Римдіктерге

Тарау: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16


Тарау 5

1 Сонымен, Иеміз Иса Мәсіхке деген сеніміміз арқылы ақталғандықтан, Оның арқасында Құдаймен татумыз.
2 Құдайдың осы рақымына бізге Иса Мәсіхтің арқасында, сенім арқылы жол ашылды. Енді Құдайдың рақымына бөленіп, салтанатты ұлылығын көреміз деген үмітімізге қатты шаттанамыз!
3 Иә, тіпті азап шегіп жүрсек те, шаттана аламыз. Себебі азаптың бізге шыдамды болуды үйренуге көмектесетінін білеміз.
4 Шыдамдылықтан сенімділік туады, ал сенімділік бізге үміт береді.
5 Бұл үміт алдамшы қиял емес, өйткені бізге сыйлаған Киелі Рухы арқылы Құдай жүрегімізді Өзінің сүйіспеншілігіне кенелтті.
6 Ақталуға ешқандай шарамыз болмай тұрғанда, Мәсіх Құдай алдын ала белгілеп қойған уақытында күнәкар біздер үшін жанын қиды!
7 Тіпті әділ біреу үшін өмірін құрбан ететін ешкім жоқ іспетті. Тым болмағанда, шынайы ізгі адам үшін бірен-саран кісі өмірін қиюға даяр болуы мүмкін.
8 Дегенмен, әлі де күнәкар болып жүрген кезімізде біз үшін Мәсіх өмірін құрбан етті! Осы арқылы Құдай бізге Өзінің зор сүйіспеншілігін дәлелдеді.
9 Енді біз Мәсіхтің қаны төгіліп құрбан болғандығы арқылы ақталған соң, Оның арқасында Құдайдың қаһарынан мәңгілік құтқарылатынымыз да сөзсіз!
10 Себебі бұрын біз Тәңірге әлі де қас болған кезде Оның рухани Ұлының өлімі арқылы Құдаймен татулассақ, енді татуласқандар ретінде Мәсіхтің өмірі арқылы толықтай құтқарылатынымыз сөзсіз!
11 Бұл ғана емес, біз Иеміз Иса Мәсіх арқылы Құдайдың Өзіне қатты шаттанып та жүрміз, өйткені Мәсіхтің арқасында Онымен татуластық.
12 Бұдан шығатын қорытынды мынау: бір адам арқылы дүниеге күнә, ал күнә арқылы өлім келді. Адамдардың бәрі де ажалды болды, өйткені барлығы күнә жасады.
13 Әрине, Мұса арқылы Таурат заңы берілгенге дейін де дүниеде күнә болған. Ал заң жоқ жерде күнәлар адамның мойнына артылмайды.
14 Бірақ та өлім Адам атадан Мұсаның заманына дейін өзінің билігін жүргізіп келді. Дәл Адам атаның Құдайдың анық бұйрығын бұзғаны сияқты күнә жасамағандарға да өлім билігін жүргізді. Адам атаға қарайтын болсақ, кейінірек келген Мәсіх жайында көп нәрселерді жақсырақ түсіне аламыз.
15 Алайда Құдайдың беретін сыйын және Адам атаның күнә жасауын салыстыруға болмайды: сол бір кісінің күнәсі арқылы бүкіл адамзат ажалды болды, ал Құдайдың рақымы және Оның бір Кісінің, яғни Иса Мәсіхтің рақымы арқылы берген сыйы одан қаншама зор! Осы сый көптеген адамдарға молынан тиді.
16 Құдайдың адамды тегін ақтауы мен Адам атаның күнә жасауы басқа жақтан қарағанда да тең емес: Адам атаның жасаған бір күнәсінен кейін Тәңір «кінәлісің» деген үкімін шығарды, ал адамзат жасаған көп күнәлардан кейін Ол «ақталдың» деген тегін сыйын берді!
17 Күнә жасаған бір кісі — Адам ата арқылы өлім бүкіл адамзатқа билік жүргізіп келеді. Сол сияқты, Құдайдың шексіз рақымын және әділдіктің тегін сыйын қабылдағандар бір Кісі — Иса Мәсіх арқылы өмірде билік құрады.
18 Сонымен, бір кісінің күнәсі бүкіл адамзатқа өлім жазасын алып келді. Ал өзге бір Кісінің әділ ісі (Оған сенушілердің) бәрін ақтап, мәңгілік өмір сыйлады.
19 Бір кісінің Құдайға мойынсұнбауы көптеген адамдарды күнәкар етті. Дәл солай, басқа бір Кісінің Құдайға мойынсұнуы арқылы көптеген адамдар ақталады.
20 Ал Таурат заңы болса, күнә туралы түсінігіміздің көбейе түсуі үшін берілді. Бірақ күнә қаншалықты көбейсе, Құдайдың рақымы одан да асып түсті.
21 Сонымен, күнәнің адамзатты билеп-төстеп, өлімге алып келгеніндей, Құдайдың рақымы да билік құрып, адамдарды ақтап, Иеміз Иса Мәсіх арқылы мәңгілік өмірге жеткізеді.