Бытие

Тарау: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50


Тарау 40

Біраз уақыт өткенде сарайдағы бас шарапшы және бас наубайшы өздерінің қожайыны — Мысырдың патшасының алдында кінәлі болып қалды.
2 Содан перғауын осы екі уәзіріне қатты ашуланып,
3 оларды бас қорғаушысы басқаратын түрмеге отырғызды. Мұнда Жүсіп те отырған болатын.
4 Бас қорғаушы екеуін Жүсіптің қарамағына тапсырып, ол соларға қызмет етті. Шарапшы мен наубайшы түрмеде біраз күн өткізген соң,
5 екеуі де бір түнде түс көрді. Әр түстің өзіндік мағынасы бар болатын.
6 Келесі күні таңертең оларға кірген Жүсіп екеуінің жабырқау екенін байқап:
7 — Бүгін неге мұңайып отырсыздар? — деп сұрайды.
8 — Біз екеуіміз де түс көрдік, бірақ оны бізге жорып беретін ешкім жоқ, — дейді олар. Жүсіп: — Түс жору Құдайдың ісі емес пе? Маған айтып беріңіздер, — дегенде,
9 бас шарапшы оған түсін әңгімелеп береді: — Түсімде бір жүзім бұтасын көрдім.
10 Бұтаның үш сабағы бар екен. Көгере бастасымен гүлдеп, жүзім пісіп те үлгеріпті.
11 Қолымда перғауынның шарап ішетін тостағаны бар екен. Сонда мен жүзімді алып, сығып, шырынын тостағанға ағызып, перғауынның қолына беріппін. —
12 Жүсіп оған: — Түстің жоруы былай: үш жүзім сабағы үш күнді білдіреді.
13 Үш күннің ішінде перғауын басыңызды жоғары көтеріп, сізді қайтадан орныңызға қояды. Оған бұрынғысынша шарап ұсынатын боласыз.
14 Ал ісіңіз оңғарылған шақта мені ұмытпай, перғауынға мен туралы айта көріңізші! Мені түрмеден босаттырып, жақсылық жасасаңыз екен.
15 Себебі мені көшпенділердің елінен ұрлап алып келген болатын. Бұл жерде де түрмеге түсетіндей ешқандай қылмыс жасаған жоқпын, — дейді.
16 Жүсіптің түсті жақсы жорығанын көріп, бас наубайшы да түсін айтып береді: — Мен түсімде басыма үш себет көтеріп жүріппін.
17 Ең үстіңгі себеттің ішінде перғауынға арнап пісірілген тағамдар бар екен. Бірақ оларды басымдағы себеттің ішінен құстар шоқып жеп жатты. —
18 Сонда Жүсіп: — Бұның жоруы мынау: үш себет үш күнді білдіреді.
19 Үш күннің ішінде перғауын сіздің басыңызды көтеріп, дарға асып қояды. Құстар етіңізді шоқып жейтін болады, — деп түсіндіреді.
20 Үш күн өткен соң перғауынның туған күні болып, ол күллі нөкерлеріне той жасады. Сонда патша бас шарапшысы мен бас наубайшысын түрмеден шығарып алдыртып, нөкерлерінің алдында
21 бас шарапшыны бұрынғысынша шарап құйып беру үшін қайтадан орнына қойды,
22 ал бас наубайшыны дарға асқызды. Бәрі де дәл Жүсіп алдын ала айтқандай болды.
23 Алайда бас шарапшы Жүсіптің тілегін есіне алмай, ұмытып кетті.