Римдіктерге

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16


Тарау 14

Сенімі әлсіз бауырластарды олардың ой-пікірлері жөнінде таласпай, қауымдарыңда қабыл алыңдар!
2 Мысалы, біреу «маған тамақтың бәрін де жеуге болады» деп сенсе, соған күмәнданатын басқа біреу көкөніс қана жейді.
3 Ет жейтін бауырлас одан бас тартқанды менсінбей жүрмесін. Ал еттен бас тартқан бауырлас оны жейтінді айыптамасын, өйткені Құдай соны да қабылдады.
4 Басқа Біреудің қызметшісін айыптауға қандай қақың бар?! Қызметшісін ақтау не айыптау — Иесінің ісі. Бауырласың ақталады әрі теріс жолға түсуден сақталады, себебі оны сенім жолында ұстауға Тәңір Иеміздің құдіреті жеткілікті.
5 Кейбіреулер бір күнді басқасынан қасиеттірек, ал өзгелері күндердің бәрін бірдей қасиетті деп санайды. Әрқайсысы осы мәселелер жайында күмәні болмау үшін олардың дұрыстығын ойлап, бір нақты шешімге келуі керек.
6 Бір күнді екіншісінен қасиеттірек көретін кісі оны Иеміз үшін істейді, ал күндерді бірдей көретіннің ниеті де солай. Ет жейтін де мұнысын Иемізді құрметтеу үшін істейді, ол жеген тамағы үшін Құдайға шүкірлік етеді ғой. Одан бас тартқан да солай, ол да Құдайға шүкірлік етеді.
7 Ешқайсымыз тек өзіміз үшін ғана өмір сүрмейміз де, өлмейміз де.
8 Себебі өмір сүрсек, Иемізді даңқтау үшін өмір сүреміз, ал өлсек, Иемізді даңқтау үшін өлеміз. Сонымен өмір сүрсек те, өлсек те, Иеміздің меншігіміз.
9 Мәсіх бәрінің де: өлгендер мен тірілердің Иесі болуы үшін жанын құрбан етіп, қайта тірілді.
10 Олай болса, мұндай ережелерді орындамайтын бауырласыңды айыптауға қандай қақың бар? Немесе оларды орындап жүрген бауырласыңа менсінбей қарауға қандай қақың бар? Бәріміз де Құдайдың қиямет сотының алдында тұрып, әшкереленетін боламыз.
11 (Ишая пайғамбардың жазбасында) мынадай сөздер жазылған: Мәңгі тірі Жаратқан Ие былай дейді: Менің алдымда әрбір адам тізе бүгіп, тіл біткен әр пенде Құдай екенімді мойындайтын болады деп өз атыммен ант етемін.
12 Демек, әрқайсымыз Құдай алдында өз іс-әрекетіміз үшін есеп береміз.
13 Ендеше бір-бірімізді айыптауды тоқтатайық! Қайта, бауырластарыңды істегендерің арқылы тура жолдан тайдырып, азғындыққа түсірмеуге шешім қабылдаңдар!
14 Мен Иеміз Исамен байланысқандықтан мынаған кәміл сенемін: ешқандай тамақ өзінен-өзі арам емес. Алайда біреу қайсыбір тағамды арам деп санаса, онда ол сол кісі үшін арам.
15 Ал егер сенің ондай тамақты жеуің бауырласыңның ар-ұжданы мен сеніміне нұқсан келтірсе, бұл ісің сүйіспеншілікке жатпайды. Тамаққа бола бауырласыңды теріс жолға түсірме! Мәсіх өз жанын сол бауырласың үшін де құрбан етті.
16 Істеріңе бола жұрттың Ізгі хабарды ғайбаттауына жол бермеңдер!
17 Құдайдың Патшалығы ішіп-жеуде емес, Киелі Рухтың күшімен әділ, өзара тату, қуанышты өмір сүруде.
18 Мәсіхке осылай қызмет еткендер Құдайға ұнамды, адамдарға қадірлі болады.
19 Ендеше өзара тату жүріп, бір-біріміздің рухани өсуімізге көмектесетіннің барлығына жан-тәнімізбен ұмтылайық!
20 Жейтін тамаққа бола бауырластардың өміріндегі Құдайдың ісін бұзба! Әрине, тамақтың бәрі де адал, бірақ біреудің кейбір тағамды ішіп-жеуі басқа сенушілердің өз ар-ұждандарына қайшы іс істеулеріне түрткі болуы дұрыс емес!
21 Егер ет жеу, шарап ішу немесе басқа нәрсе істеу бауырласыңның сенім жолынан тайып, азғындыққа елігіп, рухани әлсіреуіне себеп болса, ондай нәрселерден бас тартқаның жөн.
22 Осы мәселе жайында ұстанған сенімің жеке өзің мен Құдай арасында болсын. Өзінің дұрыс деп таңдағанын істегенде ар-ұжданы айыптамайтын адам бақытты!
23 Ал бір тамақты жеп отырып, «мұным дұрыс емес пе» деп күмәнданған адам айыпталады. Себебі ол соны сеніммен істеген жоқ. Адамның дұрыс екендігіне күмәні бола тұра істеген істерінің бәрі де күнә.
24 Менің Иса Мәсіх туралы уағыздаған Ізгі хабарыма деген сенімдеріңді нығайтуға Құдай құдіретті. Бұл Ізгі хабар ерте заманнан бері құпия болып келгенмен,
25 қазіргі уақытта ашылып жатыр. Осы хабар мәңгілік Құдайдың бұйрығы бойынша Пайғамбарлар жазбаларының уағыздалуы арқылы барлық халықтарға жариялануда. Мұндағы мақсат — олардың Мәсіхке сеніп Оған мойынсұнулары.
26 Даналықтың бірден-бір Иесі — Құдай. Оның даңқы Иса Мәсіх арқылы мәңгі арта берсін! Аумин.