Әйүп

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42


Тарау 41

Сол алып аңды жеңемін деген үміттің өзі құр бекершілік. Оны көргеннен-ақ зәрең ұшып қалшылдарсың.
2 Оның мазасын алуға ешкімнің дәті бармайды. Олай болса, Маған қарсы тұра алатын біреу бар ма?
3 Құнын Менен қайтарып аламын деп кім бір нәрсесін Маған беріп қойған? Аспан астындағылардың барлығы да Менікі!
4 Қолтырауынның аяқтары, оның зор қуаты мен керемет дене тұрқы туралы да айтып өтейін.
5 Оның денесінің сыртқы қабатын кім шешіп тастай алады? Оның қос қабат сауытын кім тесіп зақымдай алады?
6 Сондай қорқынышты тістермен көмкерілген оның арандай аузын кім аша алады?
7 Арқасында қатар-қатар тізіліп, бір-бірімен тығыз бекітілген қалқан іспетті қабыршықтары бар.
8 Біреуінің екіншісіне жақындығы сонша, арасынан тіпті ауа да өтпейді.
9 Бірі екіншісіне бекітілген, олар бірін-бірі жауып, еш ажырамайды.
10 Алып хайуан пысқырынғанда жалын шашып, көздері таң шапағындай жайнай бастайды.
11 Аранынан жалын алаулап, от ұшқындайды.
12 Оның танауынан шыққан түтін жанып жатқан қамысқа әрі қайнап тұрған қазаннан шыққан бу мен түтінге ұқсайды.
13 Хайуанның демі көмірді тұтататындай ыстық, аузынан жалын шашады.
14 Мойнында қуаты мол, өзіне тап болғандарға үрей туғызады.
15 Құрсағындағы бұлшық еттерінің бүрмелері бір-бірімен тығыз, біте жабысқан, оларды шайқалтуға болмайды.
16 Жүрегі тастай, диірменнің астыңғы тасындай қатты.
17 Алып хайуан көтерілгенде тіпті мықтылар да қорқады, үрейлері ұшып шегінеді.
18 Оған семсер тисе де, зиян келтіре алмайды. Найза, сүңгі, алдаспан да дарымайды.
19 Ол темірді сабандай, қоланы шіріген ағаш іспетті көреді.
20 Садақтың жебесі оны қашуға мәжбүрлей алмайды, сақпанмен атылған тастар ол үшін қабықпен бірдей.
21 Сол хайуанды сойылмен соғу сабанмен ұрған іспетті, алдаспанның тарсылына ол тек күліп қана қояды.
22 Бауырындағы қабыршақтары қыш құмыраның өткір сынықтарындай. Қозғалса, жер жыртылып, іздері қалады.
23 Ол тұңғиыққа сүңгіген кезде теңіз беті қайнаған қазандай тасиды.
24 Жүзгенде артынан ақ із қалдырып, көргендер теңіздің ақ шашы бар екен деп ойлайды.
25 Жер бетінде қорқынышты білмейтін ол сияқты ешбір хайуан жоқ.
26 Ол барлық тәкаппар аңдарға менсінбей қарап, жабайы аңдардың патшасы болып қала береді.