Левит

Тарау: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27


Тарау 17

Жаратқан Ие Мұсаға тағы былай деп бұйырды:
2 — Һарон мен оның ұлдарына және барлық исраилдіктерге мынаны айт: Жаратқан Иенің бұйрығы мынау:
3 егер Исраил халқынан біреу не мүйізді ірі қарасын, не тоқтысын, не ешкісін ел қонысының ішінде немесе оның сыртында шалып,
4 ал оны кездесу шатырының кіреберісіне алып келіп, Жаратқан Иеге арнап Оның (жер бетіндегі) тұрағының алдында құрбандыққа ұсынбаса, малдың қаны сол адамның өз мойнына жүктеледі. Адам қан төккен болып есептелінеді, оны халықтан аластату қажет.
5 Бұның мақсаты — исраилдіктердің бұрын ашық далада шалып келген құрбандықтарын бұдан былай Жаратқан Иеге әкелулері. Олар құрбандықтарын кездесу шатырының кіреберісіндегі діни қызметкерге алып келіп, оларды Жаратқан Иемен қарым-қатынастарына ризашылықтарын білдіріп құрбандыққа шалып, Оған ұсынсын.
6 Діни қызметкер құрбандықтың қанын кездесу шатырының кіреберісінің алдында тұрған Жаратқан Иенің құрбандық үстеліне шашып, майларын Жаратқан Иеге хош иісті де ұнамды тарту ретінде өртеп жіберсін.
7 Олар бұдан былай Жаратқан Иеге опасыздық жасап, теке кейпіндегі жалған тәңірлерге құлшылық етпесін, әрі соларға ешбір құрбандықтарын ұсынбасын! Бұл — олардың өздері үшін де, келер ұрпақтары үшін де тұрақты ереже.
8 Оларға былай де: егер не Исраилдің үрім-бұтағынан біреу болсын, не араларында тұрып жатқан жат жұрттық адам болсын, шалынып, түгелдей өртелетін немесе басқа бір құрбандық ұсынса,
9 бірақ онысын Жаратқан Иеге ұсыну үшін кездесу шатырының кіреберісіне алып келмесе, сол адам халықтың арасынан аластатылсын!
10 Егер не Исраилдің үрім-бұтағынан біреу, не араларында тұрып жатқан жат жұрттықтардан біреу қанның кез келген түрін ішіп-жейтін болса, Мен сондай адамға қарсы шығып, оны халықтың арасынан аластатамын.
11 Себебі тірі мақұлықтың жаны оның қанында. Мен сендерге жандарыңды арамданған күйлерінен тазарту үшін құрбандық үстелінде ұсынылған қанды бұйырдым. Өйткені төгілген қан арқылы жанның құны өтеліп, оны арамданған күйінен тазартады.
12 Сондықтан Мен Исраил халқына былай дедім: «Сендердің ешқайсыларыңның да араларыңда тұрып жатқан жат жұрттықтардың да қанды ішіп-жеулеріңе болмайды!»
13 Не исраилдік, не араларыңда тұрып жатқан жат жұрттық біреу жеуге болатын аңды не құсты ауласа, соның қанын толық ағызып, топырақпен көміп тастаңдар!
14 Әрбір мақұлықтың жаны оның қанында. Сол себепті Мен исраилдіктерге ешқандай тәннің қанын ішіп-жемеуді бұйырдым. Өйткені барлық мақұлықтардың жаны қанында. Сол себепті оны ішіп-жеген әркім аластатылуға тиіс.
15 Кімде-кім, не исраилдік болсын, не жат жұрттық болсын, арам өлген немесе жыртқыш аңдарға таланып өлген хайуанның етін жесе, ол киімдерін жуып, өзі де сумен жуынсын. Сол адам кешке дейін арамданған, ал содан соң таза болып саналады.
16 Ал егер киімдерін жумай, өзі де жуынбаса, оның айыбы өз мойнында болады.