Бытие

Тарау: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50


Тарау 3

Құдай Ие жаратқан жабайы хайуанаттардың ішіндегі ең қуы жылан еді. Жылан әйелге сұрақ қойып: — Құдай сендерге бақтағы ешбір ағаштың жемісін жемеңдер деп шынымен айтты ма? — деді.
2 Әйел жыланға: — Жоқ, бізге бақтағы ағаштардың жемісін жеуге болады.
3 Бірақ Құдай бақтың ортасында тұрған ағаштың жемісі жайлы: «Одан жемеңдер, әрі оған тимеңдер, әйтпесе өлесіңдер!» деген, — деп жауап берді.
4 Сонда жылан әйелге: — Жоқ, тіпті де олай емес, өлмейсіңдер!
5 Қайта, Құдай сендер осы жемісті жеген кезде көздеріңнің ашылатынын жақсы біледі. Сонда сендер ненің жақсы, ненің жаман екенін айыра алып, Құдай сияқты боласыңдар! — деді.
6 Әйел ағаштың жемісіне қарап, оның жеуге жақсы әрі көз тартарлық әдемі екенін және өзін ақылды етуге қызықтырып тұрғанын көрді. Содан ол ағаштың жемісінен алып жеді. Әйел қасындағы күйеуіне де берді, ол да жеді.
7 Сол кезде екеуінің көздері ашылып, өздерінің жалаңаш екенін білді. Содан олар інжір ағашының жапырақтарын біріктіріп тігіп, алжапқыштар жасап алды.
8 Қоңыр салқын самал соққан кезде адам мен әйелі Құдай Иенің бақ ішінде жүрген дыбысын естіді. Олар Оның көзінен тасаланып, бақтағы ағаштардың арасына жасырынып қалды.
9 Ал Құдай Ие адамды дауыстап шақырып: — Сен қайдасың? — деді.
10 Сонда ол: — Сенің бақта жүргеніңді естіп, қорқып кеттім. Себебі мен жалаңашпын, сондықтан жасырынып қалдым, — деп жауап берді.
11 Құдай Ие адамнан: — Саған жалаңашсың деп кім айтты? Сен Мен жеуге тыйым салған ағаштың жемісінен жедің бе? — деп сұрады.
12 Адам: — Қасыма Өзің берген әйел маған сол ағаштың жемісінен берді, содан мен жедім, — деді.
13 Құдай Ие әйелден: — Сенің бұлай істегенің не? — деп сұрады. Әйел: — Мені жылан азғырды, содан мен жедім, — деді.
14 Сонда Құдай Ие жыланға үкім шығарып: «Осылай істегенің үшін барлық малдар мен аңдардың ішіндегі сені қарғыс атқан. Өмір бақи жер бауырлап, топырақ жеп өт!
15 Әйел екеуіңді, сенің ұрпағың мен оның ұрпағын өзара өштестіріп қоямын. Әйелдің ұрпағы басыңды мыжып, ал сен оның өкшесін шағатын боласың», — деді.
16 Ал әйелге Құдай мынаны айтты: «Құрсақ көтерген кезіңде көретін бейнетіңді ауырлатамын, балаларыңды қиналып босанатын боласың. Сен күйеуіңе құштар боласың, ал ол саған жетекшілік етеді».
17 Адамға Құдай Ие былай деді: «Әйеліңнің тілін алып, Мен тыйым салған ағаштың жемісінен жеген сенің кесіріңнен жердің топырағын қарғыс атты! Бұдан былай тамағыңды өмір бақи бейнет шегіп топырақтан өсіріп жейтін боласың.
18 Жердің топырағы саған тікенектер мен ошағандарды қаулатып, сен далада өсетін дәнді дақылдармен қоректенетін боласың.
19 Өзің жаратылған жердің қойнына қайтып кіргенше, жейтін наныңды маңдай теріңді төгіп жүріп табатын боласың. Сен топырақтан жаратылдың, қайтадан топыраққа айналасың!»
20 Адам әйеліне Хауа (яғни «Өмір сүруші») деген ат қойды. Себебі ол өмір сүруші адамзат атаулының түп анасы болатын болды.
21 Құдай Ие адамға және оның әйеліне хайуандардың терілерінен киім жасап, оларды киіндірді.
22 Сонан соң Құдай Ие былай деді: «Міне, адам ненің жақсы, ненің жаман екенін біліп, Біз сияқты болды. Енді ол қолын созып, мәңгілік өмірді сыйлайтын ағаштың жемісін алып жеп, мәңгі өмір сүріп жүрмесін».
23 Сонымен Құдай Ие адамды пейіш бағынан қуып шығып, оған өзі жаратылған жердің топырағын өңдетіп қойды.
24 Адамды қуып шыққаннан кейін, мәңгілік өмірді сыйлайтын ағашқа апаратын жолды күзету үшін пейіш бағының шығыс жағына керуб деген періштелерді және жүзінен от шашып, әрі-бері қозғалып жарқылдап тұрған бір семсерді қойды.