Исход

Тарау: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40


Тарау 19

Исраилдің үрім-бұтағы Рефідимнен жолға шығып, Мысырдан көшіп шыққаннан кейінгі үшінші айдың бірінші күнінің өзінде Синай атты елсіз далаға жетті. Олар Синай тауына барып, оның қарсы алдындағы құла түзде шатырларын тікті.
3 Сонда Мұса Құдайдың алдына баруға тауға көтерілді. Жаратқан Ие оған тау басынан былай деп тіл қатты: — Жақыптың әулеті — Исраил халқына мынаны жеткіз:
4 «Сендер Менің мысырлықтарға не істегенімді, әрі өздеріңді балапандарын қанаттарымен тасыған қыран іспетті осы жерге аман-есен алып келгенімді көрдіңдер.
5 Сондықтан, егер айтқандарыма құлақ асып, Менің Келісімімді сақтап жүрсеңдер, барлық халықтардың ішінде сендер Менің ерекше құнды меншігім боласыңдар.
6 Бүкіл жер — Менің иелігім, ал сендер Маған бағышталған қасиетті халқым болып, басқалардың игілігі үшін діни қызметкер мен патша секілді рухани билік жүргізетін боласыңдар». Сен Исраилдің үрім-бұтағына айтуға тиіс сөздерім осылар.
7 Таудан төмен түскен Мұса халықтың рубасыларын шақырып алып, өзіне Жаратқан Иенің тапсырған осы сөздерін жариялады.
8 Сонда бүкіл халық бірауыздан: — Жаратқан Иенің айтқандарының бәрін де орындаймыз! — деді. Мұса халықтың жауабын Жаратқан Иеге жеткізу үшін тауға көтерілді.
9 Сонда Жаратқан Ие Мұсаға: — Тыңда, Мен саған қалың бұлтқа оранып келемін. Сонда халық өзіңмен сөйлескенімді естіп, саған өмір бақи сенетін болады, — деді. Мұса Жаратқан Иеге халықтың берген жауабын жеткізді.
10 Содан Жаратқан Ие Мұсаға мынаны бұйырды: — Халыққа бар да, оларды бүгін-ертең Маған бағышталып, күнәдан таза болуға шақыр. Бәрі киім-кешектерін жуып тазартып,
11 бүрсігүнге дайын болсын! Сол күні Мен — Жаратқан Ие бүкіл халықтың көз алдында Синай тауына түсемін.
12 Халыққа арнап тауды айналдыра шекара белгілеп қой! Оларға былай де: «Тауға көтерілуден әрі оның айналасындағы шекараға аяқ-қолдарыңды тигізуден сақ болыңдар! Тауға аяқ-қолын тигізген әркім өлтірілуге тиіс!
13 Сондайларға қол ұшы да тигізілмей, оларды таспен немесе садақпен атқылап өлтіру керек. Олар не мал болсын, не адам болсын тірі қалдырылмасын». Ал кернейдің ұзақ үні естілгенде, халық таудың етегіне көтерілсін.
14 Мұса таудан төмен түсіп, халықты Тәңір Иеге бағышталып, күнә атаулыдан таза жүруге шақырды. Олар киім-кешектерін жуып тазартты.
15 Мұнан соң Мұса халыққа: «Бүрсігүнге дайындалыңдар. Әйелдеріңмен жақындаспаңдар», — деп ескертті.
16 Үшінші күні таң ата күн күркіреп, найзағай ойнап, таудың басын қалың бұлт басып, ғаламат қатты керней даусы естілді. Қоныстағы халықтың бәрі де қорыққаннан дірілдеп қоя берді.
17 Мұса оларды Құдаймен кездестіру үшін қоныстарынан алып шығып, олар таудың етегіне барып тұрды.
18 Жаратқан Ие тау басына от жалынына оранып түскендіктен, Синай тауын түгел түтін жапты. Таудан балқыту пешінен шыққандай түтін шығып, бүкіл тау қатты шайқалып тұрды.
19 Керней даусы күшейген үстіне күшейе түсті. Мұса тіл қатып, Құдай оған қатты дауыспен жауап беріп жатты.
20 Жаратқан Ие Синай тауының басына түсіп, Мұсаны сол жерге шақырды. Ол көтеріліп барған соң,
21 Жаратқан Ие оған былай деп бұйырды: — Қайтадан төмен түс! Халық Жаратқан Иені көруге шекараны бұзып, көбі өлім құшпасын деп оларға қатты ескерт!
22 Жаратқан Иеге жақындап тұратын діни қызметкерлер де өздерін Оған бағыштап, күнәдан таза жүрсін! Әйтпесе Жаратқан Ие соларды құртпақ. —
23 Мұса Жаратқан Иеге жауап беріп: — Халық Синай тауына көтеріле алмайды, себебі Өзің бізді содан сақтандырып, маған мынадай бұйрықты бергенсің: Тауды айналдыра шекара белгілеп қой! Осылай оны Маған бағыштап киелі деп жарияла! — деді.
24 Сонда Жаратқан Ие оған былай деп тапсырды: — Төменге түсіп, Һаронмен бірге қайта көтеріл. Ал діни қызметкерлер мен халық шекараны бұзып, Жаратқан Иенің алдына ұмтылмасын! Әйтпесе Ол соларды құртпақ. —
25 Мұса төмен түсіп, халыққа осыларды жариялады.