Жаратылыстың бастауы

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50


Тарау 9

Құдай Нұх пен оның ұлдарына былай деп бата берді: «Өсіп-өніп, ұрпақтарың көбейіп, жерді толтырыңдар.
2 Сендерді көргенде, барлық жер бетіндегі аңдар мен аспандағы құстарды, жер үстінде қыбырлап жүргендер мен теңіздегі балықтарды үрей мен қорқыныш билесін. Себебі олар сендердің биліктеріңе берілді.
3 Қимылдап жүргендер мен кеудесінде жаны барлардың бәрі сендерге қорек болады. Өсімдіктерді бергенім сияқты, қазірден бастап сендерге бәрін де беремін.
4 Алайда қанын шығармай тұрып, олардың етін жеуші болмаңдар, жаны қанында ғой.
5 Ал егер сендердің қандарың төгілетін болса, Мен сол үшін есеп беруді талап ететін боламын. Кез келген аңнан және кісіден адамның өмірі үшін есеп беруді талап етемін.
6 Кімде-кім адамның қанын төксе, оның да қаны адам арқылы төгілетін болады, себебі Құдай адамды Өзіне (рухани жағынан) ұқсас етіп жаратты.
7 Ал сендер өсіп-өніп көбейіп, жер бетін жайлаңдар».
8 Құдай Нұхқа және оның ұлдарына тағы да үн қатып:
9 «Осылай Мен сендермен, келешек ұрпақтарыңмен
10 және сендердегі барлық тірі мақұлықтармен: құстармен, малдармен, аңдармен, сендермен бірге кемеден шыққан жер бетіндегі барлық жан-жануарлармен Келісім жасаймын.
11 Бұдан былай еш уақытта тіршілік атаулы топан судан құрымайды және жерді бүлдіретін топан су ешқашан қайтып болмайды деп, сендермен Келісім жасаймын», — деді.
12 Мұнан соң Құдай тағы былай деді: «Менің сендермен және қастарыңда жүрген бүкіл тіршілік иелерімен барлық болашақ ұрпақтар үшін де жасаған Келісімімнің белгісі мынау:
13 Мен садаққа ұқсас кемпірқосағымды бұлтқа орнатамын, бұл — Менімен жердің арасындағы Келісімнің белгісі.
14 Мен жерге жаңбырдың бұлттарын жібергенде, олардың арасынан кемпірқосақ көрінетін болады.
15 Сол кездерде Мен Өзімнің сендермен және барлық тіршілік иелерімен жасаған Келісімімді есіме түсіремін: су бұдан былай ешқашан да барлық тіршілік иелерін құртатын топан суға айналмайды.
16 Бұлттың арасында тұрған кемпірқосақты көрген сайын, Мен жер бетіндегі әр түрлі тіршілік иелерімен мәңгілікке жасасқан Келісімімді есіме аламын».
17 Сонымен Құдай Нұхқа: «Бұл — Менің жер бетіндегі барлық тіршілік атаулымен бекіткен Келісімімнің белгісі», — деді.
18 Кемеден шыққан Нұхтың ұлдарының есімдері: Шам, Хам, Япші. Хам Қанаханның әкесі еді.
19 Бұлар Нұхтың үш ұлы болатын, осылардан жер бетіндегі барлық халықтар тарады.
20 Нұх жер өңдеп, жер бетінде бірінші болып жүзім екті.
21 Бірде ол шарап ішіп, мас болып, шатырдың ішінде жалаңаш жатты.
22 Қанаханның әкесі Хам өз әкесінің жалаңаш денесін көріп, сыртқа шығып, оны екі бауырына хабарлады.
23 Ал Шам мен Япші бір жамылғыны иықтарына іле салып, теріс қарап ішке кіріп, әкелерінің денесін жапты. Жүздерін басқа жаққа бұрғандықтан, олар оның жалаңаш денесін көрген жоқ.
24 Нұх мастығынан айығып, оянғаннан кейін, кіші ұлының өзін келеке еткені туралы естіп,
25 былай деді: «Қанаханды қарғыс атсын! Ол ағайындарының ең бейшара құлына айналсын!»
26 Содан соң ол: «Шамның Құдай Иесі мадақталсын! Ал Қанахан Шамның құлы болсын!
27 Құдай Япшінің өрісін кеңейтсін, Ол Шамның шатырларында тұрсын! Ал Қанахан оның құлы болсын!» — деді.
28 Топан судан соң Нұх үш жүз елу жыл өмір сүрді.
29 Нұх барлығы тоғыз жүз елу жыл өмір сүріп, қайтыс болды.