Исход

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40


Тарау 20

Сол кезде Құдай (халыққа арнап) мына сөздердің бәрін айтты:
2 «Мен сені құлдықта жүрген Мысыр елінен алып шыққан Құдайың — Жаратқан Иемін.
3 Сенің Менен басқа ешқандай тәңірлерің болмасын!
4 Аспанда, жерде не суда бар нәрселердің ешқайсысынан өзіңе тәңір бейнелерін жасама!
5 Сондайларға бас иіп табынып, құлшылық етпе! Мен сенің Құдай Иеңмін, Өзімнен басқа тәңірлеріңнің болуына еш төзбеймін. Мені менсінбейтіндерді немерелері мен шөберелеріне дейін жазалаймын,
6 ал Өзімді сүйіп, өсиеттерімді ұстанғандарға тіпті мыңыншы ұрпағына дейін рақымымды төгемін.
7 Құдай Иеңнің атын орынсыз аузыңа алма! Жаратқан Ие Өзінің атын орынсыз қолданғандарды жазасыз қалдырмайды.
8 Демалыс күнін Тәңір Иеге бағыштауды есіңде сақтайтын бол!
9 Алты күн еңбектеніп барлық жұмыстарыңды істей бер,
10 ал жетінші күн — Құдай Иеңе бағышталған демалыс күні. Сол күні не өзің, не ұл-қызың, не қызметшілерің, не малдарың, не қалаларыңда тұрып жатқан жат жұрттықтар ешқандай жұмыс істемеңдер!
11 Себебі алты күн ішінде Жаратқан Ие аспан, жер және теңізді әрі олардағы күллі нәрселерді жаратып, жетінші күні демалды. Сондықтан Ол демалыс күніне оң батасын беріп, оны Өзіне бағыштап қасиетті деп белгіледі.
12 Ата-анаңды сыйла! Құдайың Жаратқан Ие өзіңе табыстайтын елде ұзақ өмір сүруің үшін осылай істе.
13 Кісі өлтірме!
14 Неке адалдығын бұзба!
15 Ұрлық жасама!
16 Ешкімді бекерге айыптама!
17 Басқаның үйіне ие болуға сұқтанба! Оның әйеліне, құл-күңіне, өгіз-есегіне, не өзге де ешқандай нәрсесіне заңсыз ие болуға сұқтанба!»
18 Бүкіл халық найзағайдың жарқылдап, түтіннің тауды қаптағанын көріп, күннің күркіреп, кернейдің қатты дауыстағанын естіп тұрды. Содан олар зәрелері ұша дірілдеп кетті. Халық алыстан тұрып,
19 Мұсадан: — Бізбен өзіңіз сөйлесіңіз, ал біз тыңдайтын боламыз. Құдай бізбен тікелей тілдесе көрмесін, әйтпесе құрып кетерміз, — деп өтінді.
20 Мұса халыққа: — Қорықпаңдар! Құдай сендерді (Өзінің араларыңда болуына) үйрету үшін осында келді. Бұдан былай Оны әрдайым шын жүректен қастерлейтін болыңдар! Бұларың сендерді күнә жасаудан сақтайтын болады, — деді.
21 Содан халық алыста қалып, ал Мұса Құдай тұрған қою қараңғылыққа қарай беттеді.
22 Сонда Жаратқан Ие Мұсаға былай деп бұйырды: — Исраилдің үрім-бұтағына мынаны айт: Көктен сендерге тіл қатқанымды өздерің көріп-естідіңдер.
23 Алтын-күмістен тәңір бейнелерін жасап алып, Менімен қатар қоймаңдар!
24 Маған арнап топырақтан құрбандық орнын салыңдар. Ұсақ әрі мүйізді ірі қара малдарыңнан құрбандық шалып, кейбіреулерін құрбандық орнының үстінде тұтасымен өртеп Маған ұсыныңдар. Ризашылық құрбандықтарының белгілі бөліктерін де соның үстінде өртеп ұсыныңдар. Мен өз атымды атап, дәріптеулеріңе рұқсат еткен әрбір орында солай істеңдер. Сонда Мен қастарыңа келіп, өздеріңді жарылқаймын.
25 Егер Маған арнап құрбандық орнын тастардан қаластырып салсаң, тастары қашалмаған болсын. Себебі егер қашауды қолдансаң, оны арамдайсың.
26 Сондай-ақ жалаңаш тәнің көрінбес үшін құрбандық орныма баспалдақпен көтерілме.