Паралипоменон

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29


Тарау 28

Бірде Дәуіт Исраил елінің барлық әміршілерін Иерусалимге жинады. Патша, сондай-ақ, елдің рубасыларын, өзінің қызметіндегі жасақ бөлімдерінің қолбасшыларын, мыңбасылары мен жүзбасыларын, патша мен патшазадалардың мал-мүлкін әрі патшалық сарайды басқаратын қызметкерлерін, батырларын және бүкіл басқа да мансап иелерін шақыртып алды.
2 Дәуіт патша орнынан тұрып, былай деді: — Сөзімді тыңдаңдар, уа, ағайындарым, халқым менің! Құдайымыз Жаратқан Иенің «табан тіреніші» — Оның арамызда екенін білдіретін Келісім сандығына тұрақты орын болатын киелі үйді салатын ниетім бар еді. Осы құрылысқа дайындық та жүргіздім.
3 Бірақ Құдай маған: «Менің есіміме арнап киелі үй салма! Себебі сен көп соғысып, қан төккен адамсың!» деп бұйырды.
4 Ал Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие өзімді әкемнің бүкіл әулетінің ішінен Исраилдің тұрақты патшасы болуға таңдап алған еді. Өйткені Ол Исраилді бастаушы ру етіп Яһуда руын таңдаған болатын. Яһуданың ішінен Ол әкемнің әулетін, ал әкемнің барлық ұлдарының ішінен мені ұнатып, бүкіл Исраилдің үстінен патша етіп қойды.
5 Өзі маған көптеп сыйлаған ұлдарымның бәрінің ішінен Жаратқан Ие Исраил патшалығының тағына отыруға ұлым Сүлейменді таңдап алды.
6 Жаратқан Ие маған былай деді: «Өзіме арналған киелі үйді және оның аулаларын салатын ұлың Сүлеймен болмақ. Өйткені Мен оны Өзіме рухани ұл етіп таңдап алдым, ал Мен оған Әке боламын.
7 Егер ол өсиеттерім мен шешімдерімді қазіргідей берік орындайтын болса, Мен оның патшалығын тұрақты етіп бекітемін.
8 Сондықтан бүкіл Исраил халқының алдында, Жаратқан Иенің жиналып тұрған осы жамағатының алдында және Құдайдың Өзінің алдында сендерге мынаны мықтап ескертемін: өздеріңнің Құдайларың Жаратқан Иенің барлық өсиеттерін сақтап орындайтын болыңдар! Сонда ғана сендер осы шұрайлы елді иеленіп, оны өздеріңнен кейін келетін ұрпақтарыңа мұра етіп қалдыра алатын боласыңдар.
9 Ал сен, ұлым Сүлеймен, әкең сиынған Құдайды жақыннан танып-біл! Оған шын жүрегіңнен және бар жан дүниеңмен қызмет ет! Себебі Жаратқан Ие күллі адамдардың жүрегіндегі түкпір-түкпірлерін тексеріп, олардың барлық ой-ниеттерін түсінеді. Егер Оған бет бұрып сиынатын болсаң, Оны табасың. Ал егер Құдай Иеден бас тартып, елемей кетсең, онда Ол да сенен біржола бас тартады.
10 Ал енді, мынаған назар аудар: Жаратқан Ие сені Өзінің киелі үйі болатын ғибадатхананы салуға таңдап алды. Қайратты болып жұмысқа кіріс!»
11 Содан соң Дәуіт өз ұлы Сүлейменге ғибадатхананың кіреберісі мен қосымша ғимараттарының, оның қоймалары мен жоғарғы қабатының, ішкі бөлмелерінің және Құдайдың Келісім сандығы орналасатын ең қасиетті бөлмесінің жобасын табыстады.
12 Сонымен қатар Дәуіт Жаратқан Иенің ғибадатханасының аулалары, киелі үйді айналдыра орналасқан бөлмелер, Құдайдың ғибадатханасының қазына қоймалары және Құдайға бағышталған олжалы заттар сақталатын қоймалар жайлы ойлап дайындаған бүкіл жоспарларын Сүлейменге тапсырды.
13 Дәуіт Сүлейменге Жаратқан Иенің киелі үйіндегі діни қызметкерлер мен леуіліктер топтарының қызметтері жайлы да нұсқауларын берді. Сондай-ақ, олардың Жаратқан Иеге Өзінің киелі үйінде ғибадат ететін кездерінде қандай бұйымдарды қолданулары керектігін де белгіледі.
14 Дәуіт қызметтің түр-түрінде қолданылатын алтын, күміс бұйымдарды жасауға қажетті алтын мен күмістің салмағын да тағайындап қойды:
15 әрбір алтын шам қойғыш пен оның шамдары үшін қанша алтын, әрбір күміс шам қойғыш пен оның шамдары үшін қанша күміс жұмсалуға тиіс екендігі туралы айтты. Жағдайға қарай, түрлі-түрлі шам қойғыштар қолданылуы керек болды.
16 Сондай-ақ, Дәуіт нан тартуы қойылатын арнайы үстелді жасауға қажетті алтынның, әрбір күміс үстелді жасауға қажетті күмістің,
17 шанышқылар, қан не су бүркіп шашатын тостағандар, құмыралар мен табақтар жасауға қажетті саф алтынның нақты мөлшерлерін, әрбір күміс тостағанды жасауға қажетті күмістің мөлшерін де белгілеп қойды.
18 Дәуіт хош иісті заттарды түтетуге арналған алтын жалатқан түтету үстелін жасауға қажетті саф алтынның мөлшерін де анықтап қалдырды. Сол сияқты, ол «күйменің» жобасын да Сүлейменге табыстады. Осы «күйме» қанаттарын жайып Жаратқан Иенің Келісім сандығын жауып тұратын алтын керуб мүсіндерін білдіреді.
19 «Бұлардың бәрін жазып қалдыруға Жаратқан Иенің Өзі мені жетеледі, — деді Дәуіт. — Ол маған жоба-жоспардың барлық егжей-тегжейлерін жете түсінуге қабілет берді».
20 Дәуіт өзінің ұлы Сүлейменге тағы мынаны да өсиеттеді: «Қайратты да батыл бол! Жұмысқа кіріс! Ештеңеден қорқып, уайымдама! Құдай Ием саған жар болады. Жаратқан Иенің киелі үйінің құрылыс жұмыстарын бітіре алуың үшін Ол сені ешқашан тастап та кетпейді, жалғыз да қалдырмайды.
21 Біліп қой, діни қызметкерлер мен леуіліктердің топтары Құдайдың киелі үйіндегі әр қилы жұмыстарға дайын тұр. Қолөнердің түрлерін жақсы білетін ынталы шеберлер де өзіңмен бірге. Басшылар мен бүкіл халық сенің барлық әмірлеріңді орындайтын болады».