Римдіктерге

Тарау: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16


Тарау 7

1 Қымбатты бауырластар, сендер заң туралы білетіндіктен айтып отырмын: заң адамға оның көзі тірісінде ғана билігін жүргізеді, соны білесіңдер ғой.
2 Мысалы, тұрмысқа шыққан әйел күйеуінің тірісінде оны тастап кетсе, бұнысы неке заңына қарсы. Бірақ күйеуі өлсе, әйел оған қосқан заңның ықпалынан босайды.
3 Сонымен, егер бір әйел күйеуін тірі кезінде тастап, басқа еркекпен тұрса, ондайды неке бұзушы дейді. Ал күйеуі өлсе, әйел неке заңынан босайды. Бұдан кейін басқа біреуге қосылса, неке бұзушы болып саналмайды.
4 Сол сияқты сендер де, бауырластарым, Мәсіхтің тәні өлгенде рухани тұрғыдан Онымен бірге «өлдіңдер», сонымен Таурат заңын орындау міндетінен босадыңдар. Енді сендер басқа Біреудің қарамағындасыңдар: Ол — өлімнен қайта тірілген Мәсіх. Сондықтан біз Құдайға қызмет етіп, рухани жеміс бере аламыз.
5 Біз әлі де ескі күнәкар болмысымыздың билігінде жүрген кезде заңның өзі бойымызда күнәлі құмарлықтарды қоздырып оятты. Осылайша біз нәтижесі өлім болатын нәрселерді істеп келдік.
6 Ал енді біз өзімізді байлап қойған Таурат заңын орындау міндетінен босатылдық, себебі рухани тұрғыдан «өліп», оған жоқ болдық. Ендеше Құдайға бұрынғыдай тек заңның баптары бойынша емес, Киелі Рухтың жетелеуімен жаңаша қызмет етеміз.
7 «Бұдан қандай қорытынды шығады? (Бойымыздағы күнәлі құмарлықтарды қоздырып, оятқандығына бола) Таурат заңы күнәлі ме?» Жоқ, мүлдем олай емес! Бірақ заң болмаса, күнә жасағанымды білмес едім. Мысалы, Таурат заңы «Басқаның иелігіне сұқтанба!» демесе, сұқтанудың күнә екенін білмес едім.
8 Алайда күнә жағдайды пайдаланып, осы өсиеттің көмегімен менің бойымдағы күнәлі құмарлықтардың әр түрін қоздырды. Заң болмағанда күнә туралы білім болмас та еді.
9 Бір кезде заңды білмей өмір сүрдім. Ал заңның өсиеттерін естіген соң мен күнә туралы түсіне бастап,
10 рухани тұрғыдан өлгенімді, яғни Құдайдан ажырағанымды, білдім. Осылай Құдайдың нағыз өмірге жөн сілтейтін өсиеті маған өлім алып келді.
11 Себебі күнә жағдайды пайдаланып, мені еліктіріп, рухани өлімге душар етті.
12 Ендеше Таурат заңы қасиетті, өсиет те қасиетті, әділ және игі.
13 «Сонымен осындай игі заң маған рухани өлімді (яғни Құдайдан ажырауды) әкелгені ме?» (деп біреудің сұрауы мүмкін.) Жоқ, мүлдем олай емес! Қайта, күнәлі құмарлық игі заңды пайдаланып, өлім әкелді. Бұл, күнәнің шын мәнінде нағыз жаман, жексұрын нәрсе екенін өсиет арқылы анық көрсету үшін осылай болды.
14 Таурат заңының Құдай Рухынан шыққанын білеміз, ал мен пенде ретінде күнәлі құмарлықтардың құлдығындамын.
15 Не істеп жүргенімді өзім де түсінбеймін: қалағанымды емес, керісінше, жек көретінімді істеп жүрмін.
16 Ал өзім қаламайтын қылықтарды істегендіктен, Таурат заңының игі екенін іштей мойындаймын.
17 Онда жаман нәрсені істеген мен емес, бойымдағы күнәлі құмарлық.
18 Менің бойымда, яғни ескі күнәкар болмысымда, жақсылық жоқ екенін білемін; сондықтан да жақсылық жасағым келсе де, оны жүзеге асыратын күшім жоқ.
19 Осылай мен қалаған игілікті емес, қаламайтын жамандықты жасаймын.
20 Ал енді, өзім қаламайтын жамандықты жасағанымда бұны істеген мен емес, бойымдағы күнәлі құмарлық.
21 Осылай мен байқаған заңдылық мынау: жақсылық жасағым келсе де, бойымдағы жаман құмарлық қарсы тұрады.
22 Іштей Құдай заңына ризамын,
23 бірақ бойымда басқа бір заңдылықтың да бар екенін байқаймын: ол ақыл-ойым қалайтын жақсылыққа қарсы шығып, мені бойымдағы күнәлі құмарлыққа кіріптар етеді.
24 Сорлы басым-ай! Өлім әкелетін күнәлі тәнімнен мені кім құтқара алады?
25 Құдайға шүкір, Иеміз Иса Мәсіх арқылы (бойымыздағы күнәлі құмарлықтың құлдығынан құтқарыла аламыз)! Сонымен, жағдайым мынадай: ақыл-ойыммен Құдайдың заңын орындағым келеді, ал ескі күнәкар болмысымның кесірінен күнәлі құмарлыққа кіріптармын.