иелерің сендерге мен сияқты бір Пайғамбарды бауырларыңның арасынан шығарады. Соның айтқандарының бәрін тыңдаңдар!
23 Осы Пайғамбардың айтқандарын тыңдамайтын әрбір адам халқының ішінен аластатылсын».
24 Самуилден бастап одан кейінгі барлық пайғамбарлар да осы күндері болған оқиғаларды алдын ала айтып кеткен.
25 Сендер пайғамбарлардың ұрпағысыңдар, Құдайдың ата-бабаларыңмен жасаған Келісімін мұра етесіңдер. Ол Ыбырайымға: «Сенің ұрпағың арқылы жер бетіндегі барлық ұлттарға ақ батам қонатын болады» деген еді ғой.
26 Сондықтан Құдай Өзінің Қызметшісін өлімнен тірілтіп алып, әрқайсыңды зұлымдықтарыңнан қайтарып, жарылқау мақсатында Оны ең алдымен сендерге жіберді.