Паралипоменон

Тарау: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29


Тарау 15

Дәуіт патша «Дәуіттің шаһары» деп аталатын Иерусалимнің көне қорғанында өзіне арнап бірнеше үй салып алды. Ол Құдайдың Келісім сандығына да бір орынды дайындап, шатыр тігіп қойды.
2 Сол кезде Дәуіт былай деп әмір етті: «Құдайдың Келісім сандығын тек леуіліктер ғана көтеріп жүрсін! Себебі Жаратқан Ие Келісім сандығын көтеріп, Өзіне әрқашан қызмет етуге тек леуіліктерді ғана таңдап алған!»
3 Дәуіт Жаратқан Иенің сандығын өзі дайындап қойған жерге алып келу үшін бүкіл Исраил халқын Иерусалимге шақырды.
4 Патша Һаронның ұрпақтары мен леуіліктерді де жинап алды:
5 Қахаттың ұрпақтарынан: басшылары Ұриел мен оның жүз жиырма ағайынын,
6 Мераридің ұрпақтарынан: басшылары Асаях пен оның екі жүз жиырма ағайынын,
7 Гершомның ұрпақтарынан: басшылары Жоел мен оның жүз отыз ағайынын,
8 Елісапанның ұрпақтарынан: басшылары Шемаях пен оның екі жүз ағайынын,
9 Хебронның ұрпақтарынан: басшылары Елиел мен оның сексен ағайынын,
10 Ұзиелдің ұрпақтарынан: басшылары Әминадап пен оның жүз он екі ағайынын.
11 Содан соң Дәуіт Садық пен Абиятар есімді діни қызметкерлерді және Ұриел, Асаях, Жоел, Шемаях, Елиел, Әминадап есімді леуілік басшыларды қасына шақырып алды.
12 Патша оларға нұсқау беріп былай деді: «Сендер леуілік әулеттердің басшыларысыңдар. Өздерің де, басқа леуіліктер де арамдық атаулыдан арылып тазару рәсімінен өтіңдер! Содан соң Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің Келісім сандығын алып, оны мен сол үшін дайындап қойған орынға апарыңдар!
13 Бірінші кезде оны өздерің алып жүрмегендіктен, Құдайымыз Жаратқан Иенің қаһары бізге лап етті ғой. Оны ереже бойынша қалай алып келу керектігін Құдайдан сұраған жоқ едік».
14 Содан діни қызметкерлер мен леуіліктер Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің Келісім сандығын Иерусалимге өрлеп барып алып келу үшін тазару рәсімінен өтті.
15 Жаратқан Иенің Мұса арқылы берген бұйрығына сай, леуіліктер Құдайдың сандығының бақандарын иықтарымен көтеріп алып жүрді.
16 Дәуіт леуіліктердің басшыларына руластарының арасынан шертер, жетіген, сылдырмақ сияқты аспаптардың сүйемелдеуімен қуанышты ән-жыр айтатын әнші-күйшілерді тағайындауды тапсырды.
17 Сонда олар Жоел ұлы Хеманды оның мына руластарымен бірге тағайындады: Барақиях ұлы Асаф және Мераридің ұрпақтарынан Құшаях ұлы Етан.
18 Солармен бірге дәрежелері өздерінен кейінгі Зәкәрия, Бен, Язиел, Шемирамот, Ехиел, Унни, Елияп, Бенаях, Мағасиях, Мататия, Елифелеу, Мікней, Ғабит-Едом, Еиел есімді қақпа күзетшілері де белгіленді.
19 Хеман, Асаф, Етан есімді әнші-күйшілер қола сылдырмақтарды соғып тұруға тағайындалды.
20 Зәкәрия, Әзиел, Шемирамот, Ехиел, Унни, Елияп, Мағасиях, Бенаях есімді леуіліктерге «бойжеткендер» әуені бойынша шертер тартып тұру,
21 ал Мататия, Елифелеу, Мікней, Ғабит-Едом, Еиел, Азазиях есімді леуіліктерге ән-күйді бастап сегіз ішекті жетіген тартып тұру міндеті жүктелді.
22 Леуіліктердің Хенаниях есімді басшысы ән-күйдің тәлімгері болатын, себебі ол соның шебері еді.
23 Барақиях пен Елқанах Келісім сандығы тұратын шатырдың қақпасын күзетуге қойылды.
24 Шебания, Жосафат, Нетанел, Амасай, Зәкәрия, Бенаях, Елиезер есімді діни қызметкерлер Құдайдың Келісім сандығының алдында керней тартатын болды. Ғабит-Едом мен Ехиях та Келісім сандығы тұратын шатырдың қақпасын күзететін болды.
25 Осылайша Дәуіт және Исраил елінің ақсақалдары мен мыңбасылары Жаратқан Иенің Келісім сандығын Ғабит-Едомның үйінен Иерусалимге өрлеп барып алып келуге зор қуанышпен жолға шықты.
26 Жаратқан Иенің Келісім сандығын көтеріп келе жатқан леуіліктерді Құдай қолдап жар болғандықтан, жеті жас бұқа мен жеті қошқар құрбандыққа шалынды.
27 Дәуіт те, Келісім сандығын алып келе жатқан леуіліктер, әншілер және ән-күйдің жетекшісі Хенаниях та ақ бәтестен тігілген көйлек киіп келе жатты. Дәуіт соның үстінен ақ бәтестен тігілген жеңсіз сырт киім де киіп алған еді.
28 Осылайша бүкіл Исраил халқы Жаратқан Иенің Келісім сандығын қуанышпен айқай сала, қошқар мүйізі мен темір кернейлерін тартып, сылдырмақтарын қатты соғып, жетіген-шертерлерінде ойнап Иерусалимге алып келе жатты.
29 Жаратқан Иенің Келісім сандығы Дәуіттің шаһарына кіре бастағанда, оның әйелі Саул қызы Михол терезеден қарап тұрған еді. Дәуіт патшаның секіріп би билеп жүргенін көріп, Михол оны іштей менсінбеді.