Әйүп

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42


Тарау 20

Сонда нағамалық Сопар тағы да сөйлей бастап былай деді:
2 — Ішім алай-дүлей болып, ойларым маған маза бермей тұр. Жауап беруім қажет!
3 Сен мені айыптап, намысыма тиіп отырсың! Сондықтан ақылым мені сөйлетіп отыр.
4 Білмейтін бе едің? Баяғы заманнан бері, адам баласы жер бетіне орналасқалы,
5 зұлымның шаттануы ешқашан ұзаққа созылмады, арсыздың қуанышы бір мезеттік қана.
6 Ол тіпті асқақтап, аспанға дейін көтерілсе де, басы бұлттарға тиетін болып өссе де,
7 бәрібір малдың қиы сияқты лақтырылып тасталмай ма? Оның таныстары: «Қайда екен ол?» дейтін болады.
8 Зұлым адам түс сияқты ғайып болып, ешкім таба алмай қалады, түнде көрген елестей жоғалып кетеді.
9 Оны көрген көз енді қайтып көрмейді, зұлымның үй іші оған бұдан былай қарамайды.
10 Зұлымның балалары кедейлерден қайыр сұрайды, өйткені ол алдау-арбаумен жинаған дүние-мүлкін өз қолымен қайтарып беруге мәжбүр болды.
11 Жастықтың күш-қуаты болғанмен, сонысы кейін зұлымның өзімен бірге көрге түседі.
12 Арсыз жан күнәні тәп-тәтті көріп, тілінің астына салып тамсана сорса да,
13 оны қоя бергісі келмей, аузында қанша ұстап қалуға тырысса да,
14 онысы асқазанында быршып ашиды. Сөйтіп күнә арсыздың ішінде жыланның уы болып шыға келеді.
15 Ол небір байлықты жұтқан еді, енді соның бәрін құсып тастайды. Оны ішінен шығаратын Құдайдың Өзі болады.
16 Ондай адам сұр жыланның уын сорады, зәрлі жылан оны шағып өлтіреді.
17 Осылай ол елдің ағы мен балының өзендей ағыл-тегіл мол екенін көре алмайды.
18 Бейнетпен қолға түсіргенін жей алмай, қайтаруы қажет болады, саудасының түсімінің де пайдасын көрмейді.
19 Өйткені ол кедейді қанап, шарасыз жағдайында қалдырып кететін, өзі салмаған үйлерді тартып алатын.
20 Ашқарақтығы маза бермейтіндіктен, өзі сүйсінетін нәрселерінің ешқайсысын сақтап қала алмайды.
21 Жеп болған соң, басқа ештеңесі қалмайды. Сондықтан зұлымның дәулеті тұрақты болмайды.
22 Дәулетке кенеліп отырған кезінде басына пәле түседі. Өкпелеген әркім оған қарсы қолын көтереді.
23 Арсыздың қарнын толықтай толтыру үшін, Құдай лаулаған қаһарын оған бағыттап, пәлені жаңбырдай лақ еткізіп төгеді.
24 Зұлым адам темір қарудан қашып құтылып кетсе де, қола ұшты жебе оны түйреп өтетін болады.
25 Соның жылтыраған ұшы денесін тесіп өтіп, арқасынан шыға келмек. Сондықтан ол өлімнен қорқып, зәресі ұшады.
26 Өзіне ерекше қымбат нәрселер түнекте жоғалмақ. Адам үрлемеген от зұлымды жалмайды. Оның үйінде қалған нәрселер де өртеніп кетеді.
27 Аспан оның залымдығын әшкере етіп, жер де оған қарсы шығып, оны айыптайды.
28 Құдай қаһарланып, жазалайтын күні тасыған өзен зұлымның үйіндегі бар өнімін ағызып әкетіп, жоқ қылады.
29 Құдайдың зұлымдарға белгілеген тағдыры осындай, Тәңірдің оларға бұйырған «мұрасы», міне, осы.