Римдіктерге

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16


Тарау 15

Сенімі берік біздер күмәнданғандардың Таурат заңына сәйкес іс-әрекеттеріне төзіп, оларға көмектесуге тиіспіз. Тек өзімізге ұнайтынды ғана емес,
2 маңайымыздағы бауырластарға ұнайтынды да істеп, олардың игілігіне әрі рухани өсуіне себепші болуымыз керек.
3 Мәсіх те Өзіне емес, көктегі Әкеге ұнайтынды істеді. Забурда алдын ала былай деп жазылған: «Сені қорлағандардың ғайбаты Маған тиген».
4 Киелі жазбалардағы осындай сөздердің бәрі бізге тәлім болсын деп ежелде жазылып қалдырылды. Керемет болашағымыздан үміт үзбеуіміз үшін Киелі жазбалар арқылы табандылық пен жігерлілікке үйренеміз.
5 Осы табандылық пен жігердің бастауы — Құдай. Ол сендерді Мәсіх Исаның үлгісіне сай өзара татулыққа жеткізе көрсін.
6 Осылай ынтымақпен өмір сүріп, Иеміз Иса Мәсіхтің Әкесі — Құдайды бірігіп мадақтай аласыңдар.
7 Сонымен, Мәсіх өздеріңді қалай қабылдаса, сендер де бір-біріңді солай қабылдап, Құдайдың даңқын асырыңдар!
8 Сендерге айтамын: Мәсіх Құдайдың адалдығын дәлелдеу үшін сүндеттеу рәсімін ұстанып келген Исраил халқына қызмет көрсетті. Ол осылай Құдайдың ата-бабаларымызға берген уәдесін іске асырды.
9 Сонымен қатар, Мәсіхтің ісі басқа ұлттық сенушілердің Құдайдың өздеріне деген мейірімін мадақтауларына да себепші болды. Бұл туралы Киелі жазбаларда былай делінген: «Басқа халықтар арасында сондықтан Сені мадақтаймын, Сенің атыңа ән-жырымды арнаймын».
10 Киелі жазбалардың тағы бір жерінде мынадай сөздер бар: «Шаттаныңдар енді, уа, басқа ұлттар, Жаратқан Иенің халқымен қатар!»
11 Сондай-ақ: «Иемізді даңқтаңдар, барлық ұлттар, Оны мадақтаңдар, күллі халықтар!» — деп те жазылған.
12 Ал Ишая пайғамбар мынадай сөздерді жазып қалдырған: Есей ұлы Дәуіт патшаның «тамырынан» өскін іспетті шыққан Ұрпақ халықтарға билік құрады. Басқа ұлттар Оған үмітін артады.
13 Үмітіміздің бастауы — Құдай қандай жағдайда да бәріңді қуаныш пен тыныштыққа кенелте көрсін! Өздерің Оған сене отырып, Киелі Рухтың құдіретімен үміттерің молая түссін!
14 Бауырластарым, сендердің ниеттеріңнің ізгілікті болғанына кәміл сенемін. Осы жайттар туралы өздеріңе керектілердің бәрін де біліп, бір-біріңе бағыт-бағдар көрсете аласыңдар.
15 Бұған қарамастан мен осы хатымда бірқатар мәселелерді естеріңе түсіріп, едәуір ашық жаздым. Себебі Құдай маған рақым етіп мынадай міндетті тапсырды:
16 басқа халықтар арасында Иса Мәсіхке діни қызметкер іспетті қызмет етіп, сендерге Құдайдың Ізгі хабарын жеткізу. Осылайша басқа ұлт адамдарының өмірлерін Киелі Рух арқылы Құдайға бағышталған, «тірі құрбандық» секілді Оған ұнамды қылуды көздеймін.
17 Сондықтан мен Иса Мәсіхпен тығыз байланыста жүріп, Құдай үшін атқарған жұмысымды мақтан тұтамын.
18 Мәсіхтің өзім арқылы істегендерінен басқа еш нәрсе туралы айтуға батылым жетпейді: басқа халықтардың Ізгі хабарды естіп, мойынсұнулары үшін Киелі Рухтың құдіретімен сөйлеп, әрекеттеніп,
19 уағыздайтындарым Құдайдың хабары екенін растайтын құдіретті кереметтер жасап келдім. Сөйтіп Иерусалимнен Іллирик өлкесіне дейінгі үлкен шеңберге ұқсас саяхаттарымда Мәсіх туралы Ізгі хабарды сол өлкелерде жариялау міндетімді толығымен орындадым.
20 Осылай жүргенде уағыздау жұмысын Мәсіхтің аты әлі де белгісіз жерлерде жүргізуді мақсат тұттым. Басқа кісінің қалап қойған іргетасын пайдаланып үйін салған біреудей өзгелердің бастаған істеріне араласқым келмеді.
21 Қайта, Ишая пайғамбардың жазбасындағы мынадай сөздер орындалып отыр: Ол туралы еш хабар алмағандар енді көреді, әрі еш естімегендер енді түсінеді.
22 Сендерге баруыма қайта-қайта бөгет болған да осы міндетім еді.
23 Ал енді бұл өлкелерде менің уағыз жүргізуге тиіс жерлерім қалмағандықтан, оның үстіне көп жылдан бері сендерді көрсем деп аңсағандықтан,
24 Испанияға аттанғанда өздеріңе соқпақпын. Себебі мен сапар барысында сендерді көріп, біраз уақыт бірге болып қуанышқа кенелгеннен кейін, сендер мені солай қарай шығарып саларсыңдар деген үмітім бар.
25 Алайда дәл қазір Иерусалимге сапар шегіп, Құдайдың сол жердегі адамдарына қызмет көрсетпекпін.
26 Македония мен Ахаядағы қауымдар Құдайдың Иерусалимдегі адамдарының арасындағы мұқтаждары үшін ақша жинауды дұрыс деп тауып, оны зор ынтамен ұйымдастырды.
27 Бұлай істеуді өздері шешті. Шынында да олар исраилдік қауымдар алдында қарыздар ғой: басқа ұлттық сенушілер Құдайдың бұрыннан таңдап алған Исраил халқының «рухани қазыналарынан» үлес алғандықтан, олар өз кезегінде исраилдіктермен бұ дүниелік игіліктерімен де бөлісуге тиіс.
28 Осыны орындап, жинағаннан түскен «өнімді» аман-есен апарып тапсырған соң, Испанияға беттеп, жол-жөнекей сендерге соқпақпын.
29 Сол кезде Мәсіхтің жарылқауына молынан кенелетінімізге еш күмәнім жоқ.
30 Бауырластарым, сендерден Иеміз Иса Мәсіхтің атымен және Киелі Рухтың сүйіспеншілігімен өтінемін: Құдайға мен үшін сиына отырып, рухани күресіме атсалысыңдар!
31 Ол мені Яһудея аймағындағы сенбеушілерден құтқарсын, әрі Иерусалимдегі қызметім Құдайдың адамдарына ұнамды болсын.
32 Осылай мен, Құдай қаласа, қуана-қуана сендерге келмекпін. Сонда біз бірге болып, көңілімізді өзара орнықтырамыз.
33 Тыныштық сыйлайтын Құдай бәріңе де жар болсын! Аумин.