Левит

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27


Тарау 2

Егер біреу Жаратқан Иеге астық тартуын ұсынса, онысын таңдаулы бидай ұнынан жасап, соған зәйтүн майын құйып, үстіне хош иісті шайырды қойсын.
2 Ол бұларды діни қызмет атқарушы Һаронның ұлдарының біреуіне алып барсын. Діни қызметкер май құйылған ұнның бір уысын және барлық хош иісті шайырды алып, естелік бөлігі ретінде құрбандық үстелінде түтетіп өртеп жіберсін. Бұл — Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған хош иісті де ұнамды тарту.
3 Астық тартуының қалған бөлігі — Һарон мен оның ұлдарының үлесі. Ол — Жаратқан Иеге бағышталып, өртелу арқылы ұсынылған тартулардың ерекше киелі бөлігі.
4 Егер сенің алып келген астық тартуың тандырда жабылған нан болса, ол зәйтүн майы араластырылған таңдаулы бидай ұнынан ашытқысыз дайындалған пәтір нан немесе ашытқысыз пісіріліп, зәйтүн майы жағылған жұқа нан болсын.
5 Егер тартуың жалпақ табада пісірілген астық тартуы болса, ол зәйтүн майы араластырылған таңдаулы бидай ұнынан ашытқысыз дайындалған болсын.
6 Оны үзіп, үстіне зәйтүн майын құй. Бұл — астық тартуының бір түрі.
7 Егер тартуың шұңғыл табада пісірілген астық тартуы болса, ол да таңдаулы бидай ұны мен зәйтүн майынан дайындалған болсын.
8 Осылайша дайындалған астық тартуын Жаратқан Иеге арнап алып кел де, діни қызметкерге табыста. Ол соны құрбандық үстеліне алып барады.
9 Діни қызметкер астық тартуының бір бөлігін үзіп алып, оны естелік бөлігі ретінде құрбандық үстелінде түтетіп өртеп жіберсін. Бұл — Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған хош иісті де ұнамды тарту.
10 Астық тартуының қалған бөлігі — Һарон мен оның ұлдарының үлесі. Ол — Жаратқан Иеге бағышталып, өртелу арқылы ұсынылған тартулардың ерекше киелі бөлігі.
11 Жаратқан Иеге алып келетін астық тартуларыңның ешқайсысы ашытқымен пісірілмесін! Себебі Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылатын бірде-бір тартудың құрамында не ашытқы, не бал атаулы болмауы керек.
12 Ашытқы мен балды жыл сайын өнімдеріңнің алғашқы бөлігінің арасында Жаратқан Иеге тарту етулеріңе болады. Бірақ соларды құрбандық үстелінде Жаратқан Иеге хош иісті де ұнамды тарту ретінде өртеуге болмайды.
13 Астық тартуларыңның барлығына да тұз қос. Тұз Құдайыңның Келісімін есіңе салады. Оны астық тартуларыңның қайсыбіреуіне қоспай қойып жүрме! Қайта, олардың бәріне де тұз қосушы бол!
14 Егер алғашқы өнімдеріңнен Жаратқан Иеге астық тартуын ұсынсаң, ол жаңа піскен масақтардан алынып, отта кептіріліп, түйіліп жармаланған дәндерден болсын.
15 Оған зәйтүн майын құйып, үстіне хош иісті шайыр қой. Бұл — астық тартуының келесі бір түрі.
16 Діни қызметкер осы зәйтүн майы құйылып, жармаланған дәндердің естелік бөлігін және хош иісті шайырдың бәрін алып, Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған тарту ретінде түтетіп өртеп жіберсін.