Исход

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40


Тарау 13

Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға мынаны бұйырды:
2 — Исраил үрім-бұтағының тұңғыш туғандарының бәрін: адам баласынан бастап малдың төліне дейін Маған бағыштаңдар! Олар Менікі.
3 Мұса халыққа былай деді: — Құлдықтың құрсауы — Мысырдан құтылған осы күнді еске алып отырыңдар. Өйткені Жаратқан Ие сендерді Өзінің құдіретті қолымен сол жерден бастап алып шықты. Осы күні ашытқымен дайындалған тамақ жемеңдер!
4 Бүгін, абиб айында, Мысырдан шығып бара жатырсыңдар.
5 Жаратқан Ие сендерді ата-бабаларыңа уәде еткен елге: қанахандықтар, хеттіктер, аморлықтар, хевтіктер және ебустіктер тұрып жатқан, ағы мен балы ағыл-тегіл жерге бастап алып барады. Сонда осы рәсімді былай ұстануларың керек:
6 жеті күн бойы ашытқысыз пісірілген нан жеңдер, әрі жетінші күні Жаратқан Иеге арнап мейрам өткізіңдер.
7 Осы жеті күн бойы ашымаған нан жеулерің қажет. Не өздеріңнен, не тұрып жатқан маңайларыңнан сол күндері ашыған нан мен басқа да ашытқымен дайындалған тағам атаулы табылмауға тиіс.
8 Сол күні балаларыңа былай деп түсіндіріңдер: «Мысырдан көшіп шыққан кезімізде Жаратқан Иенің бізге көрсеткен игілігі үшін осылай істейміз».
9 Бұл әдет қолдарыңа салынған белгіге, көз алдарыңдағы ескертпе жазбаға ұқсайтын болсын. Содан ол Жаратқан Иенің ережелерінің әрқашан аузыңда болуға тиіс екенін естеріңе түсірмек. Себебі Жаратқан Ие сендерді Өзінің құдіретті қолымен Мысырдан бастап алып шықты.
10 Осы ережені жыл сайын белгіленген уақытта орындайтын болыңдар!
11 Жаратқан Ие өздеріңе және ата-бабаларыңа антпен уәде еткендей сендерді Қанахан жеріне алып барып, оны өздеріңе табыстап бергеннен кейін,
12 сендер құрсақтан шыққан тұңғыштарды Жаратқан Иеге бағыштаңдар! Қолдағы бар малдың тұңғыш туған еркек төлдерін Жаратқан Иеге арнап құрбандыққа шалыңдар.
13 Есектің тұңғыш төлінің орнына бір тоқтыны бағыштаңдар. Егер олай етпесеңдер, есектің мойнын үзіңдер. Ал әрбір тұңғыш ұлдарыңның төлемі ретінде арнайы құрбандық шалыңдар.
14 Болашақта балаларың сендерден: «Бұның мағынасы қандай?» деп сұраса, оларға мынаны айтыңдар: «Жаратқан Ие бізді құлдықтың құрсауы — Мысырдан Өзінің құдіретті қолымен азат етіп алды.
15 Перғауын қырсығып бізді жіберуден бас тартқанда, Жаратқан Ие Мысырдағы тұңғыш атаулыны — адамдардың тұңғыш ұлдарынан бастап малдардың тұңғыш еркек төлдеріне дейін өлтірді. Сол себепті біз малдардың тұңғыш еркек төлдерінің бәрін Жаратқан Иеге арнап құрбандыққа шаламыз. Ал тұңғыш ұлдарымыздың төлемі ретінде арнайы құрбандық ұсынамыз».
16 Осылайша бұл әдет қолдарыңа салынған белгіге, көз алдарыңдағы ескертпе жазба іспетті болсын. Содан ол Жаратқан Иенің бізді Өзінің құдіретті қолымен Мысырдан алып шыққанын естеріңе түсірмек.
17 Перғауын халықты жібергеннен кейін, філістірлердің елі арқылы жол қысқарақ болса да, Құдай оларды сол жолмен бастап алып жүрмеді. Себебі Құдай былай деді: «Халық соғысқа душар болып қалса, олар алған беттерінен бас тартып, Мысырға қайта оралып жүрер».
18 Сондықтан Құдай халықты Қамысты теңізге қарай айдаладағы жолмен айналдырып алып жүрді. Исраилдіктер Мысырдан қару-жарақтанып көшіп шыққан болатын.
19 Ал Мұса пайғамбар Жүсіптің сүйегін де бірге ала шықты. Жүсіп өлер алдында Исраилдің ұрпақтарынан ант алып: «Құдай рақымын түсіріп, сендерді осы жерден алып шығатын болады. Сол кезде менің сүйегімді де өздеріңмен бірге ала кетіңдер!» — деп өсиеттеген болатын.
20 Сонымен халық Соқоттан шығып, айдаланың шет жағындағы Етамға барып, қоныстанды.
21 Жаратқан Ие исраилдіктерге жол көрсетіп, күндіз бағана тәрізді бұлт ішінде, ал түнде жолдарына жарық түсіріп, жалындаған от бағанасының ішінде алдарында жүріп отырды. Осылайша олар күні-түні жол жүре алды.
22 Жаратқан Ие не күндіз бағана тәрізді бұлтты, не түнде жалындаған от бағанасын халықтың көз алдынан ажыратпай, әрдайым бірге жүргізді.