Паралипоменон

Тарау: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29


Тарау 27

Төменде исраилдік әулет басшылары, мыңбасылар, жүзбасылар және олардың басқарушыларының тізімі берілген. Бұлар әр жылда кезектесіп, бір айдан қызмет етіп шығатын жасақ бөлімдеріне басшылық ететін. Осылай олар сол жасақ бөлімдеріне байланысты күллі міндеттерін атқарып патшаға қызмет көрсететін. Әрбір жасақ бөлімі жиырма төрт мың сарбазды қамтитын.
2 Жиырма төрт мың сарбазды қамтыған бірінші жасақ бөлімінің қолбасшысы Забдиелдің ұрпағы Яшобам болды. Осы бөлім бірінші айда қызмет ететін.
3 Яһуда руындағы Парес әулетінен шыққан осы Яшобам бірінші айда жасақтағы барлық сардарларға басшылық ететін.
4 Ахоахтың ұрпағы Додай жиырма төрт мың сарбазды қамтыған, екінші айда қызмет ететін екінші жасақ бөлімінің қолбасшысы болды. Оның қол астындағы әмірші Миқлот еді.
5 Діни қызметкер Еходайдың ұлы Бенаях жиырма төрт мың сарбазды қамтыған, үшінші айда қызмет ететін үшінші жасақ бөлімінің қолбасшысы болды.
6 Осы Бенаях атақты Отыз батырдың ішіндегі ерен батыры және солардың басшысы болатын. Оның ұлы Амизабад әкесінің қол астындағы әмірші еді.
7 Жоғабтың туған інісі Асахил жиырма төрт мың сарбазды қамтыған, төртінші айда қызмет ететін төртінші жасақ бөлімінің қолбасшысы болды. Кейін Асахилдің ұлы Забадиях әкесінің орнын басып қолбасшы болып тағайындалды.
8 Израқ әулетінен шыққан Шамхут жиырма төрт мың сарбазды қамтыған, бесінші айда қызмет ететін бесінші жасақ бөлімінің қолбасшысы болды.
9 Текоялық Икеш ұлы Ирақ жиырма төрт мың сарбазды қамтыған, алтыншы айда қызмет ететін алтыншы жасақ бөлімінің қолбасшысы болды.
10 Ефрем руынан шыққан пәлеттік Хелес жиырма төрт мың сарбазды қамтыған, жетінші айда қызмет ететін жетінші жасақ бөлімінің қолбасшысы болды.
11 Зарах әулетінен шыққан хушалық Сипхай жиырма төрт мың сарбазды қамтыған, сегізінші айда қызмет ететін сегізінші жасақ бөлімінің қолбасшысы болды.
12 Бунямин руынан шыққан анатоттық Әбиезер жиырма төрт мың сарбазды қамтыған, тоғызыншы айда қызмет ететін тоғызыншы жасақ бөлімінің қолбасшысы болды.
13 Зарах әулетінен шыққан нетопаттық Маһарай жиырма төрт мың сарбазды қамтыған, оныншы айда қызмет ететін оныншы жасақ бөлімінің қолбасшысы болды.
14 Ефрем руынан шыққан пиратондық Бенаях жиырма төрт мың сарбазды қамтыған, он бірінші айда қызмет ететін он бірінші жасақ бөлімінің қолбасшысы болды.
15 Отниел әулетінен шыққан нетопаттық Хелдай жиырма төрт мың сарбазды қамтыған, он екінші айда қызмет ететін он екінші жасақ бөлімінің қолбасшысы болды.
16 Исраилдің руларын басқаруға тағайындалған әкімдер мыналар болды: Рубен руын — Зіхри ұлы Елиезер, Шимон руын — Маха ұлы Шафатиях,
17 Леуі руын — Кемуел ұлы Хашабиях, Һаронның ұрпақтарын — (діни қызметкер) Садық,
18 Яһуда руын — Дәуіттің ағайыны Еліху, Исашар руын — Михайл ұлы Омри,
19 Забулон руын — Абадиях ұлы Ишмаях, Нафталим руын — Азриил ұлы Еримот,
20 Ефрем руын — Азазиях ұлы Ошия, Манаса руының жартысын — Педаях ұлы Жоел,
21 Манаса руының Ғилақад аймағындағы жартысын — Зәкәрия ұлы Иддо, Бунямин руын — Әбенир ұлы Ясиел,
22 Дан руын — Ерохам ұлы Азарил басқаратын. Исраил руларының басшылары осылар болды.
23 Дәуіт Исраил елінде санақ жүргізгенде, жасы жиырмадағы немесе одан төмен адамдарды санаған жоқ. Себебі Жаратқан Ие Исраил халқын аспандағы жұлдыздардай көп қыламын деп уәде берген болатын.
24 Сарұяның ұлы Жоғаб ересек ер адамдарды санай бастағанмен, онысын аяқтамады. Санақтың кесірінен Жаратқан Ие Исраилге қаһарын төкті. Сол себепті осы санақтың нәтижесі «Дәуіт патшаның билігінің шежіре кітабына» кіргізілген жоқ.
25 Патшаның Иерусалимдегі қоймаларын Адиел ұлы Азмаует, ал басқа қалалар мен елді мекендердегі және бақылау мұнараларындағы қоймаларын Ұзиях ұлы Жонатан басқаратын.
26 Патшаның егістік жерлерін өңдеумен айналысатын шаруалардың басқарушысы Хелуб ұлы Езра болатын.
27 Оның жүзім бақтарын рамақтық Шимей, ал шарап қоймаларын шефамдық Забди басқаратын.
28 Батыстағы төменгі қыраттарда зәйтүн және тұт ағаштарын өсірумен айналысушыларға гедерлік Бал-Ханан басшылық ететін, ал зәйтүн майы сақталатын қоймалардың басқарушысы Жоғас болатын.
29 Шарондық Шитрай Шаронның маңында жайылатын мүйізді ірі қара малды басқаратын, ал Адлай ұлы Шапат аңғарлардағы мүйізді ірі қара малды бағушылардың үстінен қарайтын.
30 Түйе өсіруді ысмағұлдық Обил, есек өсіруді мероноттық Едиях,
31 ал қой-ешкілерді өсіруді ажарлық Жазиз басқаратын. Осылардың бәрі Дәуіт патшаның мал-мүлкін қарайтын қызметкерлері болды.
32 Дәуіттің әкесінің ағайыны Жонатан патшаның кеңесшісі болды. Жонатан зерек, көп оқыған адам еді. Ахамони ұлы Ехиел патшазадаларға тәлім-тәрбие беретін.
33 Ахитопел де патшаның кеңесшісі, ал архилік Хушай патшаның досы әрі жеке кеңесшісі болатын.
34 Ахитопел өлгеннен кейін Бенаях ұлы Еходай мен Абиятар оның орнын басты. Жоғаб патша жасағының қолбасшысы болды.