Жаратылыстың бастауы

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50


Тарау 29

Жақып сапарын әрі қарай жалғастырып, шығыс еліне жетті.
2 Сол жерде ол далада тұрған бір құдықты көрді. Оның қасында үш отар қой жатты, шопандар малдарын содан суарады екен. Құдықтың аузы алып таспен бекітілген еді.
3 Барлық отарлар жиналғаннан кейін малшылар тасты аударып тастап, малдарын суарып, болған соң құдық аузын қайтадан бекітіп қоятын.
4 Жақып малшылардан: — Ағайындар, қай жерліксіңдер? — деп сұрады. — Хараннанбыз.
5 — Нахор ұлы Лабанды білесіңдер ме? — Иә, білеміз.
6 — Оның хал-жағдайы жақсы ма? — Жақсы. Міне, оның қызы Рахила қойларын айдап келе жатыр.
7 Жақып: — Күн әлі ерте, малды жинайтын уақыт болған жоқ. Қойларды суарып, өріске шығарыңдар, — дегенде,
8 малшылар: — Барлық мал жиналып, құдық аузындағы тас алынып тасталғанша, олай істей алмаймыз. Тек содан кейін ғана малды суарамыз, — деп жауап берді.
9 Олар сөйлесіп тұрғанда, Рахила әкесінің ұсақ малдарымен құдық басына келді. Себебі ол да мал бағатын.
10 Жақып нағашысы Лабанның қызы Рахиланы және оның қойларын көрісімен, құдық аузындағы тасты аударып тастап, малдарын суарып берді.
11 Сонан соң Рахиланың бетінен сүйіп, дауыстап жылап,
12 өзін: «Әкеңнің жиені, Рабиғаның ұлымын», — деп таныстырды. Қыз әкесіне жүгіріп барып, болған жайтты айтып берді.
13 Лабан қарындасының ұлы Жақып туралы ести сала, алдынан шықты. Оны құшақтап бауырына қысып, бетінен сүйіп, үйіне алып барды. Жақып Лабанға өзінің неге келгені жайлы әңгімелеп берді.
14 Сонда Лабан: «Сен қандас бауырымсың», — деп, оған құшағын жайды. Жақып нағашысының қасында бір ай болғаннан кейін,
15 Лабан оған тіл қатып: — Сен туысым болғандықтан маған тегін қызмет етуге тиіссің бе? Жоқ, қызметің үшін менен не қалайсың, соны айтшы, — деді.
16 Лабанның екі қызы бар болатын, үлкенінің аты Лия, кішісінің аты Рахила еді.
17 Лия көзінде оты жоқ, тартымсыз, ал Рахила сұлу, дене бітімі әдемі болатын.
18 Жақып Рахиланы ұнатып қалып, Лабанға: — Мен сізге кіші қызыңыз Рахила үшін жеті жыл қызмет етуге әзірмін, — деп жауап қайтарды.
19 Лабан: — Оны бөтен біреуге ұзатқанша саған бергенім артық. Менің қасымда қал, — деп келісті.
20 Осылай Жақып Рахила үшін жеті жыл қызмет етті. Ол Рахиланы өте жақсы көргендіктен бұл жылдар бірнеше күндей зымырап өте шықты.
21 Уақыты жеткенде Жақып Лабаннан: «Келісілген мерзім аяқталды. Маған қалыңдығымды беріңіз, үйленгім келеді», — деп рұқсат сұрады.
22 Сонда Лабан ауыл адамдарын түгел шақырып, үлкен той жасады.
23 Ал кеш түсе Лабан Жақыпқа үлкен қызы Лияны жетектеп апарып берді. Жақып түнде сонымен бірге болып шықты.
24 Лабан күңі Зилпаны Лияға жеке қызметшісі етіп берді.
25 Таң атқанда, міне ғажап, қалыңдық Лия болып шықты! Жақып Лабанға: — Бұл не істегеніңіз? Сізге Рахиланы алу үшін қызмет еттім емес пе? Мені неге алдадыңыз? — деп ашуланды.
26 Лабан оған: — Бізде үлкені тұрғанда кіші қызын ұзатпайды.
27 Бір жұма бойы үйлену тойын осы қалыңдығыңмен өткіз, содан кейін мен саған кішісін де беремін. Ол үшін тағы да жеті жыл қызмет етесің, — деген шешімін айтты.
28 Жақып бұған келісіп, бір апта бойы тойды Лиямен өткізді. Мұнан соң Лабан оған кіші қызы Рахиланы да қосты.
29 Рахилаға жеке қызметшісі етіп күңі Балханы берді.
30 Жақып Рахиламен де бірге болып, оны Лиядан гөрі артық ұнатты. Бұдан кейін ол Лабанның қол астында тағы да жеті жыл қызмет етті.
31 Жаратқан Ие Жақыптың Лияны ұнатпайтынын көрген соң, оған балалы болу қабілетін сыйлады. Ал Рахила бедеу болатын.
32 Сонымен Лия жүкті болып, ұл туды. Ол: «Шеккен жәбіріме Жаратқан Ие қарады. Енді күйеуім мені жақсы көретін болады», — деп, баласына Рубен («Қара, бір ұл!») деген ат қойды.
33 Кейін Лия тағы да ұл тапқанда: «Жаратқан Ие менің (күйеуіме) ұнамсыз екенімді естіп, маған мына ұлды да сыйлады», — деп, оған Шимон (яғни «Естіп тұрған») деген есім берді.
34 Тағы бір ұл туған соң Лия: «Енді күйеуім маған берік қосылатын болды, себебі мен оған үш ұл туып бердім», — деді. Сондықтан бала Леуі («Берік қосылған») деп аталды.
35 Мұнан соң да Лия құрсақ көтеріп, ұл тапқанда: «Енді Жаратқан Иені мадақтай беремін», — деп, ұлын Яһуда («Мадақтау») деп атады. Содан кейінгі жылдары ол бала көтермеді.