Исход

Тарау: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40


Тарау 37

Содан кейін Беселиел аққараған ағашынан Келісім сандығын жасатты. Ұзындығы екі жарым, ал ені мен биіктігі бір жарым шынтақтан болды.
2 Сандықтың іші-сырты саф алтынмен қапталып, жоғарғы ернеуі айналдыра алтынмен әшекейленіп жиектелді.
3 Сандық үшін төрт алтын шығыршық құйылды. Олар төменгі төрт бұрышына: екеуі бір жақ бүйіріне, қалған екеуі қарама-қарсы бүйіріне арналған еді.
4 Мұнан кейін Беселиел аққарағаннан сырықтар жасатып, алтынмен қаптатты.
5 Сандықты көтеріп алып жүру үшін сырықтарды оның екі бүйіріндегі шығыршықтардан өткіздіріп қойды.
6 Сандықтың қақпағын ұзындығы екі жарым, ені бір жарым шынтақ етіп саф алтыннан жасатты.
7 Қақпақтың екі жақ шетіне керуб деген күзетші періштелердің екі мүсінін алтыннан балғамен соққызып жасатты. Олар қақпақпен бірге біртұтас алтыннан соғылып жасалды.
9 Керуб мүсіндері жоғары жайған қанаттарымен қақпақты көлегейлеп, беттерін бір-біріне бағыттап, қақпаққа қарап тұрды.
10 Беселиел аққарағаннан ұзындығы екі, ені бір, биіктігі бір жарым шынтақ үстел де жасатты.
11 Ол саф алтынмен қапталып, жақтауы айналдыра алтынмен қапталды.
12 Шеберлер үстелдің бетін айналдыра төрт елі бойы ернеумен жиектеп, соны да алтынмен қаптады.
13 Мұнан кейін олар төрт алтын шығыршық құйып жасап, оларды үстелдің аяқтары орнатылған төрт бұрышына бекітті.
14 Үстелді көтеріп алып жүруге арналған сырықтар өткізілетін осы шығыршықтар ернеу жиегіне жақын орнатылды. Сырықтар аққарағаннан жасалып, алтынмен қапталды.
16 Үстелдің қажетті бұйымдары: аяқ-табақтары мен табалары және құйылып ұсынылатын сұйық тартуларға арналған құмыралары мен тостағандары саф алтыннан жасалды.
17 Беселиел саф алтыннан шам қойғыш та жасатты. Оның тұғыры мен діңгегі, мүсінделген тармақтары, гүл тостағаншалары, қауыздары және бүршіктері түгел біртұтас алтыннан балғамен соғылып жасалды.
18 Діңгегінен екі жағына үш-үштен алты тармақ шығып тұрды.
19 Әр тармақта шар тәрізді үш бүршіктен тараған, қауыздарын ашқан үш алтын бадам гүлінен болды. Ал ортадағы діңгекте дәл осындай төрт алтын бадам гүлі болды.
21 Бұл гүлдердің бүршіктері екі жаққа созылған үш жұп тармақтың діңгектен шыққан жерлерінің астыңғы жағында орналасқан еді.
22 Тармақтарымен, бүршіктерімен бірге шам қойғыш түгелдей біртұтас саф алтыннан балғамен соғылып жасалды.
23 Беселиел шам қойғыштың жеті май шамын, білте түзеткіштері мен табақшаларын да саф алтыннан жасатты.
24 Шам қойғыш пен қажетті құрал-жабдықтары үшін бір ат басындай алтын жұмсалды.
25 Беселиел шеберлерге ақ қараған ағашынан хош иісті заттарды түтету үстелін де жасатты. Ол төрт бұрышты, ұзындығы мен ені бір, биіктігі екі шынтақтан болды. Үстел (үстіңгі жағындағы төрт бұрышынан) мүйіз сияқты шығып тұрған шошақтарымен біртұтас жасалды.
26 Үстелдің беті, бүкіл жақтаулары және шошақтары да саф алтынмен қапталып, беті айналдыра алтын ернеумен жиектелді.
27 Ернеудің астына, үстелдің қарама-қарсы екі жағына екі-екіден алтын шығыршықтар орнатылды. Соларға үстелді көтеріп алып жүруге арналған сырықтар кіргізілді.
28 Сырықтар аққарағаннан жасалып, алтынмен қапталды.
29 Адамдар мен заттар киелі шатырдағы қызметке бағышталған кезде оларға май жағу рәсімін жасауға арналған май да, түтетілетін хош иісті заттардың таза қоспасы да дайындалды.