Левит

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27


Тарау 9

Сол жеті күн өткенде сегізінші күні Мұса Һарон мен оның ұлдарын және Исраилдің рубасыларын шақырып алып,
2 Һаронға былай деді: «Күнәнің құнын өтейтін құрбандығың үшін табыннан бір жас ірі қара малды, әрі шалынып, түгелдей өртелетін құрбандығың үшін бір қошқарды Жаратқан Иенің алдына алып кел. Екеуі де ешбір мінсіз болсын.
3 Содан соң Исраил халқына мынаны айт: Жаратқан Иенің алдында ұсыну үшін күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа бір теке, шалынып, түгелдей өртелетін құрбандыққа бір жастағы, ешбір мінсіз бір бұқа мен қошқарды
4 әрі қарым-қатынасқа ризашылық білдіретін құрбандыққа бір мүйізді ірі қара мен қошқарды, сондай-ақ, зәйтүн майымен араластырылған астық тартуын алыңдар. Себебі бүгін Жаратқан Ие сендерге көрінетін болады».
5 Олар Мұсаның бұйырғандарын кездесу шатырының алдына алып келді. Бүкіл қауым жақындап келіп, Жаратқан Иенің алдында тұрды.
6 Мұса оларға былай деді: «Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты өздеріңе көрінуі үшін Ол сендерге осыларды істеуге бұйырды».
7 Мұса Һаронға былай деді: «Құрбандық үстеліне жақындап кел де, күнәнің құнын өтейтін құрбандықты және шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықты ұсынып өзіңді және халықты күнәларыңның арамдығынан тазарт. Мұнан кейін халықтың құрбандықтарын да шалып, оларды күнәларының арамдығынан тазарт. Жаратқан Иенің бұйырғанындай істе».
8 Сонда Һарон құрбандық үстеліне жақындап келді де, жас бұқаны өзінің күнәларының құнын өтейтін құрбандық ретінде шалды.
9 Һаронның ұлдары оған қанды алып келді, ол саусағын қанға малып алып, құрбандық үстелінің мүйіз тәрізді шошақтарына жақты. Қанның қалған бөлігін құрбандық үстелінің түбіне төкті.
10 Һарон Жаратқан Иенің Мұса арқылы берген бұйрығы бойынша күнәнің құнын өтейтін құрбандықтың ішмайын, бүйректерін және бауырының көк етін құрбандық үстелінде өртеп жіберді.
11 Ал оның еті мен терісін ел қонысының сыртына шығарып, өртеді.
12 Содан соң Һарон түгелдей өртелетін құрбандықты шалды. Һаронның ұлдары оған құрбандықтың қанын алып келіп, ол соны құрбандық үстеліне барлық жақтарынан бүрікті.
13 Һаронның ұлдары оған түгелдей өртелетін құрбандықтың мүшеленген бөліктерін басымен қоса бір-бірден табыстады. Ол соның барлығын құрбандық үстелінде түтетіп өртеп жіберді.
14 Бұдан кейін ол құрбандықтың ішек-қарны мен сирақтарын жуып, құрбандық үстелінде өртелген құрбандықтың үстінен түтетіп өртеп жіберді.
15 Һарон халық үшін шалынатын құрбандықтарды да алып келді. Солардан ол халықтың күнәларының құнын өтейтін бір текені алып, оны бұдан бұрынғы құрбандық сияқты шалып, күнәнің құнын өтейтін құрбандық ретінде ұсынды.
16 Һарон түгелдей өртелетін құрбандықтарды да әкеліп, ережеге сәйкес шалып, ұсынды.
17 Оның үстіне ол астық тартуын да алып келіп, одан бір уыс алып, таңертеңгі шалынып, түгелдей өртелетін құрбандыққа қоса құрбандық үстелінде өртеп жіберді.
18 Мұнан кейін Һарон халықтың Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылық білдіретін құрбандығы ретіндегі бұқа мен қошқарды шалды. Һаронның ұлдары оған солардың қанын табыстап, ол соны құрбандық үстеліне барлық жақтарынан бүрікті.
19 Олар бұқа мен қошқардың майлы бөліктерін, яғни майлы құйрықтарын, шарбы майын, бүйректерін және бауырдың көк етін,
20 сол малдардың төстерінің үстіне қойды. Содан кейін Һарон майлы бөліктерді алып, құрбандық үстелінде түтетіп өртеп жіберді.
21 Ал малдардың төстері мен оң жақ сандарын Һарон Жаратқан Иенің алдында Мұсаның бұйырғанына сай әрі-бері тербеп ұсынды.
22 Соңында Һарон халыққа қарай қолдарын жайып, оларға батасын берді. Сонымен ол күнәнің құнын өтейтін, түгелдей өртелетін және Жаратқан Иемен қарым-қатынасқа ризашылық білдіретін құрбандықтарды шалып, ұсынып болған соң (құрбандық үстелінің қасынан) төмен түсті.
23 Мұнан кейін Мұса мен Һарон кездесу шатырына кірді. Сыртқа шыққанда олар халыққа бата берді. Сонда Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты бүкіл халыққа көрінді.
24 Жаратқан Иенің алдынан бір от лап етіп шығып, құрбандық үстеліндегі түгелдей өртелетін құрбандықтар мен майлы бөліктерді жалмап қойды. Осыны көргенде бүкіл халық қуаныштан айқайлап, етпеттерімен жерге құлап, тағзым етті.