Левит

Тарау: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27


Тарау 7

Айыпты өтейтін құрбандықты ұсыну тәртібі мынау: сол құрбандық Жаратқан Иеге бағышталған ерекше киелі.
2 Осы құрбандық күнәнің құнын өтейтін құрбандықтар шалынатын жерде шалынсын. Діни қызметкер оның қанын құрбандық үстеліне барлық жақтарынан шашсын.
3 Ал оның бүкіл майын: майлы құйрығын, ішмайы мен шарбы майын,
4 қос бүйректегі майды жамбас майымен бірге және бауырдың үстіндегі көк етті бүйректермен бірге бөліп алып қойсын.
5 Діни қызметкер осы бөліктерді Жаратқан Иеге өртелу арқылы жасалатын құрбандық ретінде құрбандық үстелінде өртеп жіберсін.
6 Діни қызметкерлердің отбасыларындағы әрбір ер адамның сол құрбандықтың етін жеуіне болады. Оны киелі орында жесін, ол Жаратқан Иеге бағышталған ерекше киелі.
7 Күнәнің құнын өтейтін құрбандықтың ережесі қандай болса, айыпты өтейтін құрбандықтың ережесі де сондай: құрбандықтың еті адамның күнәсінің арамдығын тазартатын құрбандықты ұсынған діни қызметкерге тиісті.
8 Діни қызметкер біреудің шалынып, өртелетін құрбандығын Жаратқан Иеге ұсынғанда, сол малдың терісі де діни қызметкерге тиесілі болады.
9 Сол сияқты, тандырда, табада не жалпақ табада пісірілген әрбір астық тартуы Жаратқан Иеге ұсынылғанда, ол соны Жаратқан Иеге ұсынған діни қызметкерге тиісті болады.
10 Май қосылған болсын не май қосылмаған құрғақ болсын, әрбір астық тартуы Һаронның ұлдарының барлығына бірдей тиесілі.
11 Адамның Жаратқан Иеге Онымен қарым-қатынасына ризашылығын білдіретін құрбандықтар мен тартулар ұсынуы жайлы нұсқаулар мыналар.
12 Егер адам Жаратқан Иеге шүкіршілік ету үшін бір құрбандық әкелсе, онда ол сонымен бірге зәйтүн майы қосылған ашымаған нандар, ашымаған әрі майланған пәтір нандар және таңдаулы бидай ұнынан маймен жақсылап араластырылып пісірілген нандарды да қоса тартуы керек.
13 Сол адам осы нандарымен және Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылық білдіретін құрбандығымен қоса ашытқымен пісірілген нандарды да тарту етсін.
14 Осылардан ол Жаратқан Иеге арнап бір-бір наннан тарту етсін. Бұл нандар құрбандықтың қанын құрбандық үстеліне бүркіп шашқан діни қызметкерге тиесілі болады.
15 Құрбандықтың етін құрбандық шалған күні жеу керек, оны ертеңге дейін қалдыруға болмайды.
16 Ал егер адамның құрбандығы ант етілген немесе (өз еркімен ұсынылған) тарту болса, соның еті құрбандық шалынған күні желінсін, ал оның қалған етін келесі күні де жеуге болады.
17 Алайда үшінші күні еттің қалғанын міндетті түрде өртеп жіберу керек.
18 Егер сол еттен үшінші күні де желінсе, онда сол адамның Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылық білдірген құрбандығы қабылданбайды да, оған бұдан еш сауап тимейді. Сондай ет арамданып, жиренішті болады, одан жеген адам өз айыбын өзі көтереді.
19 Кез келген арам нәрсемен жанасып кеткен етті жеуге болмайды. Ондай етті өртеп жіберу керек. Бірақ арамданбаған әркімнің басқалай етті жеуіне болады.
20 Ал егер арамданған біреу Жаратқан Иемен қарым-қатынасқа ризашылық білдірген құрбандықтың етін жесе, ондай адам халқының арасынан аластатылсын! Ол Жаратқан Иеге арналған етті тазару рәсімінен өтпеген арам күйінде жеді ғой.
21 Сондай-ақ, егер біреу не адамның денесінен бөлініп оны арамдайтын былғанышқа, не арам хайуанға, не кез келген арам да жиренішті басқа бір затқа жанасқан соң Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылық білдіріп, Оған арналған құрбандықтың етін тазару рәсімінен өтпеген арам күйінде жесе, сондай кісі де халқының арасынан аластатылсын!
22 Содан соң Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді:
23 — Исраил халқына мынаны айт: Мүйізді ірі қараның, қойдың, ешкінің ешқандай (іш) майын ішіп-жеулеріңе болмайды.
24 Сол сияқты, арам өлген не жыртқыш аңға таланып өлген хайуанның майын басқа қажеттеріңе жаратуларыңа болады, тек оны ішіп-жеулеріңе болмайды.
25 Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған құрбандықтың майын жеген кез келген адам халқының арасынан аластатылсын!
26 Тұрған мекендеріңнің бәрінде құстың да, хайуанның да қанын ішіп-жемеңдер!
27 Қанды ішіп-жеген әрбір адам халқының арасынан аластатылсын!
28 Жаратқан Ие Мұсаға тағы нұсқау беріп былай деді:
29 — Исраил халқына мынаны айт: Жаратқан Иеге Онымен қарым-қатынасына ризашылығын білдіретін құрбандығын алып келген әркім соның бір бөлігін Жаратқан Иеге арнайы тарту ретінде ұсынуға тиіс.
30 Адам Жаратқан Иеге өртелу арқылы жасалатын бұл тартуын, яғни малдың ішмайын, өз қолымен ұсынуы керек: ол малдың ішмайы мен төсін әкеліп, төсті Жаратқан Иенің алдында әрі-бері тербеп ұсынылатын тарту ретінде Оған бағыштасын.
31 Діни қызметкер ішмайды құрбандық үстелінде өртесін, ал төс Һарон мен оның ұлдарына тиесілі болады.
32 Жаратқан Иемен қарым-қатынасыңа ризашылығыңды білдіретін құрбандығың ретінде шалынған малыңның оң жақ сан етін діни қызметкерге көтеріп ұсынылатын тарту ретінде бер.
33 Осы оң жақ сан еті құрбандықтың қанын бүркіп, майын өртеп ұсынған діни қызметкердің сыбағасы болып табылады.
34 Мен исраилдіктердің Өзіммен қарым-қатынастарына ризашылықтарын білдіретін құрбандықтарынан малдардың әрі-бері тербеп ұсынылған төсін және көтеріп ұсынылған сан етін діни қызметкер Һаронға және оның ұқпақтарына мәңгілік сыбаға етіп тағайындадым.
35 Олардың сыбағасы, міне, осы. Ол Һарон мен оның ұлдары Жаратқан Иеге діни қызметке тағайындалған күнінен бері оларға өртелу арқылы ұсынылған құрбандықтардан белгіленген.
36 Һарон мен оның ұлдарына май жағу рәсімі жасалып, қызметке тағайындалған кезде Жаратқан Ие Исраил халқына мынадай бұйрық берген болатын: Олар осы сыбағаны әрқашан діни қызметкер Һаронға және оның ұрпақтарына беріп тұратын болсын!
37 Шалынып, түгелдей өртеліп ұсынылатын құрбандық, астық тартуы, күнәнің құнын өтейтін құрбандық, айыпты өтейтін құрбандық, діни қызметкерді тағайындау рәсіміндегі құрбандық және Жаратқан Иемен қарым-қатынасқа ризашылық білдіретін құрбандық туралы нұсқаулар, міне, осылар.
38 Жаратқан Ие оларды Синай тауының басында Мұсаға тапсырды. Сол кезде Жаратқан Ие Өзіне сый-тарту алып келулері жайлы осы нұсқауларын Синай атты иен далада (уақытша аялдаған) Исраил халқына берді.