Исход

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40


Тарау 15

Жаратқан Иені дәріптеймін ән-жырменен, Себебі Ол жеңімпаз, мерейі үстем бәрінен! Теңізге лақтырды Ол атты мінген адамымен.
2 Жаратқан Ие — қайнар көзі күш-қуатымның, Мадақтау жырларымды Оған арнай берейін. Ием мені құтқарып, алып қалды аман-есен. Жаратқан — Құдайым менің, Оны мадақтайын, Ол — әкемнің де Құдайы, даңқын асырайын!
3 Ием — батыр жауынгер, есімі — Жаратқан Ие,
4 Перғауынның күймелері мен әскерін теңізге, Таңдаулы басшыларын да Қамысты теңізге Лақтырды;
5 терең су басқан олар тас іспетті Барлығы тұңғиыққа зым-зия батып кетті.
6 Уа, Жаратқан, оң қолың зор құдіретіңді танытты, Сенің қолың, о, Ием, жауларыңды талқандады.
7 Зор ұлылығыңмен құлаттың қарсыластарыңды, Лаулаған қаһарың сабандай жалмады оларды.
8 Деміңнің лебінен бөгеліп, сулар тоқталды, Ағысы қабырғадай тіп-тіке тұра қалды, Теңіз ортасындағы терең су қатып қалды.
9 Жау былай мақтанды: «Өкшелей қуып, жетемін. Құмарымды қандырып, олжасын бөлісемін. Семсерімді қынабынан суырып аламын, Күшімді көрсетіп, тас-талқанын шығарамын!»
10 Ал Сен дем үрлеп, су көміп тастады оларды, Терең суға батып кетті қорғасындай барлығы.
11 Уа, Жаратқан Ие, қай «тәңір» Саған тең келер еді? Ешкім жоқ Сендей салтанатты да қасиетті, Даңқты ұлылығымен айбынды да қастерлі, Керемет істер жасайтын сондай құдіретті!
12 Сен қол созғанда жауды жұтып қойды о дүние.
13 Құтқарған халқыңды рақымыңмен жетелейсің, Киелі мекеніңе зор күшіңмен жеткізесің.
14 Басқа халықтар мұны естіп қорқып дірілдейді: Філістірдің елін ғаламат үрей билейді,
15 Едомның әмірлері асып-сасып қалады, Моабтың көсемдері де қалшылдап қорқады, Қанахандықтардың түседі ұнжырғалары,
16 Уа, Жаратқан, бәрін қорқыныш билеп, үрей басады, Меншікті халқың өтіп шыққанша жерлерінен, Зәрелері ұшады қолыңның құдіретінен, Тастай қатып тыныш отыр олар сол себептен.
17 Өзіңе таңдаған тауға халқыңды апарасың, О, Жаратқан, сонда оны қондыратын боласың. Сол жерді өз мекенің болуға жаратып алдың, Уа, Ием, Сен сонда киелі орныңды жасадың.
18 Мәңгі болады билігі Жаратқан Иенің!
19 Перғауынның аттары, күймелері және олардағы жауынгерлері теңізге енген кезде Жаратқан Ие оның суын қайтарып, олардың үстеріне құлатты. Ал Исраил халқы теңіздің ортасынан құрғақ жермен өте шыққан еді.
20 Һаронның қарындасы Мәриям пайғамбар даңғырасын қолына алғанда басқа әйелдер де даңғыраларын алып, оған еріп дөңгелене би билей жөнелді.
21 Мәриям оларға былай деп ән салды: «Жаратқан Иені дәріптеңдер ән-жырменен, Себебі Ол жеңімпаз, мерейі үстем бәрінен! Теңізге лақтырды Ол атты мінген адамымен!»
22 Бұдан кейін Мұса исраилдіктерді жолға жинап, Қамысты теңізден Шур атты елсіз далаға алып барды. Олар құла түзді үш күн бойы кезгенмен су таппады.
23 Мараға келгенде халық оның суын іше алмады, өйткені су ащы екен. Сондықтан да бұл жер Мара («Ащылық») деп аталатын.
24 Сонда халық: «Енді не ішеміз?» — деп Мұсаға қарсы наразылық білдірді.
25 Мұса Жаратқан Иеге дауыстап жалбарынып сиынды. Сонда Жаратқан Ие оған бір ағашты көрсетті. Мұса оны суға лақтырған кезде су тұщыланды. Сол жерде Тәңір Ие өз халқына арналған заңдары мен шешімдерін шығарды. Ол халықты сынап былай деді:
26 — Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін. Егер Менің айтқандарыма құлақ асып, Маған ұнамды әділ іс істесеңдер, әрі өсиеттеріме ден қойып, барлық ережелерімді орындасаңдар, онда Мен мысырлықтарға жіберген індет-аурулардың бірде-біреуін сендерге жұқтырмаймын. Себебі Мен сендерді сауықтырушы Жаратқан Иемін.
27 Содан кейін халық он екі су көзі, жетпіс құрма ағашы бар Елим деген шұратқа жетіп, бұлақтарды жағалай орналасты.