Жаратылыстың бастауы

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50


Тарау 6

Адамдар жер бетінде көбейе бастап, қыздары да көптеп туылғанда,
2 өздерін Құдайдың ұлдарымыз деп есептейтін билеушілер адамдардың қыздарының сұлу, бойшаң екенін көріп, таңдап алғандарына үйлене беретін.
3 Сонда Жаратқан Ие: «Енді Менің Рухым әрдайым адам үшін арпалысқа түспейді, себебі адам әбден бүлінген. Сондықтан ол бұдан былай жүз жиырма жыл ғана өмір сүрсін», — деді.
4 Сол кезде де, содан кейін де өздерін Құдайдың ұлдарымыз деп есептейтін билеушілер адамдардың қыздарымен жақындасып, олардан бұзақы алыптар туған болатын; бұлар өткен заманда ел танып білген батырлар еді.
5 Жаратқан Ие адамдардың жер бетінде әбден азғындыққа салынғанын көрді: олардың жүректеріндегі барлық ой-ниеттері әр уақытта зұлымдыққа бейім болды.
6 Сонда Жаратқан Ие жер бетінде жаратып шығарған адамдардың осындай күнәлі болып кеткеніне қайғырып, қасірет шекті.
7 Сондықтан Ол: «Мен Өзім жаратқан адамды да, онымен қоса малдарды, бауырымен жорғалаушыларды және аспандағы құстарды да жер бетінен құртып жібермекпін. Өзім жаратқандардың күнәкарға айналғандарына қайғырамын», — деді.
8 Жаратқан Иенің рақымына тек Нұх қана ие болды.
9 Мынау Нұхтың шежіресі: Нұх замандастарының арасында әділ де кінәратсыз, Құдаймен тығыз байланыста жүрген адам еді.
10 Нұхтың Шам, Хам және Япші деген үш ұлы болды.
11 Құдайдың көз алдында жер беті бүлінген үстіне бүліне беріп, зұлымдыққа толды.
12 Дүниенің әбден бұзылғанына Құдай көзін жеткізді, себебі жер бетіндегі барлық адамдар азғын өмір сүрді.
13 Сонда Ол Нұхқа үн қатып, былай деді: «Мен күллі тіршілік иелерінің өмір сүруін тоқтатамын. Жер беті солардың кесірінен зұлымдыққа толды, сол себепті оларды жермен қоса құртып жіберемін.
14 Сен мықты ағаштан сандық тәрізді кеме тұрғыз, оны бірнеше бөлімдерден тұратын етіп жасап, іші-сыртын қара шайырмен майла.
15 Оны былай жаса: ұзындығы үш жүз, ені елу, биіктігі отыз шынтақ болсын.
16 Кеменің үстіне шатыр тұрғыз. Ішін ойып, терезелер жаса, оларды ең жоғарғы жерінде бір шынтақ етіп айналдыра орналастыр. Ал есігін бүйірінен шығар. Кеменің төменгі, ортаңғы, жоғарғы қабаттары болсын.
17 Біліп ал: Мен аспан астындағы жанды мақұлықтардың бәрін құрту үшін жер бетіне топан су қаптатамын. Жер бетіндегінің барлығы құруға тиіс.
18 Алайда сенімен Келісімімді жасамақпын. Өзің де, ұлдарың, әйелің және келіндерің де кемеге кіресіңдер.
19 Тірі жануарлардың әрқайсысынан екі-екіден кемеге бірге ала баруың керек, біреуі еркек, біреуі ұрғашы болсын.
20 Тіршілікті жалғастыру үшін құстардың, малдардың және бауырымен жорғалаушылардың әр түрінен — барлығынан қос-қостан сенімен бірге ішке кірулері керек.
21 Ал сен өзіңді және оларды тамақтандыру үшін жеуге жарайтын тағамдардың бәрінен қор жасап ал».
22 Нұх бұларды мұқият орындады. Ол барлығын да Құдайдың өзіне бұйырғанындай істеді.