Жаратылыстың бастауы

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50


Тарау 20

Сол кезде Ыбырайым тұрған жерінен Қанаханның оңтүстік аймағына көшіп, біраз уақыт Қадеш пен Шурдың арасында тұрды. Сол жерден ол Герар қаласының маңына көшіп барып, сонда жат жұрттық болып уақытша қоныстанды.
2 Ыбырайым (сол жерде кездескен адамдарға) әйелі Сара туралы: «Бұл — менің қарындасым», — деді. Содан Герардың патшасы Әбумәлік кісі жіберіп, Сараны алдыртты.
3 Бірақ түнде Құдай патшаға түсінде аян беріп: — Осы әйелдің кесірінен сен өлесің, себебі оның күйеуі бар, — деді.
4 Әбумәлік Сараға жақындаған жоқ болатын. Сондықтан ол: — Уа, Ием, Сен шынымен кінәсі жоқ халықты құртқың келе ме?
5 Күйеуінің өзі: «Бұл — менің қарындасым» деді емес пе? Әйелі де: «Ол — менің ағам» деген болатын. Мұны істегенде жүрегім адал, қолым да таза еді, — деп жауап берді.
6 Сонда Құдай оған түсінде былай деді: — Мен сенің мұны адал жүрекпен істегеніңді білемін. Сол себептен де сені Маған қарсы күнә жасаудан сақтап, оған жақындатпадым.
7 Енді әйелін күйеуіне қайтар. Ол — пайғамбар, сен үшін Маған сиынып сұрасын, сонда аман қаласың. Біліп қой, егер де әйелін қайтармасаң, өзің де, күллі адамдарың да өлетін боласыңдар.
8 Әбумәлік таңертең ерте тұрып, бүкіл нөкерлерін жинап алып, осы сөздерді түгелдей баяндап берді. Олар қатты қорқып кетті.
9 Әбумәлік Ыбырайымды өзіне шақыртып алып, оған жекіп: — Бұл не қылғаның? Мені және патшалығымды сондай үлкен күнәға батыратындай, мен саған қандай жамандық жасадым? Сен маған істемеуге тиістіні істедің, — деді.
10 Ол Ыбырайымнан: — Сен осыны қандай ниетпен жасадың? — деп те сұрады.
11 Сонда Ыбырайымның жауабы мынау болды: — Мен бұл жердегілер Құдайдан қорықпайды, сондықтан мені әйелім үшін өлтіріп тастар деп ойладым.
12 Ол — шынымен де менің қарындасым, өйткені — ол әкемнің қызы, бірақ шешемнің қызы емес, сондықтан да әйелім болды.
13 Құдай маған әкемнің үйін тастап, ел кезуді бұйырғанда, мен Сараға: «Маған істеген жақсылығың мынау болсын: біз баратын жерлердің бәрінде мені ағам деп айт» деген едім.
14 Әбумәлік ірілі-ұсақты малдар мен құл-күңдерді таңдап алып, Ыбырайымға сыйға тартты, сондай-ақ оған әйелі Сараны да қайтарып берді.
15 Патша Ыбырайымға: — Міне, менің елімде сен үшін есік айқара ашық, қалаған жеріңді мекенде, — деп ұсынды.
16 Сараға да тіл қатып: — Міне, мен сенің ағаңа мың мысқал күміс беріп отырмын. Бұл — қасыңдағы бүкіл жұрттың алдында арыңның тазалығының дәлелі. Осымен бәрі сенің ақталғаныңды білетін болады, — деді.
17 Ыбырайым Құдайға сиынып мінажат етті. Сонда Ол Әбумәлікті, оның әйелі мен күңдерін сауықтырып, бала туа алатын етті.
18 Себебі Жаратқан Ие Ыбырайымның әйеліне бола Әбумәліктің үй ішіндегі әрбір әйелді бала көтермейтін етіп тастаған еді.