Бытие

Тарау: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50


Тарау 16

Ыбырамның әйелі Сарай бала көтермеген еді. Ал оның Ажар атты мысырлық күңі бар болатын.
2 Сонда Сарай күйеуіне: — Жаратқан Ие маған ана болуды сыйламаған екен. Ал енді бар, күңіммен жақындас. Мүмкін, соның арқасында балалы болармын, — деп ұсынды. Ыбырам бұған көніп,
3 Сарай оған мысырлық күңі Ажарды қосты. Бұл Ыбырамның Қанахан жерінде тұрғанына он жыл болған кезде еді.
4 Ыбырам Ажармен жақындасып, оның бойына бала бітті. Мұнысын білген күң қожайыны Сарайға менсінбей қарай бастады.
5 Сонда Сарай Ыбырамға: — Менің жәбір көруіме сен кінәлісің. Күңімді саған өзім қосқан едім. Ал енді ол бала көтергенін білгеннен бері мені менсінбей жүр. Сен екеуіміздің арамыздағы дауды Жаратқан Иенің Өзі шешсін, — деді.
6 Ыбырам: — Күңің өз қолыңда, не істеуді дұрыс десең, соны істе, — деп жауап берді. Содан Сарай Ажарға қысымшылық көрсете бастады. Сол себептен Ажар оның қасынан қашып кетті.
7 Жаратқан Иенің періштесі Ажарды иен даладағы бір су көзінің қасынан: Шурға баратын жолдағы құдық басынан тауып алды.
8 Періште оған тіл қатып: — Сарайдың күңі Ажар, қайдан келе жатырсың, қайда бет алдың? — деп сұрады. Ол: — Мен қожайыным Сарайдан қашып келе жатырмын, — деген жауап берді.
9 Жаратқан Иенің періштесі оған: — Сен қожайын әйеліңе қайтып бар, оның айтқанына көн! — деді.
10 Періште Ажарға Жаратқан Иенің мына сөзін де жеткізді: — Мен сенің үрім-бұтағыңды сансыз көбейтемін. —
11 Жаратқан Иенің періштесі сөзін әрі қарай жалғастырып оған былай деді: — Сен жүктісің, ұл туасың, оның атын Ысмағұл («Құдай құлақ асады») деп қоясың. Өйткені Жаратқан Ие сенің зарыңа құлақ асты.
12 Ысмағұл асау құландай еркін кезіп жүретін адам болады. Ол бәріне қарсы, бәрі де оған қарсы күреседі. Осылай ол барлық ағайындарымен жауласып өмір сүретін болады.
13 Ажар өзіне тіл қатқан Жаратқан Иені «Маған көз қырын салатын Құдайсың» деп атады. Себебі Ажар: «Мен өзіме көз қырын Салатынды осында көрдім», — деді.
14 Сондықтан бұл құдық «Қамқоршым — тірі Құдай» деп аталады. Ол Қадеш пен Бередтің арасында орналасқан.
15 Қайтып келгеннен кейін Ажар Ыбырамға ұл туып, Ыбырам оған Ысмағұл деп ат қойды.
16 Сол кезде Ыбырам сексен алтыда еді.