Паралипоменон

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29


Тарау 20

Келесі жылғы көктемде, патшалар жорыққа аттанатын уақытта, Жоғаб Исраилдің әскерін жауға қарсы бастап шықты. Олар аммондықтардың елін жаппай ойрандап, астаналары Раббаны қоршап алды. Дәуіттің өзі Иерусалимде қалып қойды. Жоғаб Рабба қаласына қарсы шабуыл жасап, оны қиратты. 2 Дәуіт аммондық патшаның басынан тәжін шешіп алып, оны өз басына киді. Салмағы бір ат басындай саф алтын тәж асыл таспен безендірілген болатын. Бұған қоса Дәуіт қаладан өте көп мөлшерде олжа алып шықты. 3 Ол қаладағы халықты да шығарып, ара, темір кетпен және балтамен жұмыс істеуге мәжбүрледі. Аммондықтардың күллі қалаларының халқымен де Дәуіт осылай істеді. Содан соң Дәуіт бүкіл әскерін ертіп Иерусалимге қайта оралды. 4 Біраз уақыт өткеннен кейін Гәзердің маңында філістірлермен соғыс бұрқ ете қалды. Бір шайқаста хушалық Сипхай (есімді исраилдік батыр) алып Рафаның ұрпақтарының біреуі — Сафты жеңіп, көзін құртты. Содан філістірлер тізе бүкті. 5 Філістірлермен болған басқа бір шайқаста Жайыр ұлы Елханан ғаттық алып Ғолияттың бауыры Лахмиды өлтірді. Соның сүңгісінің сабы бақандай жуан болатын. 6 Тағы басқа бір шайқас Ғат қаласының түбінде болды. Оған да өте ұзын бойлы бір адам қатысты. Соның аяқ-қолдарында алты-алтыдан, он екі саусағы мен он екі башайы бар еді. Ол да алып Рафаның ұрпағы болатын. 7 Әлгі алып Исраилге тіл тигізіп оны қорлағанда, Дәуіттің ағасы Шаммахтың ұлы Жонатан оны өлтіріп тастады. 8 Осылар алып Рафаның Ғаттағы ұрпақтары болатын. Олар Дәуіт пен оның жасақшыларының қолынан мерт болды.