Мысырдан шығу

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40


Тарау 7

Содан Жаратқан Ие Мұсаға жауап беріп былай деді: — Біліп ал: Мен сені перғауынның алдында Құдай (іспетті құдіретті) етемін, ағаң Һарон (хабарыңды жеткізуші) пайғамбарың болады.
2 Сен өзіңе бұйырғандарымның бәрін оған айтасың, ал Һарон перғауынға өз елінен Исраил халқын босатып жіберсін деп айтуға тиіс.
3 Алайда Мен перғауынның жүрегін қасарыстырып қоямын. Мен Мысыр елінде көптеген ғажап істер мен кереметтерім арқылы Өзімнің кім екенімді дәлелдесем де,
4 перғауын сендерді тыңдамайтын болады. Сонда Мысырға қолымның құдіретін төндіріп, қатаң жазалар тартқызу арқылы өз жасағым — халқым Исраилді Мысыр елінен алып шығамын.
5 Осылайша Мысырға қолымды созып, ел ішінен Исраил халқын алып кеткенімде, мысырлықтар Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады.
6 Мұса мен Һарон бұларды мұқият орындап, Жаратқан Иенің өздеріне бұйырғанындай істеді.
7 Екеуі Оның хабарын перғауынға жеткізгенде Мұса сексен, Һарон сексен үш жаста еді.
8 Сол кезде Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға тіл қатып:
9 — Перғауын сендерге: «(Өздеріңді Құдай жібергендігін дәлелдейтін) керемет көрсетіңдер!» деп талап еткенде, сен, Мұса, Һаронға: «Таяғыңды перғауынның алдына қарай жерге лақтыр!» деп айт. Сонда таяқ жыланға айналмақ, — деді.
10 Содан Мұса мен Һарон перғауынның алдына барып, Жаратқан Иенің бұйырғанындай істеді. Һарон таяғын перғауын мен оның нөкерлерінің алдына қарай жерге лақтырып жібергенде, ол жыланға айналды.
11 Бірақ перғауын өзінің білімпаздары мен сиқыршыларын алдыртты. Сонда Мысырдың абыздары да сиқыршылықтарымен дәл солай істеді.
12 Әрқайсысы таяғын жерге лақтырып, жыланға айналдырды. Бірақ Һаронның жыланға айналған таяғы олардың жылан таяқтарын жұтып қойды!
13 Сонда да перғауынның жүрегі қасарысып, Мұса мен Һаронның айтқандарына мойынсұнбай қойды. Осылай болатынын Жаратқан Ие алдын ала білдірген еді.
14 Бұдан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: — Перғауынның жүрегі қайтпастан қасарып, халықты жіберуден бас тартып тұр.
15 Ертеңгісін перғауын Нілге қарай беттеген кезде өзен жағасында жолын тосып тұр! Қолыңа бұрын жыланға айналған таяғыңды ұста.
16 Перғауынға былай де: «Исраилдіктердің Құдайы Жаратқан Ие маған сізге келіп, мынаны айтуды тапсырды: Айдалада Өзіме ғибадат ету үшін халқымды жібер! Сен осы уақытқа дейін Мені тыңдамай келдің.
17 Сол үшін де Жаратқан Ие мынаны айтады: Менің Жаратқан Ие екенімді қазір жасайтынымнан білетін боласың! Қараңыз, мен қолымдағы таяқпен Нілдегі судың бетін ұрғанда, ол қанға айналады.
18 Балықтар қырылып, суы сасиды, мысырлықтарға Нілдің суын ішу жиренішті болады». —
19 Жаратқан Ие Мұсаға арнаған сөзін жалғастырып: — Сен Һаронға былай де: «Таяғыңды алып, қолыңды Мысырдың суларына қарай көтер! Сонда өзендер мен арықтардың, тоғандар мен су қоймаларының бәрі қанға айналады. Бүкіл Мысырды қан жайлап кетпек, тіпті ағаш не тас ыдыстардың ішіндегі су да қанға айналмақ», — деді.
20 Мұса мен Һарон Жаратқан Иенің бұйырғанындай істеді. Һарон перғауын мен оның нөкерлерінің көз алдында таяғын жоғары көтеріп, сонымен Нілдегі судың бетін ұрып қалды. Сонда өзендегі бүкіл су қанға айналды!
21 Балықтар қырылып, су сасып кетті. Мысырлықтар өзеннен су іше алмайтын болды. Бүкіл Мысыр жерін қан жайлап кетті.
22 Ал Мысырдың абыздары да сиқыршылықтарымен дәл солай істеді. Сонда перғауынның жүрегі қасарысып, ол Мұса мен Һаронның айтқандарына мойынсұнбай қойды. Жаратқан Ие соны алдын ала білдірген болатын.
23 Перғауын кері бұрылып, сарайына кетіп қалды. Бұл апат та оның жүрегін жібітпеген еді.
24 Бүкіл мысырлықтар Нілдің жағалауынан ішетін су табу үшін құдық қаза бастады, өйткені өзеннің суын іше алмады.
25 Содан Жаратқан Иенің Нілдің суын арамдағанынан кейін жеті күн өтті.