Левит

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27


Тарау 20

Жаратқан Ие Мұсаға тағы былай деп бұйырды:
2 — Исраил халқына мынаны айт: Егер исраилдік не жат жұрттық біреу өз ұрпағын (жалған тәңір) Молохқа құрбан етсе, сондай адамды өлімге кесу керек. Сол жердің халқы оны таспен атқылап өлтірсін.
3 Мен Өзім сондай адамға қарсы шығып, оны халықтан аластатамын. Себебі өз баласын Молохқа құрбан ету арқылы ол Менің киелі орнымды арамдап, киелі есімімді қорлады.
4 Егер біреу баласын Молохқа құрбан еткенмен сол жердің халқы онысын көрмегенсіп, оған өлім жазасын тартқызбаса,
5 онда Мен сол адамның өзіне де, оның бүкіл әулетіне де қарсы шығамын. Мен олардың өздерін де, оларға еріп Молохқа табынулары арқылы Маған опасыздық жасаған басқаларды да халықтың арасынан аластатамын.
6 Аруақтарға және аруақ шақырушыларға жүгініп, Маған опасыздық жасағандарға да Мен қарсы шығып, оларды халықтың арасынан аластатамын.
7 Сонымен өздеріңді Маған толығымен бағыштап киелі болыңдар! Себебі Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін.
8 Менің ережелерімді сақтап орындайтын болыңдар. Мен сендерді Өзіме бағыштап киелі ететін Жаратқан Иемін.
9 Егер біреу әкесін не шешесін жамандайтын болса, ол өлтірілсін! Сол адам әке-шешесін жамандағандықтан, оның төгілген қаны өзінің мойнында.
10 Егер ер адам басқа біреудің әйелімен жақындасса, сол еркек те, әйел де өлтірілсін.
11 Егер біреу әкесінің әйелімен жақындасса, оның өз әкесінің абыройын төккені. Сол еркек пен әйел өлтірілсін! Төгілген қандары олардың өз мойындарында.
12 Егер біреу өз келінімен жақындасса, солардың екеуі де өлтірілсін! Олардың істегендері — жексұрындық. Төгілген қандары олардың өз мойындарында.
13 Егер ер адам басқа еркекпен әйел іспетті жақындасса, бұлардың жасағандары — жексұрындық. Олар өлтірілсін. Төгілген қандары олардың өз мойындарында.
14 Егер ер адам бір әйелмен және оның шешесімен жақындасса, бұл — зұлымдық. Араларыңда ешбір зұлымдық болмауы үшін оның өзін де, екі әйелін де өртеп құрту керек.
15 Егер ер адам жануармен жақындасса, онда ол өлтірілсін. Сол жануарды да құртыңдар.
16 Егер әйел адам бір жануармен жыныстық жақындасу мақсатымен әрекет жасаса, әйелдің өзі де, жануар да өлтірілсін. Төгілген қандары олардың өз мойындарында.
17 Егер ер адам өз қарындасымен не әпкесімен жақындасып, бір-бірінің жалаңаш тәндерін көретін болса, тіпті ол әкесінің не шешесінің қызы (яғни өзімен тек жартылай ғана қандас) болсын, бәрібір, бұл — масқара. Оларды халықтың көзінше құрту керек. Адам өзінің туған қарындасының не әпкесінің абыройын төккендіктен оның айыбы өз мойнында.
18 Егер ер адам әйелмен оның айлық етеккірі келіп жүрген кезінде жақындасса, ол әйелдің етеккірінің көзін жалаңаштап, әйелдің өзі де оны ашты. Бұлардың екеуін де халықтың арасынан аластату керек.
19 Шешеңнің әпке-сіңлісімен не әкеңнің әпке-қарындасымен еш жақындаспа! Бұл — қандас туысыңның абыройын төккенің. Екеуіңнің айыптарың өз мойындарыңда болады.
20 Егер ер адам әкесінің бірге туған аға-інісінің әйелімен жақындасса, бұл әкесінің аға-інісінің абыройын төккені. Еркек пен әйелдің екеуінің де айыптары өз мойындарында болады. Олар өле-өлгенше бала көрмей өтеді.
21 Егер біреу өз ағасы не інісінің әйеліне үйленсе, бұл — әдепсіздік әрі оның туған бауырының абыройын ашқаны. Күнәкар болған екеуі де бала көрмей өтеді.
22 Сонымен барлық ережелерім мен шешімдерімді сақтап орындаңдар! Сонда Мен өздеріңді қоныстандыруға алып бара жатқан ел сендерді құсып шығарып тастамайды.
23 Мен сендердің алдарыңнан елден қуып шығарғалы тұрған халықтың салт-дәстүрлерін ұстанбаңдар! Сондай зұлымдықтарды істегендіктен, Мен олардан жиреніп кеттім.
24 Ал өздеріңе Мен мына тәрізді сөздерді айтқан едім: Сендер олардың жерін иемденетін боласыңдар. Мен ағы мен балы мол сол елді сендерге мұралық үлестерің етіп беріп отырмын. Мен өздеріңді басқа барлық халықтардан ажыратып қойған сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін.
25 Сол себепті адал және арам хайуандар мен құстарды ажыратып алыңдар! Мен арам, таза емес деп бөлектеген кез келген хайуан, құс не бауырымен жорғалаушылармен өздеріңді арамдамаңдар!
26 Осылайша сендер Маған бағышталған киелі болуларың керек, себебі Мен, Жаратқан Ие, киелімін. Мен өздеріңді халықтардың арасынан өз халқым болуға ажыратып, бөлек қойдым.
27 Араларыңдағы аруақ шақырушы не сәуегейлікпен айналысушы әркім, еркек болсын, әйел болсын, міндетті түрде өлтірілсін! Оларды тас лақтырып өлтіру керек. Төгілген қандары олардың өз мойындарында.