Исход

Тарау: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40


Тарау 34

Жаратқан Ие Мұсаға тағы бұйрық беріп: — Өзің сындырып тастаған бұрынғы тас тақташалар сияқты екі тақташа қашап жасап ал. Олардың беттеріне алғашқы тақташаларда жазылған сөздерді жазып қоймақпын.
2 Ертеңгісін дайын бол, Синай тауына көтеріліп, таудың басында Менің алдымда тұр!
3 Ал ешбір адам саған еріп көтерілмесін, таудың барлық беткейінен ешкім де көрінбесін! Таудың маңында ірілі-ұсақты мал да жайылмасын! — деді.
4 Осылай Мұса бұрынғы тас тақташалар сияқты басқа екеуін қашап жасап алды. Ертеңгісін ертемен соларды қолына ұстап, Жаратқан Ие өзіне бұйырғандай Синай тауының басына көтерілді.
5 Сонда Жаратқан Ие бұлтқа оранып төмен түсті де, Мұсаның қасында тұрып, «Жаратқан Ие» деген өз есімін атап шақырды.
6 Бұдан кейін Ол Мұсаның алдынан өтіп бара жатып былай деп дауыстады: «Жаратқан Ие! Жаратқан Ие! Құдай мейірімді де қайырымды, Тез қаһарланбайтын да өте рақымды. Құдай әрдайым сөзінде тұрады;
7 Ол берік мейірімін мыңдағандарға танытады, Өзіне қарсы шығып теріс қылықтарды Жасаған күнәкарды да кешіруге дайын тұрады, Ал (қасарысқанды) жазасыз қалдырмайды, Аталарының теріс қылықтары үшін Жазалайды балалары мен немерелерін, Тіпті шөберелері мен шөпшектерін».
8 Мұса дереу жерге дейін иіліп тағзым етіп:
9 — Уа, Ием, егер Сен маған риза болсаң, онда Өзің арамызда жүріп жар бола гөр. Бұл — тоңмойын қыңыр халық. Әйтсе де, жасаған әділетсіз істеріміз бен күллі күнәларымызды кешіріп, бізді Өзіңнің меншікті халқың ретінде қабылдай гөр, — деп өтінді.
10 Бұған Жаратқан Ие былай деді: — Міне, Мен сендермен Келісім жасамақпын: халқыңның көз алдында бұған дейін жер бетінде ешбір ұлттың арасында болып көрмеген кереметтерді жүзеге асырмақпын. Өзің бірге тұрып жатқан бүкіл халқың Мен — Жаратқан Ие сендер үшін жасайтын, үрей туғызатын ғажап істерді көретін боласыңдар.
11 Ал сендер Менің өздеріңе бүгін беріп тұрған бұйрықтарымды орындайтын болыңдар! Біліп алыңдар: Мен алдарыңнан жүріп отырып, аморлықтар, қанахандықтар, хеттіктер, перездіктер, хевтіктер және ебустіктерді елден қуып шығамын.
12 Сол елге кіргенде оның тұрғындарымен қандай да бір келісім жасаудан сақтаныңдар! Олай етпесеңдер, олар сендерді күнәға батыратын тұзақ болады.
13 Қайта, солардың құрбандық ұсынатын орындарын бұзып, қиратып, табынатын тас мүсіндерін талқандап, әйел тәңірлері Ашераға бағышталған ағаш бағаналарын шауып тастаңдар!
14 Менен, Жаратқан Иеден, басқа ешбір тәңірге құлшылық етпеңдер! Себебі бір атағым «Қызғаныш». Өзімді шын көңілмен сүйіп, түгелдей бағышталуларыңды талап еткен Құдаймын.
15 Сонымен сендер сол елде тұратындармен келісім жасаудан сақтаныңдар! Әйтпесе олар Маған сенімсіздік танытып, өз тәңірсымақтарына арнап құрбандық шалып құлшылық еткенде сендерді де шақырады. Осылай сендер сол құрбандықтарынан жеп, өздерің де жалған тәңірлерге табынатын боласыңдар.
16 Ұлдарыңа олардың қыздарын алып бермеңдер! Әйтпесе сол келіндерің шынайы Құдайға опасыздық жасап өздерінің жалған тәңірлеріне құлшылық еткенде, сендердің ұлдарыңа да солай істетпек.
17 Тәңір мүсіндерін жасамаңдар!
18 Жыл сайын Ашымаған нан мейрамын тойлаңдар! Өзім бұйырғандай, жеті күн бойы ашытқысыз пісірілген нан жеңдер. Мұны (көктемнің) абиб айының белгіленген мезгілінде өткізіңдер, себебі Мысырдан сол айда көшіп шыққан едіңдер.
19 Құрсақ атаулыдан шыққан әрбір тұңғыш Менікі! Ірі қара мен ұсақ малдардың тұңғыш еркек жыныстыларының бәрі де Маған бағышталсын.
20 Есектің алғаш туған қодығының орнына бір тоқты құрбандыққа шалынсын. Егер олай етпесең, қодықтың желкесін үз. Ал әрбір тұңғыш ұлдарыңның төлемі ретінде арнайы құрбандық шалыңдар. Ешкім Менің алдыма құр қол келмесін!
21 Алты күн жұмыс істеп, жетінші күні демалыңдар! Жер жыртып, егін салып, оны орған кезде де сол күні демалуға тиіссіңдер.
22 Бидайдың алғашқы өнімін жинарда Жеті апта мейрамын, ал жылдың аяғында Сабантой мейрамын мерекелеңдер!
23 Күллі ер адамдарың жылына үш рет Исраилдің сиынған Құдайы — Жаратушы Тәңір Иенің алдына келуге тиіс.
24 Мен сендердің көз алдарыңнан басқа халықтарды қуып шығарып, шекараларыңды кеңейтемін. Сондықтан сендер жылына үш рет Құдайларың Жаратқан Иенің алдына келген кездеріңде ешкім де елдеріңе қызғанышпен шабуыл жасамайтын болады.
25 Маған арналған құрбандықтың қанын ашытқымен дайындалған тамаққа құйып ұсынбаңдар! Құтқарылу мейрамына шалынған малдың еті таң атқанша қалып қоймасын!
26 Егістік жерлеріңнен алғаш шыққан өнімдердің ең жақсысын Құдайларың Жаратқан Иенің киелі үйіне алып келіңдер! Лақтың етін енесінің сүтіне пісірмеңдер!
27 Содан кейін Жаратқан Ие Мұсаға: — Осы сөздерді жазып қой. Мен сенімен және бүкіл Исраил халқымен Келісімімді солардың негізінде жасаймын, — деп бұйырды.
28 Қырық күн, қырық түн бойы Мұса сол жерде Жаратқан Иенің қасында болып, нан да жемеді, су да ішпеді. Ол тас тақташаларға Келісімнің сөздерін — Он өсиетті жазды.
29 Бұдан кейін Мұса Келісімнің ережелері жазылған екі тас тақташаны қолына ұстап, Синай тауынан төмен түсті. Ол Жаратқан Иемен тілдескендіктен бет-жүзі нұр шашып жарқырап тұрды. Ал өзі мұны білген де жоқ.
30 Һарон және күллі исраилдіктер Мұсаны көргенде, міне ғажап, оның беті нұрланып жарқырап тұрды! Сондықтан оның қасына жақындаудан қорықты.
31 Бірақ Мұса шақырған соң, Һарон мен халықтың барша рубасылары қайтадан қасына жиналып, Мұса оларға сөзін арнады.
32 Бұдан кейін исраилдіктердің бәрі де оның қасына келіп, Мұса оларға Жаратқан Иенің Синай тауының басында өзімен тілдескенде тапсырған бүкіл өсиеттерін айтып берді.
33 Олармен сөйлесіп болғаннан кейін Мұса бетін пердемен жауып алды.
34 Ал Жаратқан Иенің алдына барып, Онымен тілдесу үшін арнайы шатырға кірген сайын, қайтадан сыртқа шыққанша Мұса бетіндегі пердені алып тастайтын. Шатырдан шыққаннан кейін ол Исраил халқына Жаратқан Иенің тапсырған өсиеттерін жеткізетін.
35 Сол кезде исраилдіктер Мұсаның бет-жүзінің нұр шашып жарқырап тұрғанын көретін. Мұса қайтадан Жаратқан Иенің алдына барып, Онымен тілдескенше бетін пердемен жауып алатын.