Езекиел

Тарау: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48


Тарау 13

Кейінірек Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді:
2 «Ей, пендем, Менің хабарымды жеткізгенсіген Исраилдің пайғамбарсымақтарына сен хабарымды жеткіз. Өз қиялдарынан пайғамбарлық сөз ойлап шығарып жүрген оларға былай де: «Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңдар!
3 Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: (Мен көрсеткен) аянды көрмей, өз қиялдарына еріп жүрген ақымақ пайғамбарсымақтар қасіретке қалады!
4 Уа, Исраил, сол пайғамбарларың қираған үйінділердің арасын кезіп жүрген шибөрілер сияқты.
5 Жаратқан Иенің соты күні туып, шайқас болғанда қамал қабырғасы Исраил халқының айналасында шайқалмай берік тұруы үшін сол қабырғаға шығып, ондағы жарықтар мен бұзылған жерлерді жамап-жөндеу керек болар еді. Бірақ сол жалған пайғамбарлар бұған еш кіріспеді.
6 Олардың көрген аяндары өтірік, айтқан сәуегейліктері құр бос сөз. Себебі өздерін Мен, Жаратқан Ие, жібермесем де, олар: «Бұл — Жаратқан Иенің айтқаны!» деп жариялайды. Және сол сөздері қалайда орындалады деп дәмеленеді.
7 Мен сендерге сөзімді арнап, ештеңе айтпасам да, «Бұл — Жаратқан Иенің айтқаны» деулерің өтірік аян мен жалған болжам емес пе?!»
8 Сондықтан Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: «Сендердің өтірік сөз айтып, жалған аян көргендеріңе бола, Мен сендерге қарсы боламын! Мен, Жаратушы Тәңір Ие, мұны нық айтамын.
9 Жалған көріністер көріп, өтірік сәуегейлік айтатын пайғамбарларға қарсы қолымды созамын. Енді қайтып Менің халқымның қауымында оларға орын болмайды. Сөйтіп олар Исраил халқының шежірелеріне тіркелмейді де, Исраил еліне қайтып келмейді де. Сонда сендер Менің Жаратушы Тәңір Ие екенімді білетін боласыңдар.
10 Себебі сол жалған пайғамбарлар тыныштық жоқ кезде халқымды «Тыныштық бола береді!» деп адастырды. Бұл, әлсіз қабырға тұрғызып, оны әкпен сылап әсемдеумен бірдей.
11 Солай әктейтіндерге былай де: Қабырға құлайды! Жаңбыр қатты құйып, дәу бұршақ жауып, жойқын дауыл көтеріледі, сонда қабырға құлап түседі.
12 Қабырға құлаған кезде халық сендерден: «Қабырғаны әктеген едіңдер ғой, неге құлап түсті?» деп сұрамай ма?»
13 Сондықтан Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: «Мен қатты ашуланып, алапат дауыл жіберемін. Қаһарым лаулап, бұршақ пен жаңбырды жойқын күшпен жаудырамын.
14 Сендер әкпен сылаған қабырғаны Мен құлатып, жермен-жексен қыламын. Осылайша оның түп негізі ашылып қалады. Ол құлағанда, онымен бірге өздерің де құрисыңдар. Сонда Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласыңдар.
15 Осылай Мен қаһарымды қабырғаға және оны әкпен сылағандарға төгемін. Сендерге: «Қабырға да құрыды, оны әктегендер де құрыды» дейтін боламын.
16 Олар — тыныштық жоқ кезде «Иерусалимде тыныштық бола береді!» деп пайғамбарлық сөз айтқансып, аян көргенсіген жалған пайғамбарлар! Мен, Жаратушы Тәңір Ие, осыларды нық айтамын».
17 «Ал енді, пендем, өз қиялдарынан ойлап шығарып пайғамбарлық сөз айтатын халқыңның әйел жұртына қарсы шық! Оларға арнаған хабарымды жеткізіп,
18 былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Уа, адамдарды алдап-арбап, қармақтарыңа түсіретін әйелдер, сендер қасіретке қаласыңдар! Тұмар тігіп, олардың білезіктеріне байлайсыңдар, бастарына әр түрлі өлшемдегі бет перде жасап кигізесіңдер. Сендер осылай Менің халқымның адамдарын қармақтарыңа түсіріп алғанмен, өз өмірлеріңді сақтап қаламыз деп ойлайсыңдар ма?
19 Бірнеше уыс арпа мен біраз нан үшін Менің есімімді халқымның арасында қорладыңдар! Сендер өтірікке құлақ асқыш аңқау халқымды өтіріктеріңмен алдадыңдар. Осылай өлмеуге тиістілерді өлтіріп, өмір сүрмеуге тиістілерді өлімнен аман алып қалдыңдар!
20 Сол себепті Мен, Жаратушы Тәңір Ие, мынаны айтамын: Адамдарды құстай аулап қолға түсіретін тұмарларыңа Мен қарсымын! Оларды қолдарыңнан жұлып алып тастаймын. Ал өздерің құстай аулап, қолдарыңа түсіріп алған адамдарды Мен азат етемін.
21 Мен бас тұмарларды да жұлып алып, халқымды сендердің қолдарыңнан арашалап аламын. Олар енді қайтып қолдарыңа түскен олжа болмайды. Сонда сендер Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласыңдар.
22 Мен әділдерге қайғы-қасірет жібермесем де, сендер оларға өтіріктеріңді айтып, жүрексіндіріп түңілдірдіңдер. Ал зұлымдар арам істерін қоймаса да, сендер оларды жігерлендіріп, қолдадыңдар. Сол себепті теріс жолдарынан қайтпаған олар өмірлерін сақтап қалмады.
23 Сондықтан сендер енді қайтып жалған көрініс көріп, сәуегейлік айтпайсыңдар! Мен өз халқымды сендердің қолдарыңнан құтқарып аламын. Сонда сендер Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласыңдар».