Левит

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27


Тарау 26

Өздеріңе ешқандай тәңір бейнелерін жасамаңдар! Не бір тәңірдің ойып жасалған мүсінін, не киелі тас бағана орнатушы болмаңдар! Елде қашалған тас мүсін орнатып, оған тағзым етіп табынушы да болмаңдар! Мен сендердің Құдайларың — Жаратқан Иемін.
2 Маған бағышталған демалыс күндерін берік сақтап, Менің киелі үйімді терең қастерлеңдер! Мен Жаратқан Иемін.
3 Егер сендер ережелеріме бағынып, өсиеттерімді мұқият сақтап орындасаңдар,
4 Мен мезгілінде жаңбыр жаудырамын, сонда жер өнімін, ағаштар жемісін береді.
5 Молынан орған астықты жүзім жинайтын мерзімге дейін бастырып, ағыл-тегіл піскен жүзімді егіс науқанына дейін жинайтын боласыңдар. Осылай сендер тамақты тоя ішіп-жеп, елдеріңде аман-есен тұратын боласыңдар.
6 Мен елдеріңе тыныштық сыйлаймын, ешкім де сендерді мазаламай, алаңсыз ұйықтайтын боласыңдар. Мен бұл елден жыртқыш аңдарды жоямын. Жау семсері елдеріңді шауып та тастай алмайды.
7 Қайта, сендер жауларыңды өкшелеп қуып, семсерлеріңнің жүзімен қырып-жоятын боласыңдар.
8 Бесеуің — жүз, ал жүзің — он мың жауды қуатын боласыңдар. Жауларың алдарыңда семсерлеріңнің жүзінен ойсырай жеңіліп, қырылатын болады.
9 Мен сендерге мейіріммен қарап, өсіріп-өндіріп сандарыңды көбейтемін. Сендермен жасаған Келісімімді берік сақтаймын.
10 Өткен жылғы астықты әлі жеп бітірмей, жаңа орған өнімді қоймаларыңа құю үшін өткен жылдан қалғандарын шығарып тастайтын боласыңдар.
11 Мен араларыңда Өзімнің жер бетіндегі тұрағым — киелі орынды құрып, сендерден еш жиренбейтін боламын.
12 Араларыңда жүріп, сендердің Құдайларың боламын, ал сендер Менің халқым боласыңдар.
13 Сендерді мысырлықтардың құлдығынан азат етіп, Мысырдан алып шыққан Құдайларың Жаратқан Иемін. Мойындарыңа салынған құлдықтың мойынтұрығын Мен сындырдым, бойларыңды тік ұстап жүре алуларыңа мүмкіндік бердім.
14 Бірақ егер Мені тыңдамай, осы өсиеттердің барлығын орындамасаңдар
15 және Менің Келісімімді бұзып, ережелерімді менсінбей, шешімдерімнен жиреніп, бүкіл өсиеттерімді орындаудан қалсаңдар,
16 онда Мен сендерге мыналарды істеймін: аяқ астынан үрей туғызамын, араларыңа өкпе ауруын әрі көздеріңді соқыр етіп, өмірлеріңді қысқартатын індет жіберемін. Жауларың өнімдеріңді тартып алып, егіндеріңді бекер себетін боласыңдар.
17 Сендерге Өзім қарсы шығамын, сонда жауларыңнан жеңіліп қаласыңдар. Өздеріңді жек көретіндер сендерге билігін жүргізетін болады. Тіпті ешкім арттарыңнан қумаған кезде де үрейленіп қашатын боласыңдар.
18 Егер осыдан кейін де Мені тыңдамай қойсаңдар, сендерді күнәларыңа бола жеті есе қаттырақ жазалаймын.
19 Қасарысқан өркөкіректіктеріңді басу үшін аспанды темірдей қылып жаңбыр жаудырмаймын, жерді қоладай қылып қатайтамын.
20 Сонда күштеріңді босқа жұмсайтын боласыңдар, өйткені жерлерің — өнімін, жеміс ағаштарың — мәуелерін бермей қояды.
21 Егер әлі де Маған қарсы шығып, еркіме бағынбай қойсаңдар, күнәларыңа сай апатты жеті есе ұлғайтамын.
22 Сендерге қарсы жыртқыш аңдарды жіберемін, олар сендерді балаларыңнан айырып, малдарыңды жарып құртатын болады. Өздерің де азайып, жолдарың қаңырап бос қалады.
23 Ал бұдан кейін де еш түзелмей, Маған қарсы шыға беретін болсаңдар,
24 онда Мен де сендерге қарсы шығып, күнәларыңа бола жеті есе қаттырақ жазалаймын.
25 Келісімді бұзғандарың үшін сендерден кек алып, елдеріңе семсер ұстаған басқыншы жіберемін. Сендер қалаларыңа бас сауғалап тығылғанда, араларыңа індет жіберіп, жауларыңның қолына түсетін етемін.
26 Мен сендерді наннан айырамын, сонда он әйел бар нанын бір-ақ тандырда жабатын болады, пісірген нанды таразыға тартып бөлісіп алады. Сендер сол азғана нанды жеп, қарындарың тоймайтын болады.
27 Егер осыдан кейін де Мені тыңдаудан бас тартып, Маған қарсы шықсаңдар,
28 онда Мен де сендерге қарсы шығып, қаһарыма мініп, күнәларыңа бола сендерді жеті есе қаттырақ жазалайтын боламын.
29 Сендер әбден ашыққаннан өз ұл-қыздарыңның етін жейтін боласыңдар.
30 Сендердің жалған тәңірлерге табынатын биіктеу жерлердегі орындарыңды қиратамын, оларға арнап хош иісті зат түтететін үстелдеріңді талқандаймын. Өздеріңнің өліктеріңді өлі тәңірлеріңнің сынған мүсіндерінің үстіне үйіп тастап, сендерден әбден жиренетін боламын.
31 Қалаларыңды қиратып, киелі орындарыңды бос қалдырамын, тартуларыңның хош иісін де иіскемеймін.
32 Осылайша осы елді қаңыратып бос қалдырамын. Сонда келіп, қоныстанған дұшпандарың мұны көргенде аң-таң болып жандары түршігетін болады.
33 Ал өздеріңді басқа халықтардың арасына шашыратып жіберемін, Өзім семсерімді суырып алып, арттарыңнан қуамын. Елдерің қаңырап бос қалып, қалаларың қирайтын болады.
34 Біліп қойыңдар, сендер жауларыңның елдерінде жүрген сол кездеріңде осы ел қаңырап бос жатып, сақталмаған тынығу жылдарының орнын толтырады. Сонда елдің топырағы тынығып жататын болады.
35 Қаңырап бос жатқан барлық кезінде елдің топырағы сендер онда тұрған уақытта демалмаған тынығу жылдарының орнын толтырып жатады.
36 Ал араларыңнан тірі қалғандарыңды Мен жауларыңның елінде жүрген кездеріңде жүрексіз үргелек етемін. Сонда сендер тіпті жапырақтың сыбдырынан да шошынып қашатын боласыңдар. Ешкім қумаса да, дұшпанның семсерінен бас сауғалағандай қашып, содан сүрініп құлайсыңдар.
37 Иә, ешкім қумағанда да семсерден қашқандай шошына безіп, бір-біріңнің үстіне құлайтын боласыңдар. Осылайша сендердің жауларыңа қарсы тұруға қауқарларың болмайды.
38 Сендер халықтардың арасында құрып жоқ болып, жау елі сендерді жалмайтын болады.
39 Ал тірі қалғандарың жау елінде өздерінің және ата-бабаларының теріс қылықтарының кесірінен әлсіреп құритын боласыңдар.
40 Сонда араларыңнан тірі қалғандар өздерінің және ата-бабаларының теріс қылықтарын әрі Маған қарсы шығып опасыздық жасағандарын мойындайды.
41 Сол үшін Мен де оларға қарсы шығып, оларды жауларының еліне апарған едім. Ал Маған шын жүректен бағынбаған олар ақыр соңында кішіпейілді болып, Маған мойынсұнады. Сол кезде олар кінәларының жазасын тартып, оны әділ деп қабылдайтын болады.
42 Сонда Мен Жақыппен жасаған Келісімімді, Ысқақпен жасаған Келісімімді, сондай-ақ, Ыбырайыммен жасаған Келісімімді есіме аламын. Сонымен қатар осы елді де есіме түсіремін.
43 Исраил халқы елдерінен қуылып, жер оларсыз бос қалған кезінде, ел тынығу жылдарының орнын толтырып, рақаттанып тынығып жатады. Ал халық Менің шешімдерімді менсінбей, ережелерімнен жиренгендері үшін кінәларының жазасын тартады.
44 Алайда тіпті халық жауларының елдерінде жүрген кезінде де Мен оларды жек көрмеймін әрі олардан жиренбеймін. Әйтпесе олар халық болмай толығымен құрып кетіп, Мен Келісімімді бұзған болып шығар едім. Бірақ та Мен олардың Құдайлары Жаратқан Иемін.
45 Мен олардың Құдайы болуым үшін исраилдіктердің ата-бабаларын басқа халықтардың көз алдында Мысырдан көшіріп алып шықтым. Солармен жасаған Келісімімді осы халықтың игілігі үшін есіме аламын. Мен Жаратқан Иемін.
46 Жаратқан Иенің Синай тауында Мұса арқылы Исраил халқымен (жасаған Келісімінде) белгілеген ережелері, шешімдері және заңдары, міне, осылар.