Исход

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40


Тарау 25

Сонда Жаратқан Ие Мұсаға мынаны бұйырды:
2 — Исраилдің үрім-бұтағына былай де: Олар Маған сый-тартулар бағыштап ұсынсын. Шын жүрегімен ниеттенген әрбір адамнан өзінің Маған арнаған тарту-таралғысын қабылдап алыңдар.
3 Олардан қабылдайтындарың мыналар болсын: алтын, күміс, қола,
4 иірілген қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл жүн жіптер және жіңішке иірілген зығыр жіптер, ешкінің түбіті,
5 қызыл түске боялған қошқар терілері, борсық терілері, аққараған ағашы,
6 май шамға қажетті зәйтүн майы, май жағу рәсімінде қолданылатын (майға қосылуға) немесе түтетілуге арналған хош иісті заттар,
7 сондай-ақ бас діни қызметкердің жеңсіз сырт киіміне және төс қалтасына тағылатын оникс пен тағы басқа да асыл тастар.
8 Исраилдіктер Маған арнап киелі шатыр дайындап жасасын. Мен халық арасында сол жерде тұратын боламын.
9 Бәрін де Мен саған көрсететін киелі шатыр мен ондағы бұйымдардың үлгісіне дәлме-дәл сай етіп жасаңдар!
10 Аққараған ағашынан сандық жасат. Ұзындығы екі жарым, ал ені мен биіктігі бір жарым шынтақтан болсын.
11 Іші-сырты саф алтынмен қапталып, жоғарғы ернеуі айналдыра алтынмен әшекейленіп жиектелсін.
12 Сандық үшін төрт алтын шығыршық құйғызып, төменгі төрт бұрышына, екеуін бір жақ бүйіріне, қалған екеуін қарама-қарсы бүйіріне бекіттір.
13 Мұнан кейін аққарағаннан сырықтар жасатып, алтынмен қаптат.
14 Сандықты көтеріп алып жүру үшін сырықтар оның екі бүйіріндегі шығыршықтардан өткізілсін.
15 Сырықтар әрдайым шығыршықтарға кигізулі тұрсын, оларды алып тастауға болмайды.
16 Мен өзіңе беретін Келісім жайлы айғақтарды осы сандықтың ішіне салып қой.
17 Сандықтың қақпағын да саф алтыннан жасат. Ұзындығы екі жарым, ені бір жарым шынтақ болсын.
18 Қақпақтың екі жақ шетіне керуб деген күзетші періштелердің екі мүсінін алтыннан балғамен соғып жасатып, орнатқыз. Олар қақпақпен бірге біртұтас алтыннан жасалсын.
20 Керуб мүсіндері қанаттарын жоғары жайып, қақпақты көлегейлеп, беттері бір-біріне қарама-қарсы, қақпаққа қарап тұрулары керек.
21 Мен өзіңе беретін Келісім жайлы айғақтарды сандыққа сал да, үстін қақпақпен жауып қой.
22 Сол жерден, Келісім сандығы қақпағының үстіндегі екі керуб мүсіндерінің ортасынан Мен саған тіл қатып, Исраилдің үрім-бұтағына сен арқылы бұйыратын ережелерімнің бәрін тапсырамын.
23 Аққараған ағашынан үстел жасат, ұзындығы екі, ені бір, биіктігі бір жарым шынтақ болсын.
24 Үстел саф алтынмен қапталып, жақтауы айналдыра алтынмен қапталсын.
25 Үстелдің бетін айналдыра төрт елі бойы ернеумен жиектетіп, соны да алтынмен қаптат.
26 Төрт алтын шығыршық құйдырып жасатып, оларды үстелдің аяқтары орнатылған төрт бұрышына бекіттір.
27 Үстелді көтеріп жүруге арналған сырықтар өткізілетін осы шығыршықтар ернеу жиегіне жақын орнатылсын. Сырықтарды аққарағаннан жасатып, алтынмен қаптат.
29 Үстелдің аяқ-табақтары мен табаларын және құйылып ұсынылатын сұйық тартуларға арналған құмыралары мен тостағандарын саф алтыннан жасат.
30 Нан тартуларын үстелге қойып отыр, олар ұдайы Менің алдымда болсын.
31 Саф алтыннан шам қойғыш та жасат. Оның тұғыры мен діңгегі, мүсінделген тармақтары, гүл тостағаншалары, қауыздары және бүршіктері түгел біртұтас алтыннан балғамен соғылып жасалсын.
32 Діңгегінен екі жағына үш-үштен алты тармақ шығуы керек.
33 Әр тармақта шар тәрізді үш бүршіктен тараған, қауыздарын ашқан үш алтын бадам гүлінен болсын. Ал ортадағы діңгекте дәл осындай төрт алтын бадам гүлі болуы керек.
35 Бұл гүлдердің бүршіктері екі жаққа созылған үш жұп тармақтың діңгектен шыққан жерлерінің астыңғы жағында орналассын.
36 Тармақтарымен, бүршіктерімен бірге шам қойғыш түгелдей біртұтас саф алтыннан балғамен соғылып жасалсын.
37 Шам қойғышқа жеті май шамын дайындатып, оларды жарығы алдыңғы жағына түсіп тұратын етіп діңгек пен тармақтардың бастарына орнат.
38 Оның білте түзеткіштері мен табақшаларын да саф алтыннан жасат.
39 Шам қойғыш пен қажетті құрал-жабдықтары үшін бір ат басындай саф алтын жұмсалсын.
40 Байқа, барлығын саған осы тау басында көрсетілген үлгіге сай жасайтын бол!